Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – Біз бұл футболшылармен мақтануымыз қажет

Футбол
1K
«Астана» – «Апоэл» кездесуінен кейінгі баспасөз мәслихатында журналистер алаң иелерінің бас бапкері Станимир Стойловты ду қол шапалақпен күтіп алды. Өз кезегінде болгар маманы соңғы турда да жеңіске жетуге тырысатындықтарын айтты.

– Еурокубоктың топтық кезеңіндегі тұңғыш жеңісімізбен барша қазақстандықтарды құттықтаймын. Бұл – тарихи жеңіс. Футболшыларым да жарады. Енді алда тағы бір ойын қалды. Түзде швейцариялықтарды да жеңуге тырысамыз. Егер футболшыларым дәл бүгінгідей жігерліктерін, құлшыныстары мен қайсарлықтарын көрсете алар болса, «Янг Бойзды» да жеңеміз. Жалпы, тамаша матч болды. Бірінші таймда қонақтардың бір ойыншысы алаңнан қуылмай тұрғанда да жақсы ойнап, кипрліктерді қысып тастағанбыз. Иә, олардың голы керемет болды. Бас шайқарлықтай, қол соғарлықтай голды соқты. Дегенмен, ойын тізгінін толығымен өз қолымызда ұстадық. Сондықтан, таблодағы есепті әділ деп санаймын.

– Станимир, бүгін команда неліктен позициялық шабуылдарға иек артпады? Соққыларымыздың дарымай жатуы не себеп болды?

– Меніңше бүгін «Астана» жеткілікті көлемде шабуылдар ұйымдастырды. Дегенмен, Еуропа лигасының топтық кезеңінде осал команда болмайды ғой. «Апоэл» де тәжірибелі ұжымдардың бірі. Соған қарамастан біз бүгін олардан әлдеқайда жақсы ойнап, тамаша шабуылдар ұйымдастыра білдік. Тек, өкінішке қарай, әлі күнге мүмкіндіктеріміздің барлығын голға айналдыру мәселесін шеше алмай келеміз. Оның үстіне, екінші таймда алаңға қосылған Таңат Нөсербаев пен Азат Нұрғалиевтің ұзақ жарақаттан кейін қатарға қосылып отырғаны енді ғана. Абзал Бейсебеков те өзіне тән шепте ойнаған жоқ.

– Егер қонақтардың ойыншысы қызыл қағаз алып, алаңнан қуылмағанда ойын қалай аяқталар еді деп ойлайсыз?

– Ол жағын айта алмаймын. Десек те, қызыл қағазға дейін де ойын тізгіні біздің қолымызда болып, шабуылдарды жиірек ұйымдастырып жаттық. Ал «Апоэлдің» голы сөз жоқ, тамаша орындалды. Тоғыздыққа дәл қадалды. Мұндай голдарды үш жылда бір көресің. Әлгі қызыл қағазға қайта оралар болсақ, төреші дұрыс шешім қабылдады. Кабананга қақпашымен жеке-дара шығып бара жатыр еді, кипрлік ойыншы аяқтан шалып құлатты. Бір жағынан төрешілердің беті бері қарай бастағанына да қуаныштымын. Әйтпесе, бұған дейін қит етсе болды, төрешілер біздің ойыншыларымызды жазалайтын. Демек, «Астананың» Еуропада беделі артып келеді.

– «Астана» әрдайым «Апоэлге» қарсы сәтті ойнап келеді. Бұларды біздің клиентіміз дей аламыз ба?

– Олар Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде 4-5 рет ойнаған. Тағы осынша рет Еуропа лигасының да топтық кезеңіне шыққан. Өте тәжірибелі команда. Ал біз болсақ, енді ғана аяқтан тұрып келе жатырмыз. Рас, бұларға қарсы тәп-тәуір ойнаған шығармыз. Дегенмен, бізге әлі Еуропадағы беделімізді арттыра түсу қажет. Бізді барлық клуб сыйлайтындай дәрежеге жетуіміз керек.

– Станимир, бүгінгі ойында Патрик Твумасидің алаңда жоқтығы білінді ме?

– Біздің әрбір ойыншымыз өте маңызды. Дегенмен, алаңға шыққан ойыншылар да негізгі құрамға лайық. Бір-бірінің орындарын жоқтатпайтын шеберлеріміз жетерлік. Рас, Патриктің жоқтығынан Абзал Бейсебеков сынды кейбір ойыншыларға өз қапталында емес, басқа шепте ойнауға тура келіп жатты. Алайда, жеңіске жеткендіктен бе, Патриктің жоқтығы қатты білінді деп айта алмаймын. Бәлкім, жеңіліп қалсақ, Твумасиді жоқтыңы байқалар ма еді.

– Бүгінгі матчтың қаһарманы деп Джуниор Кабананганы айта аламыз ба?

– Бәрі де жеңіс үшін барын салды. Қол қусырып жүрген ешқайсысы болған жоқ. Сондықтан, ешкімді бөле-жара атағым келмейді. Біз бірге болсақ қана мықтымыз. Егер бүгін Джуниор гол соға алғанда әңгіме басқаша болар еді

– Станимир, сіздің де өзіңіздің «арман құрамаңыз» бар шығар. Сол командаңызға «Астана» сапынан кімдерді қосар едіңіз?

– Бәрін. Осында қызмет етіп келе жатқаныма 2,5 жылдай болыпты. Осы аралықта «Астананы» шын жүрекпен жақсы көріп үлгердім. Мен үшін футболшыларымның бәрі де қаһарман. Олар ешкімнің қолынан келмеген жетістікке қол жеткізді. Мұндай ойыншылармен мақтану қажет. Осы команданы келесі маусымға да сақтап қалғым келеді. Бәлкім, сәл-пәл күшейту қажет болатын шығар. Екі-үш позицияға жаңа ойыншылар алармыз. Алайда, мына құрамдағы ойыншылардың барлығын мен өзімнің «арман командама» қосар едім. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика