– Командалардың санын 16-ға жеткізе аламыз ба?
– Неге жеткізбеске? Қазір Премьер-лигада 12 клуб бар. Оған «Тараз» бен «Жетісуды» қосыңыз. Сондай-ақ, «Қызыл-Жар» да баяғыдан құлшынып отыр. «Каспийде» Премьер-лигада ойнағысы келеді.
– Бірақ «Каспийдің» Премьер-лигада ойнағысы келетінін естімеппіз. Оның үстіне, Ақтаудың спорттық инфрақұрылымы да талапқа сай емес қой...
– Оны кім айтып жүр? Ақтаудың стадионы тамаша. Алаңы жақсы. Өзім сол жақтың тумасы ретінде айтамын, олар Премьер-лигада ойнауды бұрыннан армандап жүр. Қалған ұсақ-түйектерді Премьер-лигада ойнап жүріп-ақ ретке келтіруге болады. Бюджеті де жеткілікті. Тек мүмкіндік беру керек. Қорқатын ештеңесі жоқ. «Каспий» ұятқа қалдырмайды.
– Ал Премьер-лигадағы клубтар санын көбейтсек, Бірінші лига не болмақ. Ол жақта команда қала ма?
– Мамандар ұсынып жатқан идеяны мен де қолдаймын. Бірінші лига мен Екінші лига командаларын қосып, аймақтарға бөліп тастау керек. Сол дұрыс. Ал Екінші лига дегеннің дәл қазір қажеті шамалы.
– Ертең Кәсіпқой футбол лигасында қарастырылатын тағы бір мәселе: легионерлер саны...
– Естідім. Әр клуб өз құрамына 10 легионерден қосып, оның сегізін бір мезетте алаңға шығара алатындай болуы мүмкін екен. Бұл енді шектен шыққандық қой. Мен мұны мүлдем қолдамаймын. Алаңда сегіз легионер болса, үш қазақстандық кімдер болмақ? Қалай айналдырсаң да, сол үшеудің біреуі қақпашы болады. Сонда ұлттық құраманы кімдермен жасақтаймыз? Тағы да легионерлерге жаппай Қазақстан азаматтығын береміз бе?
– Есесіне еурокубокта сәтті өнер көрсетеміз дейді бұл идеяны қолдайтындар...
– Бізде еурокубоктық додаларға төрт-ақ командамыз түседі. Ал шындап келетін болсақ, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы еліміздің екі-ақ командасына керек екені жасырын емес. Солар ғана абыройымызды қорғап жүрген. Легионерлер санын арттыру да соларға ғана тиімді. Бірақ біз бәріне бірдей қарап, қалған командалардың да жағдайын ойлауымыз керек.
– Сондай-ақ, тағы бір мәселе. Жастарға байланысты лимит...
– Ой, сұрамай-ақ қоюыңызға да болады. Жауап бергім келмейді. Мен жастарға жеңілдік жасауға мүлдем қарсымын. Кім болса да үлкен футболдағы орнын өз күшімен табуы тиіс. Әйтпесе, әбден «лимитке» сеніп алған жастар құтырып кетті. 21-ден асқаннан кейін доп теуіп кеткендері некен-саяқ. Шын мықты болса, өз орнын ешкімнің көмегінсіз-ақ табады. Осы күнге дейін жетекке алғанымыз жетер.