Вернуться к списку статей

“Астана” – 2016 жылғы еліміздің ең үздік клубы

Футбол
1K
«Астана» футбол клубы биыл Қазақстан чемпионатында да топ жарып, ел кубогын да жеңіп алып, теңдессіз танылды. Аяқдоп өнерінде мұндай ерен жетістікті “алтын дубль” дейді.

«Астана» футбол клубы биылғы ел чемпионатында “шу” дегеннен алға шығып, қара үзіп кеткен. Бірақ чемпионат көмбесі көріне бастағанда, титықтап қалды ма, әлде “тазы” болып шалуға кірісті ме, әйтеуір ізіне түскен «Қайратты» өзіне жақындатып алды.

Әсіресе, екеуара матчтардың үшеуінде ұтылып, көпшіліктің пікірі екі айырылды. Кейбіреулер «Алматы клубы енді екпін алды, елорда командасын ұтып кетулері – заңдылық» десе, баз біреулер «астаналықтар үш додада бақ сынап жатқандықтан, күш-жігерін босқа сарқ еткілері келмейді, шындаса, алматылықтарды жеңе алады» деп көп даурықты.

Сондықтан маусым соңында өткен ел кубогы финалы осы пікірлерге нақты жауабын беруі керек еді. Бір қызығы, финалдық ойын Алматыда өтетін болып шешілді. Бұл шешім «федерация елордалықтарға болысады» деп дақпырт шығарып, әсірелеп жүргендердің ауыздарына қақпақ болды.

Өкінішке қарай, финалдық ойын көпшілік күткендей, табиғи жасыл желек үстінде өткен жоқ. Ұйымдастырушылар қанша тырысса да, толассыз жауған ақша қар алаңды басып қалып, ойын өте қолайсыз жағдайда өтті.

Жасыл желек үстін қардан тазартып үлгеру мүлде мүмкін болмай қалды. Көп мақтаған алаңның жылыту жүйесі де табиғаттың тосын құбылысына төтеп бере алмады. Тіпті ұйымдастырушылардың жасыл алаңды көбік қардан тазалайтын техникалары да, адамдары да жеткіліксіз болып шықты...

Көбік қар үстінде өткен матчта «Астана» клубы бір доп айырмасымен жеңіске жетті. Елорда клубының ойыншылары қайсарлық пен жігерліктің үлгісін көрсете білді. Әрі қорғаныстарының топсасы берік екендігін іс жүзінде дәлелдей алды.

Сондай-ақ, «Астана» клубы Еурокубок додаларында да ел намысын абыроймен қорғап, Еуропа лигасының топтық кезеңінде додаға түсіп жүр. Ал қалған үш клубымыз (орардың бірі – «Қайрат») електік сатылардан өте алмай қалған.

Сөйтіп, «Астана» футбол клубы биыл чемпион да болды, ел кубогын да жеңіп алды. Ал «Қайрат» екеуінде де – екінші. Дегенмен, екі клуб арасындағы қызу бәсеке мұнымен шектелмейді. Ол – анық.

Келесі маусымда «Астана» мен «Қайрат» арасындағы кездесулердің биылғыдан да тартысты бола түсетініне ешкім де шүбә келтіре алмас. Сөйтіп, жыл өткен сайын осы екі команда арасындағы бәсекелестік қыза түсуде.

2016 жылғы ресми қорытынды деректер:

2016 жылғы Қазақстан кубогының жеңімпазы – «Астана».

2016 жылғы Қазақстан чемпионы – «Астана»

2016 жылғы күміс жүлдегер – «Қайрат»

2016 жылғы қола жүлдегер – «Ертіс»

Премьер-лигадан Бірінші лигаға түсіп қалғандар – «Жетісу», «Тараз»

Премьер-лига жолдамасын жеңіп алғандар – «Қайсар», «Алтай»

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика