Вернуться к списку статей

Қазақстан премьер-лигасындағы ойындар санын көбейту керек

Футбол
2K
Қазақ футболында күрмеуі күрделі мәселе көп. Алматыдағы
Қазақстан футбол федерациясы ел чемпионатына біраз өзгерістер енгізуді қолға алғандай. Соның бірі премьер-лигамыздағы командаларымыздың санын арттыру болатын сияқты.

Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты таратқан деректерге сенсек, 21 желтоқсан күні Астанада еліміздің Кәсіпқой футбол лигасының жалпы жиналысы өтіп, сол басқосуда өзекті мәселелер шешілетін көрінеді.

Соның бірі, келесі жылы премьер-лигада неше клуб додаға түсетіні болады. Сондай-ақ жасыл алаңға бір ойында шығатын легионерлер саны мен жас футболшылар мәселесі де талқыланатын көрінеді.

Бүгінде ел футболы мамандары премьер-лигадағы командалар санын артыру туралы өз пікірлерін отандық басылымдар арқылы ортаға салып жатыр. Бәрі де жоғары тобымыздағы командалар санын арттырылғанын қалайтындай.

Ол дұрыс та шығар. Осындай жер көлемі ұлан-ғайыр мемлекет үшін 12 команда тым аз сияқты. Әрі көпшілік екі алтылыққа бөлініп өткізілетін доп додасынан мезі болғандай. “Себебі екінші алтылықта еш қызық қалмады” деушілер де бар.

Тек премьер-лигада 12 клуб бола ма, әлде 14 команда ойнай ма, әлі белгісіз. 2016 жылғы ел чемпионатының қорытындысы бойынша түзілген 12 ұжымға «Тараз» бен «Жетісу» ғана қосыла ма? Әлде «Қызыл-Жар» мен «Каспий» де кіл мықтылары қатарында бақ сынау құқығына ие бола ма?! Нақты жауабын екі күннен кейін білетін сияқтысыз...

Бір анығы, бізде футболшылар ойынды тым аз өткізеді. Ел ішіндегі додаларда, яғни төл чемпионатымыз бен кубок додасын қосқанда, әрі кетсе 37 ойын өткізеді. Бес айдай дем алады деуге болады. Қазақстан чемпионаты мен кубогы жеті жарым айдан сәл ғана асатын уақыт ішінде өткізіліп шығады. Ел біріншілігі кезінде бір апталық үзілістері тағы бар...

Әрине, кейбір клубтар келесі маусым дайындығын әлден бастап кетті. Бірақ қазіргі жиындарында негізінен қосалқы құрамдары жүргендей... Негізінен дайындықтары жаңа жылдан кейін басталады. Чемпионаттың қызған кезінде де аптасына ең көп болса, екі ойыннан өткізеді.

Әрине, соңғы екі маусымдағы «Астана» сияқты үш додадан (Еурокубок, Қазақстан чемпионаты және кубогы) титықтап жүретін клубтамыз да бар. Оны жоққа шығара алмаймыз. Әйтсе де, ең бастысы ойындар күнтізбесін сауатты түрде құрастырып шығу керек сияқты.

Ал Еуропадағы көптеген ойыншылар жылына 60-тан астам ойын өткізеді. Біздің елде ұлттық құраманың ойындарын қоссақ та, ең үздік ойыншыларымыздың өткізетін ойындары 50-ге де жетпейтіндей...

Премьер-лигада қанша клуб болса да, өткізетін ойындары санын көбейту керек сияқты. Өйткені жазғы үзілістерді есепке алғанда, олардың доп тебетін уақыттары жеті айға әзер жететін секілді... Ал жалақылары!!!

Мәселен, шахтерлер, кеншілер, жұмыстары ауыр және қауіпті, еңбек жағдайлары зиян жұмысшылар бір айда дем алмайтын шығар. Жалақылары туралы тағы да үндемейміз. Айтпағымыз, футболшылар бір жылда 30-40 ойынмен шектелмеулері керек сияқты.

Ол үшін екі айналымдық жүйемен қысқа қайыруға да болмайтын шығар. Ел чемпионатын өткізу ережесін егжей-тегжей талқылау қажет секілді. Қанша команда болса да, тиімді жүйесін табу керек. Бәлкім, төбесі жабық манеждер мәселесін түпкілікті шешу де керек шығар... 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика