Вернуться к списку статей

Серікжан Мужиков – Клубтарымыз қаншалықты қарымды болса, ұлттық құрамамыз да соншалықты мықты болмақ

Футбол
1K
Серікжан Мужиков -
Өткен маусымның үздік ойыншыларының бірі – «астаналық» Серікжан Мужиков. Жартылай қорғаушы ішкі чемпионат пен еурокубок ойындарында ғана емес, ұлттық құрамамызды да өрге сүйреп, команданың көшбасшысы бола білді. Қаратау құрамасының бас бапкерінің өзін сескендірген футболшымен елордалық клубтың баспасөз қызметі сұхбат дайындаған екен. Соның үзіндісін сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

– Серікжан, балалық шақта кімге еліктеп өстіңіз?

–   Ой, бала кезімізде кімге еліктемедік?.. Бразилиялық ойыншылардың барлығы мен үшін керемет еді (күледі). Қазіргі таңда Месси, Иньеста, Неймар сынды әлемдік футбол жұлдыздарының ойындары ұнайды.

– Қазір елордалық клубтың сапындасыз. Қалай ойлайсыз, «Астана» ненің арқасында 3 жыл қатарынан Қазақстан чемпионы атанды?

–     Ең бастысы – ауызбіршілік. Тұтас команда болып жақсы ойын көрсетуіміздің нәтижесі осы. Одан бөлек, бас бапкеріміздің жасап жатқан ерен еңбегін айтпай кетуге болмас. 

–     Ал командада кімді үздік деп атар едіңіз?

–     Он бір ойыншы – бәріміз бірдейміз, бәріміз біргеміз. Біздің басқа командалардан ең басты артықшылығымыз – ауызбіршілік.

– «Астана» жанкүйерлері туралы не айтасыз?

– Өз басым еурокубоктық ойындарда ғана жанкүйерлер қолдауын жақсы сезінемін. Біздің еврокубоктардағы жетістіктеріміз, әрине жақсы. Дегенмен, Қазақстан чемпионатының мәртебесі өсу үшін жанкүйерлер барлық ойындарға келіп, бізге қолдау көрсетсе керемет болар еді.

– «Астана» сапында ойнап жүріп ұлттық құрамаға шақырту алдыңыз. Қазақстандық ойыншылардың деңгейінің өсуіне еурокубоктардағы ойындардың әсері қаншалықты?

– Біздің команданың былтыр тұңғыш рет Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шыққанын білесіз. Биыл да сол жолдан жаңылмай, Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетіп жатырмыз. Еуропаның бетке ұстар командаларына қарсы тұру, олардың ойыншыларымен бір алаңда доп тебу қазақстандық ойыншылар үшін үлкен тәжірибе. Осы орайда, еурокубоктық ойындарда отандық командалардың көптеп өнер көрсетуі, жоғары жетістіктерге жетуі – ұлттық құраманың жақын болашақта жақсы нәтиже көрсетуінің кепілі болады деп ойлаймын.

– Маусым аяқталуға жақын. Осы жылға қандай баға бересіз? Алдағы маусымға жоспарыңыз қандай?

– Бұйырса Швейцарияда өтетін соңғы матчта жеңіске жетуге тырысамыз. Маусымға келер болсақ, жаман болмаған сияқты. Ел чемпионы атандық. Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықтық. Жалпы өзімнің осы маусымдағы ойыныма көңілім толады. Дегенмен, ең басты бағаны жанкүйерлер мен бапкерлер құрамы береді деп ойлаймын. Алдағы жылға келер болсақ, жоспар өте көп. Биылғы жеткен жетістікпен тоқтап қалмай, жоғары нәтижеге жету үшін аянбай жұмыс жасайтын боламыз. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика