Сербияда футзалдан 2016 жылғы Еуропа чемпионаты басталып, Қазақстан ұлттық құрамасы алғашқы кездесуінде Ресей футзалшыларынан 1:2 есебімен ұтылып қалды.
«С» тобындағы алғашқы ойынын Ресей құрамасымен өткізген футзалшыларымыз жеңісті қолдан берген жоқ. Тіпті матч соңында азулы қарсыластарын тықсырып, екі аяқтарын бір етікке тықты...
Ашығын айту керек, біздің құрама сапында Қазақстан азаматтығын алған бразилиялықтар ерекше көзге түсті. Бірақ Ресей бізден де асып түсіпті. Олардың намысын қорғаған Бразилия футзалшыларының саны біздікінен артық. Сөйтіп олар бір голды да артық соқты...
Негізі, ойын басталғанда біздің ойыншылар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, Ресей жанкүйерлерінің үрейлерін ұшырды. Шыңғыс Есенамановтың соққысын қазақтың күйеу баласы, «Қайраттың» бұрынғы қақпашысы Густаво тойтарды. Көп ұзамай Дуглас шірене тартқан сарыала доп Ресей қақпасының маңдайшасын солқ еткізді...
Өкінішке қарай, бірінші таймның ортасы ауа біздің жігіттер екі мәрте қателесті. Осыдан екі жыл бұрын Ресей азаматтығын алған Ромула екі рет пәрменді соққысымен біздің қақпаның торын бүлк еткізді. Екеуінде де оған Лысков тамаша пас бере қойды...
Ромула қақпаның дәл алдынан бірінші голын соққан соң, біздің жігіттер алға қарай лап қойып, Ресейдің қарсы шабуыл ұйымдастыруына мүмкіндік беріп қойды. Ромула өзіне берілген екінші сәтті де мүлт жібермей, оң қапталдан ентелеп, алыстан теуіп, қуатты соққысымен қақпашымыз Игитаны қапы қалдырып кетті.
Ресей жарты минуттың ішінде екі гол соққан соң, біздің бас бапкеріміз Какау тайм-аут алып, жігіттеріміздің намыстарын жаныды. «Қамшысын» үйіріп, айқайға басты. Осылай еңселері түсіп кеткен футзалшыларымызды бір «сілкілеп» алды.
Какаудың мұнысы өте дұрыс болды. Біздің жігітер алаңға шыға сала бір гол соғып, есепті қысқартты. Қақпашымыз Игита бар пәрменімен тепкен допты гол соғуға болатын нүктені «иіскеп» тауып алатын Серік Жаманқұлов кеудесімен қақпа ішіне «сүңгітті».
Бұдан кейін есеп өзгермеді. Екі команда алма-кезек шабуылдап, бірнеше соққы бағыттады. Бірақ екі құраманың да қақпашылары өз шеберліктерін паш етіп, бәрін де тойтарып отырды.
Ойын соңында біздің құраманың ойыншылары қарқындарын үдетіп, шабуылды күшейтіп, Ресей қақпасына төніп, есепті теңестіруге тырысты-ақ. Бірақ ешқайсысы да Ресей қақпасын дәлдеп нысанаға ала алмай, қара терге түсті...
Осылай біздің құрама Құрлық біріншілігіндегі алғашқы ойынында 1999 жылғы Еуропа чемпионынан, 1996 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегерінен ұтылып қалды. Әйтсе де, футзалшы жігіттерімізге сенеміз. Келесі ойында жеңіске жетіп, ширек финалға шығады деп үміттенеміз.
Қазақстан – Ресей – 1:2
Голдар: Ромуло, 11 (0:1). Ромуло, 12 (0:2). Жаманқұлов, 13 (1:2).
Қазақстан: Игита, Довгань, Лео, Дуглас, Есенаманов – Шамро, Жаманқұлов, Першин, Сүлейменов, Гребонос, Кнауб, Пенгрин, Таку, Нұрғожин.
Ресей: Густаво, Эдер Лима, Робиньо, Шаяхметов, Давыдов – Викулов, Сергеев, Кутузов, Ромуло, Милованов, Лысков, Переверзев, Абрамов, Шакиров.
Төрешілер: Эдуарду Фернандеш Коэлью (Португалия), Фернандо Гутьеррес Лумбрерас (Испания)
Қақпаға бағытталған соққылар: 32 – 28
Тура соққылар: 7 – 7
Қиыс кеткендері: 16 – 8
Тойтарылған соққылар: 9 – 13
Қақпа маңдайшасынан кері қайтқаны: 1 – 0