Вернуться к списку статей

Біз тек футзалмен шектелдік – Армения мен Грузияда Еуропа чемпионаттары өтеді

Футбол
1K
Футзалдан УЕФА кубогының финалдық додасы Алатау бөктеріндегі «Алматы-Арена» спорт сарайында өтетін болды.

Кеше Ньонда УЕФА Атқару комитетінің басқосуы өтіп, онда бірқатар маңызды мәселелер талқыланып, нақты шешімдер қабылданды. Солардың бірі алдағы Еурододалардың қай елдерде өтетіндіктерін бекіту болатын.

2019 жылғы жастар, сондай-ақ 2019 және 2020 жылғы бозбалалар (U-19), жеткіншектер (U-17), бойжеткендер (U-19), қыздар (U-17) арасындағы Еуропа чемпионаттарының қай мемлекеттерде өтетіндігін бекіткен соң футзалдан 2017 жылғы УЕФА кубогының финалдық додасы Алматыда өтетін болып шешілді.

Естеріңізге сала кетейік, УЕФА кубогының «Төртеу финалында» «Интер» (Испания), «Қайрат» (Қазақстан), «Югра (Ресей) және «Спортинг» (Португалия) клубтары додаға түседі. Финалдық дода 2017 жылдың 27-30 сәуір күндері «Алматы-Аренада» өтетін болып шешілді.

Жалпы, футзалдан УЕФА кубогының финалдық додасы Алматыда екінші рет ұйымдастырылғалы отыр:
2007 жыл – Мурсия
2008 жыл – Мәскеу
2009 жыл – Екатеринбург
2010 жыл – Лиссабон
2011 жыл – Алматы (Балуан Шолақ СС)
2012 жыл – Льейда
2013 жыл – Тбилиси
2014 жыл – Баку
2015 жыл – Лиссабон
2016 жыл – Гвадалахара
2017 жыл – Алматы (Алматы-Арена)

Әрине, осындай деңгейі жоғары доданың біздің елде өтетеіндігі – үлкен мәртебе. Бірақ біз футзалмен ғана шектеліп қалғандаймыз. Мысалы, УЕФА Атқару комитетінің кешегі басқосуында бұрынғы КСРО құрамында болған елдердің үшеуінде әр жас мөлшеріндегі Еуропа чемпионатының финалдық додалары өтетін болып бекітілді:

2019 жылғы 19 жасқа дейінгі бозбалалар арасындағы Еуропа чемпионаты – Арменияда;

2020 жылғы 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионаты – Эстонияда

2020 жылғы 19 жасқа дейінгі бойжеткендер арасындағы Еуропа чемпионаты – Грузияда.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика