Вернуться к списку статей

Неге 2017 жылы премьер-лигадан үш команда түсіп қалуы мүмкін?

Футбол
2K
2016 жылғы Өтпелі матч.
2017 жылғы Қазақстан чемпионатында премьер-лигадағы 11-ші және 12-ші орын алған командалар бірден Бірінші лигаға түсіп қалады да, 10-орынға ие болған команда “өтпелі матчта” бақ сынайды.

Өткен аптаның аяғында еліміздің Кәсіпқой футбол лигасының жалпы жиналысы өтіп, онда бүгінгі таңдағы өзекті мәселелер талқыланған-ды. Сол басқосуда қабылданған шешімдердің бірі алдағы жылғы ел чемпионатының өткізілу тәртібіне (реглдаментіне) енгізілген өзгерістер болды.

Енгізілген өзгерістердің бірі ретінде, премьер-лигада 10-орынға ие болған команданың Бірінші лигада 3-орын алған командамен “өтпелі матчта” додаға түсетіндігін айрықша атап өткіміз келеді.

Бұл дегеніміз – Қазақстан премьер-лигасындағы 11-ші және 12-ші орын алған клубтар бірден Бірінші лигаға түсіп қалады деген сөз. Ал Бірінші лигадағы 1-ші және 2-ші орын алған командалар 2018 жылы жоғарғы тобымызда, кіл мықтылар арасында ойнайтын болады.

Бұл ойланып-толғанып қабылданған шешім болуы керек. Солай шығар. Қалай десек те, себебі екеу сияқты. Біріншісі, 1-лигада деңгейі жоғары командалар баршылық. Ал, екіншісі... Жарайды жұмбақтамай, екеуін де жіктеп шығайық.

1) Өздеріңіз білесіздер, биыл Қазақстан премьер-лигасында 11-орын алған «Тараздың» Бірінші лиганың екінші командасынан ойсырай ұтылып қалды.  Бұл деңгейі бір саты төменгі тобымыздағ яғни 1-лигада азулы командалар бар екендігін білдіретіндей.

«Тараз» сол “өтпелі матчта” алаңға алты легионерін шығарды. Ал «Алтай» тек үш легионеріне сенім арта алды. Ереже солай. Әйтседе, Бірінші лиганың командасы басымдық танытты. Үстем түсті. Күмәнсіз жеңді...

2) Әлде, бұл “премьер-лигадағы командалар саны ұлғайтылып, келесі жылы 16 клуб ойнайтын болса, біз де кіл мықтылар арасында доп тебеміз”, – деп бірнеше күн, бәлкім, бірер ай көңілдері алып ұшқан төрт ұжымға жасалған «жеңілдік», берілген мүмкіндік пе?!

Қалай десек те, енді «Жетісу», «Тараз», «Қызыл-Жар» және «Каспий» клубтарының кем дегенде екеуінің, тіпті үшеуінің премьер-лигаға көтерілулеріне мүмкіндіктері бар. Алақанға көлденең түскен жолдамадан гөрі, оны шүмектетіп тер төгіп, жеңіп алған дұрыс және әділетті сияқты.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика