Вернуться к списку статей

"Астана" маусымды қорытындылап, үздіктерін марапаттады

Футбол
1K
Биыл ел чемпионы атанып, Қазақстан кубогын жеңіп алған елорданың «Астанасы» маусымды қорытындылап, үздіктерін марапаттады. Дегенмен, команда үшін футбол маусымы әлі аяқталған жоқ.

Жанкүйерлер мен журналистер және футбол ардагерлері қатысқан мерекелік шарада Қазақстан эстрадасының жұлдыздары мен ресейлік әншілер өнер көрсетіп, әр номинация бойынша команданың үздіктері анықталды.

Көрермендер көзайымы – Патрик Твумаси;

Клубқа адалдығы үшін – Таңат Нөсербаев пен Дмитрий Шомко;

Жылдың ең жарқын сәті – Марин Аничичтің «Жальгирис» қақпасына соққан голы;

Ең үздік жаңа ойыншы – Юрий Логвиненко;

Ең әсем гол – Агим Ибраимидің «Селтик» қақпасына соққан голы;

Үздік ойыншы – Ненад Эрич.

Футболшылар мен бапкерлер алқасына медальдар мен кубоктарды Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының президенті Бағлан Ергешев пен Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Қаныш Әубәкіров табыстады. Ал клубтың бас менеджері Саян Хамитжанов футболшылар мен жанкүйерлерді құттықтап, команданың жеңісіне үлес қосқан барша азаматтарға алғысын білдірді. Айтпақшы, марапаттау рәсіміне «Астана» сапында жарты маусым өткізген қорғаушы Евгений Постников пен Алексей Щеткин де қатысты. Сондай-ақ, биыл «Ертісте» ойнап, «Астанаға» келесі маусымда ғана қосылатын шабуылшы Роман Муртазаевты да көзіміз шалып қалды.

Алайда, «Астана» үшін футбол маусымы әлі аяқталған жоқ. Елордалықтар алдағы бейсенбіде Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында Израильдің «Апоэл» клубын қабылдайды. Ал одан кейін жерлестерімізді Швейцарияда «Янг Бойз» күтіп тұр.

Иә, «Астана» биыл «алтын дубль» жасады. Дегенмен, мұнымен тоқтап қалуға әсте болмас. Бірінші ретте клуб инфрақұрылымға көңіл бөлуі қажет. Чемпиондық бір күндік қуаныш, бірақ болашақты да ойлау керек. «Астана» басшылығы бұл мәселені де қолға алады деп үміттенеміз. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика