Вернуться к списку статей

Легионерлерді көбейту – Қазақстан футболына жасалған қастандық

Футбол
1K
Легионерлерді көбейту – Қазақстан футболына жасалған қастандық
Желтоқсанның 21-і күні елордамызда Кәсіпқой футбол лигасының жалпы жиыны өтіп, ел футболының болашағына байланысты бірқатар шешімдер қабылданады. Солардың бірі легионерлер тақырыбы болмақ. Дәл қазір арнайы комиссия легионерлер санын көбейту жайлы мәселені жан-жақты зерттеп жатыр. Егер бұл ұсыныс қабылданар болса, келесі жылы ел чемпионатында әр клубтың сапында 10 легионерден болады. Сонда өзіміздің ойыншылар қайда барады?

Жүйелей айтар болсақ, келесі жылдан бастап Премьер-лига клубтары өз командаларына 10 легионер тіркеп, оның сегізін бір мезетте алаңға шығаруға мүмкіндік алуы мүмкін. Әлбетте, ереже әлі нақты қабылданған жоқ. Бірақ, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демекші, бәрі осыған келе жатыр. Англия Премьер-лигасын көріп алған біздің кейбір отандық футбол функционерлеріміз осы идеяны тықпалап әлек. Және, бұл идеяны ақыры жүзеге асырады деген қорқыныш бар.

Бұл жаңалықтан еліміздің бүкіл футболшылары хабардар. Бәрі де алаңдап, 21 желтоқсанды күтіп жүр. Егер легионерлер санын 10-ға дейін көбейту туралы шешім қабылданар болса, көбісі кәсіпқой карьерасын тәмамдауға іштей дайын. Онсыз да қазір клубтардың көбі қазақстандықтарға келісімшарттар ұсынуға асығар емес. Бәрі де сәрсенбіні күтіп, алдымен құрамын легионерлермен толықтыруды көздейді. Содан кейін ғана қазақстандықтарға көз тігеді.


Шыны керек, қазірдің өзінде Премьер-лигада 30-дан асқан қазақстандық футболшылар бірен-саран. Есімізге тек Самат Смақов, Нұрбол Жұмасқалиев, Әлібек Бөлешов, Марат Хайруллин сынды жампоздар ғана түседі. Онда да соңғы үшеуі өз клубтарына қажет болмай қалды. Смақов та бүгін-ертең кәсіпқой футболмен қоштасуды ойлап жүр. Ал легионерлерді көбейту туралы әлгі ереже қабылданар болса, бұларға ғана емес, соңғы кездері тұралап қалған Бауыржан Байтана, Шерхан Бауыржан, Дәуренбек Тәжімбетов, Берік Шаихов, Марат Шахметов, Дамир Дәуітов, Алдан Балтаев сынды жігіттердің да бастарына қара бұлт төнуі мүмкін. Тіпті, Таңат Нөсербаев, Станислав Лунин, Асқат Тағыберген сынды мықтылар да шет қалса таңғалмаймыз. Ал Бауыржан Жолшиев Қазақстаннан сол күйі команда таппай кетуі ғажап емес.

Легионерлер санын көбейту кімге керек? Кімге пайдалы? Әлбетте, бұдан тек еурокубоктық додаларға үнемі қатысып тұратын «Астана» мен «Қайрат» қана ұтады. Басқалары қанша жерден күшенсе де, командасына мықты легионерлерді тарта қоюы екіталай. Легионерлердің санын қанша көбейтсе де, «Ордабасының» шамасы Александр Гейнрихты, ал «Ақтөбенің» әлеуеті Никита Бочаровты шақырудан ары аспайды. Сондықтан, бұл ереже бір жағынан клубтардың өздері үшін де тиімсіз. Бірақ «қанша қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» дегендей екі клуб ақыры дегеніне жететін сияқты.


Легионерлер санын көбейту - еурокубокқа қатысатын командаларға ғана тиімді

Ал ұлттық құрамамыз ше? Бұл ережеден бәрінен де қатты зардап шегетін ұлттық құрамамыз болмақ. Қазірдің өзінде бас командамыздың бас бапкерінде таңдау көп емес. Таңдаудың жоқтығынан ұлттық құрамаға Рафкат Аслан, Евгений Горячий, Елдар Әбдрахманов, Руслан Валиуллин сынды «шикі сарылар» шақырту алып жүр. Ал легионерлердің санын көбейтсек не болады? Командалар саны 16-18 болса бір сәрі, Премьер-лигада өзі 12-ақ клуб қой. Енді әрқайсысында негізгі құрамда үш қазақстандықтан ойнайды делік. Сонда 36 футболшыдан қандай ұлттық құрама жасақтамақпыз? Жастар құрамасы ше? Ол жаққа ойыншыларды Бірінші лигадан тартамыз ба? Айтпақшы, 36 футболшының бәрі сайдың тасындай іріктелген шеберлер болмайды ғой. Арасында 21-ге толмаған жастар да бар. Онымен қоса клубтар қазақстандықтардан көбіне қақпашылар мен қапталдағы ойыншыларға ғана сенім артады. Ал шабуыл мен орталық шепте үстемдік құратындардың дерлігі легионерлер. Яғни, ұлттық құрамамызға орталық шептің ойыншыларын тарту үшін ертең мәжбүрлі түрде легионерлерге Қазақстан төлқұжатын беруіміз ғажап емес.

Сондықтан, болмайтын ереже қабылдап, бар нәрсені былықтырмас үшін алдымен біздегі жағдайды толық зерттеп алған дұрыс сияқты. Екі клубымыз еурокубокта сәтті өнер көрсеткенімен ертең зардап шегетін өзіміздің футболымыз болмақ. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика