Бүгін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ұлттық бюросы өздерінің ресми сайттарында осындай ақпаратты жариялады.
Тергеу барысында «Ақтөбе» футбол клубының бас директоры Дмитрий Васильевтің заңсыз жолмен 300 миллион теңге жымқырғаны белгілі болды. Бұл сомманы Васильев сыйақылар есебінен жымқырған. Яғни, клуб басшысы футболшылар мен бапкерлер алқасына сыйақыларды заңсыз беріп отырған. Ал өзінің «сыйақысын» жекелей анықтап отырған.
Сонымен қатар, тергеу барысында клубтың ел чемпионатының үздік алтылығына шыққаны үшін 69 миллион теңге заңсыз сыйақы бөлінгені анықталды. Осының ішінде клуб басшысы 15 миллионды өзіне алған.
Дәл қазір Дмитрий Васильев Қылмыстық процессуалдық кодекстің 128 бабы бойынша қамауға алынды.
Естеріңізге сала кетейік, ресейлік «гастарбайтер маман» «Ақтөбе» футбол клубының директоры болып 2015 жылдың 6 желтоқсанында тағайындалған. Клуб биылғы маусымды бар болғаны 6-орында аяқтап, Васильевтің өзі біраз сынға ұшыраған.