Вернуться к списку статей

“Алтай” құрамын екшеп жатыр – Шығыс әлі “шарықтайды”

Футбол
1K
Жасұлан Молдақараев (оң жақта доппен) енді
Алдағы маусымда премьер-лигада бақ сынайтын «Алтай» футбол клубы құрамын екшеп, өз сапына басқа командалардан да ойыншылар тартып, кіл мықтылары арасындағы бәсекеге қабілетті команда жасақтауға кірісті.

Осыдан бірнеше күн бұрын «Алтай» футбол клубының әлеуметтік желідегі ресми парақшасы команда сапына Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы қосылғандығын мәлімдеді. Атап айтқанда, биыл Көкшетаудың «Оқжетпес» клубында ойнаған Жасұлан Молдақараевпен келісімшартқа отырғандай.

Жасұлан – негізі, Қызылорданың «Қайсар» клубының түлегі. Биыл жаз Қырғызстан құрамасымен өткен жолдастық кездесуде алғаш рет ұлттық құрама жейдесін киіп алаңға шықты. Сол кездесуде бір тайм толық ойнап шықса, Дания құрамасымен өткен ресми матчта 31 минут өнер көрсетті. Ел чемпионатында 31 ойын өткізіп, алты гол соққан.

Команда капитаны Андрей Карпович клубпен арадағы екеуара келісімшартының мерзімін ұзартыпты. Сондай-ақ қақпашылар Вячеслав Котляр мен Дмитрий Колбунцов, қорғаушылар Пламен Димов пен Дмитрий Шмидт, жартылай қорғаушы Константин Заречный келесі жылы да шығысқазақстандықтардың намысын қорғайтын болып, жаңадан келісімшартқа отырған көрінеді.

“Шабуылшы Алексей Шакин де команда сапында қалады” деген ақпарат тараған. 14 гол соғып, Бірінші лиганың сұрмергені атанған шабуылшыны «Алтай» ешқайда жібере қоймайтын шығар...

Сондай-ақ, «Алтай» футбол клубы Сергеем Шаффпен және Әлібек Сакеновпен де келіссөздер жүргізіп жатқанын әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жариялады. Әрі “команда құрамына жаңа ойыншылар да тартылады, біз Қазақстан трансфері нарығын елең еткізіп, таң қалдырамыз» депті. Ендеше, шығыстан таңғажайып трансферлер күтеміз...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика