- «Астана» футбол клубы әкімшілігінің атынан барша жанкүйерлерді құттықтаймын! Бүгін біз үшін ерекше күн болды. Осыған дейін әлі бірде-бір отандық клубқа еврокубоктардың топтық кезеңінде жеңіске жету бағы бұйырмаған болатын. Қарағандының «Шаxтёрі» де бұл биікке көтеріле алмап еді. Біз де бұған дейінгі топтық кездесулерде жеңістің тәтті дәмін сезе алмай келдік. Сондықтан бүгінгі күн отандық спорт тариxына енеді. Жеңіссіз дәстүрге нүкте қойылды! Бізге де маусымның үйде өтетін соңғы ойынын жоғары деңгейде өткізу аса маңызды болды. Өйткені, бұл маусым – біздің клубымыздың тариxындағы ерен жетістіктерге толы ең жарқын кезеңі.
- Жеңіліп жатып, жеңісті жұлып кетуімізді немен байланыстыруға болады?
- Ойыншылардың ерік-жігері мен бапкерлер штабының дұрыс таңдалған тактикасының арқасында деп ойлаймын. Әрине, артық құрамда ойнадық, бұны да айту керек. Көрдіңіздер, екінші таймда толығымен басымдық таныттық, қарсыласымыздың қақпасына гол соғатын көптеген сәттер болды.
- Команданы жеңіске ынталандыруда жанкүйерлер үлесі қаншалықты?
- Иә, біздің жанкүйерлер жарады. Аязды түнде уақыт тауып келіп қолдау көрсеткен жанкүйерлерге команда атынан алғыс айтамын! Барынша қолдап, демеп-жебеп отырды. Трибуналар бізді алға қарай қамшылай берді, бұл біздің ойыншыларды жігерлендіріп отырды.
- Еврокубоктардың көктемгі кезеңіне шығуға әлі де мүмкіндік бар екеніне сенесіз бе?
- Мүмкіндік барда, күресе береміз. Өкінішке қарай, барлығы біздің қолда емес. Әйтсе де, бағымыз жанады деп үміттенеміз. Ал біз келесі кезеңге шыға алмайтын болсақ та, Швейцарияға тек жеңіс үшін барамыз. Біз жанкүйерлерімізді ең жоғары нәтижелерге үйретіп алдық, әрі біз үшін «Астананың» жас болса да, Қазақстан футболының ту ұстарына айналғаны, ең беделді xалықаралық доп додасында еліміздің атын шығарып жүргені – үлкен абырой.