Вернуться к списку статей

Қазақстан кубогы қалай мәртебесінен айрылды

Футбол
1K
Қазақстан кубогы қалай мәртебесінен айрылды
Кеше елордамызда өткен «Астана» – «Ертіс» кездесуінде Ел кубогының қалай мәртебесінен айрылғанына куә болдық. Қатты айтсам, кешірерсіздер, кубоктық бәсекені «Астана-Арена» стадионында жерлеп қайтқандай әсердемін.

Жоқ, ойынды көргеніме өкінбеймін. Тартысты тамаша кездесу өтті. Алма-кезек шабуылдар, голдардың небір түрі. Екі жақ жабылып жүріп жанкүйерлерге сегіз гол сыйлады. Көптен бері мұнша доптың қақпаға соғылғанын көрмеген көрермен үшін бұл да керемет. Дегенмен, шыны керек, ойыннан айызымыз қанатындай ләззат ала алмадық. Иә, «Астана» мен «Ертіс» сынды еліміздің ең еңселі командаларының ойыны, оның үстіне, Қазақстан кубогының жартылай финалы. Былай қарасаңыз, бәрі де көңілден шығуы тиіс. Алайда, шыны керек, Премьер-лига клубтарының емес, қосалқы құрам арасындағы Екінші лига командаларының кездесуін тамашалағандай әсерде отырдық.

«Ертіс» сапында сегіз ойыншы негізгі құрамдағы алғашқы ойынын өткізіп, оларға алаң жиегінде нұсқауды қосалқы құрамның жаттықтырушысы Сергей Климов беріп отырды. Ал бас бапкері Димитар Димитровты VIP-ложадан көзіміз шалды. «Астана» да жартылай резервті құрамын шығарды. Яғни, алаң иелерінің қатарында да әшейінде алаңға шыға бермейтін алты футболшы ойнады.


Елордалықтарды түсінеміз, құрамының жартысынан астамы жарақат алған. Оның үстіне, таяуда ғана Еуропа лигасының ойынын өткізді. Футболшылары тынығып та үлгерген жоқ. Сондықтан, Станимир Стойлов негізгі құрамдағы екі-үш сау ойыншысына демалыс берген болуы тиіс. Қалғандары «ақсақ». Ал «Ертістікі» дені сау адамның ісі емес қой. Өзін сыйлайтын клуб ел кубогына мұрын щүйіре қарамауы тиіс қой. Жоқ, біз жастардың үлкен ареналарға шығып ысылғандарын қалаймыз. Бірақ, оның да өз жөні болады ғой. Басқа-басқа кешегі ойын жастардың тәжірибе жинақтайтын текетіресі емес еді. Сөйтсек, ойыншыларының көбісінің келісімшарттары бітіп қалыпты. Оны ойыннан кейін павлодарлықтардың жаттықтырушысы Петар Колев айтып берді.

– Ойыншылардың келісімшарттары қазан айының соңында аяқталып қойған. Неге бұлай болғанын айта алмаймын. Бұл клуб басшылығының құзырындағы мәселе. Ал жартылай қорғаушымыз Шота Григалашвилидің қалай хаттамаға енгенін білмеймін. Ол да өз еліне кетіп қалған, - деді ол. 

Осыдан-ақ «Ертіс» футбол клубына ел кубогының керек еместігін түсінесіз. Шынымен де артық шығынды қайтсін, онсыз да Еуропа лигасының жолдамасын иеленіп қойды ғой. Ал кубок жартылай финалға шыққан төрттіктің ішінде тек «Атырауға» ғана ауадай қажет болды. Бірақ оларға «Қайратты» жеңу мүмкін емес шаруа еді.


Жалпы бұған дейін ел кубогының жартылай финалдық ойындары ел чемпионаты аяқталып қойғанша өтіп қоятын. Биыл неге ойындар кестесін түзгенде жартылай финалдың жауапты ойындарын осыншалықты кешке қалдырғаны түсініксіз. Өйткені, маусым басында көптеген командалардың футболшылармен бір жылдық келісімшартқа отырарда артық ақша шығындамас үшін Премьер-лига ойындарын ғана есепке алатынын өздері де жақсы біледі ғой. Ендеше бұған бірінші ретте маусымның ойындар кестесін түзгенде ағаттық жіберген Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы жауапты. Жартылай финал текетіресін ел чемпионаты аяқталғанша өткізіп алып, финалды Премьер-лиганың соңғы турынан кейінгі аптада бірден ұйымдастырып жібергені абзал еді. Сонда командалар кешегі «Ертіс» секілді бейшараның күйін кешпес еді. Немесе, «клубтар футболшылармен кемінде қараша айының соңына дейін келісімшартқа отырсын» дегенді Регламент жүзінде бекіттірсін.

Әйтпесе, ел кубогы шынымен де мәртебесінен айрылып барады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика