– Ұлттық құрамамызға шақырылған футболшылардың тізімін қарап шықтым. Талғат Байсуфинов еліміздегі барлық мықты ойыншыларды шақыруға тырысқан. Қолда бар мықтылар осы, - деп бастады Константин Владимирович.
– Ал ойыннан не күтесіз?
– Екі команда үшін де оңай ойын болмайды. Даттардың да жағдайлары қазір мәз емес. Турнир кестесінде бізден бір ғана саты жоғары тұр. Сондықтан, әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алу үшін оларға міндетті түрде жеңіс қажет. Оның үстіне, өз алаңында даттардың қолдауы мықты болады. Төрешілер тарапынан да жеңілдіктер күте алмаймыз. Сондай-ақ, қазір Данияда жанкүйерлер бас бапкерлерін қатты сынға алып жатыр. Егер қазақтардан ұпай жоғалтса, бас бапкері орнынан кетуі мүмкін. Бұл да олар үшін екі есе стимул. Жақында Еуропада жаттықтырушылар жиынына барып қайттым. Сонда біздің топта даниялық мамандар да болды. Пікір алмастық. «Біздің құрамада қазір буын алмасу жүріп жатыр. Бұрынғыдай Микаэль Лаудруп, Петер Шмейхель, Йон Даль Томассон сынды белгілі бір лидерлердің төңірегінде ғана ойынды жүргізбейміз. Тактикаға қатты көңіл бөлеміз» деген еді. Сондықтан, алаң иелері қандай тактикамен алаңға шықса да бәріне дайын болатындай болуымыз керек.
– Сонда Данияға қарсы қалай ойнағанымыз дұрыс?
– Өз ойынымыздан жаңылмауымыз керек қой. Талғат Байсуфиновтің бұл матчқа қандай тактика дайындағанын білмеймін. Бірақ сол ұстанымнан айнымау қажет.
– Шынын айтсам, «өз ойынымыз» дегенді түсінбей отырмын. Біздің құраманың ойыны қандай?
– Өз ойынымыз дегенде алаң иелерінің еркіне жығылып кетпеу керек. Әу баста қандай тактиканы көздесек, соңына дейін соны алып шығуымыз қажет. Иә, ойынның өрбуіне байланысты матч барысында өзгерістер болып тұруы мүмкін. Бірақ даттардың ырқына жығылып кетпеуді көздейік. Тағы бір айта кетерлігі, біздің жігіттер бірінші кезекте патриоттық мақсатта, жанкүйерлерін жерге қаратпау үшін ойнайды. Сондай-ақ, мұндай деңгейдегі матчтарда әлемдік скауттардың болатынын да ұмытпайық. Жақында Еуропада трансферлік терезе ашылады. Бұл ұлттық құрамамыздың биылғы жылғы соңғы ойыны болғандықтан, осы матч жігіттер үшін өздерін барынша жақсы жақтарынан көрсетіп, Еуропаның еңселі командаларына ауысуға соңғы мүмкіндік. Кім біледі, осы ойыннан кейін арасында бір-екеуі шетелдік клубтарға ауысып кететін де шығар.
– Осының алдындағы түздегі ойында біз Қаратау құрамасынан 0:5 есебімен ойсырай ұтылғанбыз. Бүгінгі кездесуде де сондай ірі есептің тіркелетінінен қауіптенетіндер аз емес. Сіз қандай есеп күтесіз?
– Кері тарта беруге болмайды. Егер өткен жеңілісті қаузай беріп, тек сол сәтсіздіктің айналасынан шыға алмайтын болсақ, бізді алда ешқандай жақсылық күтпейді. Жақсы жақтарын да көре білуіміз керек. Барлық нәрсеге кішкене позитивпен қарайық. Мәселен, Қаратаудан 0:5 есебімен ұтылғанымызбен келесі кездесуде өз алаңымызда румындармен тең түстік. Тіпті, ұтып кетуге шақ қалдық. Демек, ұлттық құрамамыздың бапкерлер алқасы Қаратаудағы сәтсіздіктен қорытынды шығара білді ғой. Сондықтан, бүгінгі ойыннан да өзімізге қажетті жақсы есеп күтемін.
– Біздің топта Дания үш турдан кейін небәрі үш ұпаймен бізден бір ғана саты жоғары тұр. Сізді бұл жайт таңғалдырмай ма?
– Жоқ, таңғалмаймын. Өйткені, соңғы кездері әлемде ұлттық құрамалар деңгейі ақырындап теңесіп келе жатыр. Бұрын бір команда екіншісін оннан астам гол айырмашылығымен жеңе беретін. Қазір қайсысы аутсайдер, қайсысы фаворит екенін ажырату қиын. Бұған соңғы Еуропа чемпионаты да дәлел. Оның үстіне, біздің топта командалардың деңгейлері шамалас. Дегенмен, Дания әлі де әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алудан үмітті деп ойлаймын.
– Біз Дания құрамасымен бұған дейін екі рет кездесіп, өз алаңымызда 1:2 есебімен, түзде 0:3 есебімен ұтылғанбыз. Содан бері командалардың ойын өрнектері қаншалықты өзгерген?
– Соңғы кездері Дания ұлттық құрамасының ойындарын аса көп бақыламағандықтан өзіміздің командаға тоқталайын. Халықаралық ойындарда көбірек тәжірибе жинақтағандықтан шығар, қазір біздің футболшылар доптан қорықпайды. Мұның бәрі көп жағдайда клубтарымыздың Чемпиондар және Еуропа лигасындағы сәтті ойындарының арқасында. Сондай-ақ, мұның алдындағы бас бапкер Юрий Красножан да Қазақстан құрамасының күшеюіне біраз септігін тигізді. Барлық ойында үш ұпайдан алмаса да, оңай шағылар жаңғақ емес екенін дәлелдеді. Сондықтан, қазіргі ұлттық құрама осыдан 11 жылғымен салыстырғанда әлдеқайда мықтырақ.
– Красножан туралы сөз қозғап қалдыңыз. Қазір кейбір сарапшылар Талғат Байсуфиновтің тек Красножан жасап кеткен ойын мәнерін одан әрі жалғастыруда дегенді айтып жатыр. Сіз де бұл пікірмен келісесіз бе?
– Красножанның ұлттық құрама ойынын сәл де болса күшейтіп, тактикасын дұрыс жолға қойып кеткені рас. Бас командамыз сол жолмен келе жатыр десек те қателеспейміз. Сондықтан, мен бұл жерде Байсуфиновті жақсы түсінемін. Дегенмен, кейбір сарапшылардың «Дайын нәрсеге тап болды» деген пікірлерімен келіспеймін. Талғат Маруанұлының қазіргі мақсаты – ұлттық құрамамыздың ресейлік маман салып кеткен ойын өрнегін бүлдірмей, өзінің де қолтаңбасын қалдыру. Бұл міндетті ол жақсы атқарып жүр. Бұған соңғы Польша және Румыния құрамаларымен болған кездесулер дәлел.
– Жалпы, Қазақстан құрамасы осы топта қай командаларды жеңіп, қайсыларынан ұпай алуға міндетті?
– Мына команданы ұтуымыз керек, мынадан ұпай ала аламыз деп кесіп айтуға болмайды. Бәрі де өзіміз шамалас құрамалар ғой. Рас, Польша – біздің топтың фавориті. Бірақ олармен де тең ойнадық. Жалпы, өз жерімізде кез-келген командадан ұпай ала аламыз. Міндеттіміз. Арменияны ұтуға болады. Алайда, бәрі де ұлттық құрамамыздың дәл сол кездегі жағдайына байланысты болмақ.
– Қазақстан ұлттық құрамасына 2018 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алу мақсаты қойылып отыр. Тапсырманы орындауға шамамыз жете ме?
– Шамамыз жете қоймас. Дегенмен, мұндай тапсырмалар қойылуы керек. Онсыз болмайды. Футболшылар кез-келген ойында алаңға жеңіс үшін шығады ғой. Тіпті, аулада достарыңызбен бірге доп тепсеңіз де, жеңуді мақсат тұтасыз. Сол секілді, ұлттық құрама да алдына асқақ мақсаттар қоя білуі тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, ойын бүгін, яғни қарашаның 11-інен 12-сіне ауған түні сағат 1:45-те басталады. Матчтың тікелей трансляциясын "Қазақстан" ұлттық арнасы ұсынады.