«Астана» биыл Қазақстан чемпионатында 18 гол соғып, мергендер тізімінде екінші орыннан көрінген Роман Мұртазаевты сапына қосты. Клубтың шабуылшымен үш жылға келісімшартқа отырғандығы тамыз айының аяғына таман белгілі болған. Енді ресми түрде елорда клубы сапына қосылып отыр.
Роман Мұртазаев 1993 жылы 10 қыркүйекте Қарағандыда туған. «Шахтер» және «Ертіс» командаларының сапында ойнады. Кеншілер клубы құрамында Еурокубок додасында да алаңға шыққан. Ұлттық құрама сапында бес ойын өткізген.
Содан соң елордалықтар құрамдарына қорғаушы Евгений Постниковті қайтарып алды. Ол жазғы трансферлік кезеңнен бері команда тізімінен тыс қалған болатын. Жалпы, үш дүркін Қазақстан чемпионы сапында 88 ойын өткізген. 1986 жылы 16 наурызда туған.
Ал «Қайрат» қорғаушы Елдос Ахметовпен үш жылдық келісімшартқа отырды. Ол 1990 жылы 1 маусымда туған. «Ертіс», «Тараз» және «Астана» клубтарында ойнады. Биылғы маусымда «Ертістің» сапында 23 ойын өткізіп, төрт гол соқты. Қазақстан ұлттық құрамасының – негізгі құрамдағы қорғаушысы.
Үш ойыншы да Қазақстан кубогының финалына дайындалып жатқан «Астана» мен «Қайрат» сапында жаттығып жүр. Ертең олардың алаңға шығатын, шықпайтындары жайлы нақты ақпарат жоқ.