Вернуться к списку статей

Екінші алтылық – Қай клубтан үстем түсті және қайсысына есесі кетті

Футбол
1K
Екінші алтылықтың үздіктері –
Қазақстан премьер-лигасындағы әр клубтың қай командадан үстем түсіп, қайсысына есе жіберіп алғанындығын одан әрі жалғастырамыз.

Бүгін екінші алтылықтағы командалардың қай клубтан мейілінше көп ұпай алып, қайсысынан көп ұтылғандығына тоқталып өтпекпіз. Әрі қайсысымен “итжығыс” түскендерін де тізіп шықтық. Бұл нәтижелер мына кестеде:



«Тобыл»

Қостанай клубы ешбір команданы төрт рет жеңе алмады. «Шахтерді» ғана үш мәрте ұтты. Екінші алтылықтағы командалардың үшеуінен екі ойында басым түсті. Өз кезегінде ешқандай командадан төрт немесе үш рет ұтылған жоқ.

Бірінші алтылықтағы «Астана» мен «Қайраттан» ғана үйде де, түзде де ұтылды. Әйтсе де, алғашқы алтылықтағы үздіктерден 12 ұпай алды: «Ордабасы» (2:2, 1:0), «Ақтөбе» (1:2, 1:0), «Ертіс» (1:3, 3:2), «Оқжетпес» (1:1, 0:1).

«Атырау»

«Атырау» да еш команданы төрт немесе үш рет ұта алмады. Үш командадан ғана екі мәрте басым түсті. Жалпы, екінші алтылықтағы клубтармен ойнағанда көп ұпай жоғалтты.

Есесіне, бірінші алтылықтағы командалардан 10 ұпай алды: «Астана» (1:0, 1:2), «Оқжетпес» (0:2, 2:1), «Ордабасы» (2:2, 1:2), «Ақтөбе» (0:1, 1:1). Екінші алтылықтағы чемпионды ұтқан екі команданың бірі.

Есесі кеткен команда ретінде «Қайратты» да жазуға болушы еді. Бірақ «Атырау» Алматы клубының қақпасына екі гол соқты – 0:1, 2:5. Ал «Ертіске» екі ойында да соға алмады.

“Итжығыс” түскен командалары көп. Мәселен, «Ақжайық» (алты ұпай) – 8:5 (2:0, 4:0, 1:2, 1:3), «Жетісу» (бес ұпай) – 8:8 (1:1, 1:0, 3:3, 3:4), «Шахтер» (бес ұпай) – 2:3 (0:0, 0:0, 0:3, 2:0).

«Шахтер»

Кеншілер клубы «Ақжайықты» үш рет тізе бүктірді. Екінші алтылықтағы екі командадан екі ойында басым түсті. Өзі «Тобылдан» үш мәрте ұтылып қалды.

Бір көңіл аударарлығы, «Шахтер» – екінші алтылықтағы жүлделі орындарға ие болған үздіктердің үшеуінен де ұпай алған жалғыз команда. Кеншілер клубы ел чемпионатының жүлдегерлерінен жеті ұпай алды.

Нақтырақ айтқанда – «Астана» (1:2, 2:0), «Қайрат» (0:0, 0:5), «Ертіс» (0:2, 0:0). «Ордабасыдан» да екі ұпай алған (0:2, 0:0). Ал қалған екеуінен екі матчта да ұтылды. «Оқжетпес» – (0:1, 0:3), «Ақтөбе» – (0:2, 0:2).

«Ақжайық»

Орал клубы ел чемпионатының бірінші жартысында көштен қалып, небәрі 11 ұпай ғана жинады. Есесіне, төл біріншілігіміздің екінші бөлігіндегі 10 ойында 24 (!) ұпай еншіледі. Екі-ақ рет ұтылды! Сегіз рет жеңіске жетті...

Бірінші алтылықтағы командалардан жеті ұпай еншіледі. Әсіресе, «Қайратқа» есе жібермегенін айрықша атап өтуге болады (2:1, 2:3). Тіпті Алматыда да жеңіп кете жаздаған. Тек ойының соңғы және негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарында жеңісті уысынан шығарып алған.

«Тараз»

Өкінішті. «Тараз» ешбір командадан екеуара сарапқа салынған ұпайлардың жартысынан көбін ала алмады. Яғни екі рет кездескен клубтардан үш, ал төрт рет додаға түскен командалардан алты ұпайдан артық ала алған жоқ. Екінші алтылықтағы ешбір ұжымды үш рет жеңе алмады.

Есесіне, бірінші алтытықтағы командалардан 15 ұпай олжалады. Тек «Астанадан» ғана екі рет ұтылды (1:2, 0:2). «Ақтөбеден» (1:1, 2:2) төрт ұпай, «Қайраттан» (2:1, 1:3), «Ертістен» (1:2, 1:0) және «Ордабасыдан» (1:2, 3:0) үш ұпайдан, «Оқжетпестен» (1:3, 0:0) екі ұпай алды. 

«Жетісу»

«Жетісу» ел чемпионатының бірінші жартысын тәп-тәуір бастаған. Төл біріншілігіміздің алғашқы бөлігінде 23 ұпаймен 9-орында тұрды. Соңғы орындағы «Ақжайықтан» 12 ұпайы (!) артық болатын...

Содан құлдырады. Ел біріншілігінің екінші жартысындағы 10 ойыннан сегіз-ақ ұпай еншіледі. Алты рет ұтылып, екі ойында тең түсті. Соңғы шешуші ойында, өз алаңында «Ақжайықтан» 0:2 есебімен ұтылып қалды.

Алғашқы алтылықтағы командалардан жеті ұпай алды. Екі командаға 1:6 есебімен есе жіберіп алды – «Ертіс» (0:3, 1:3), «Оқжетпес» (1:4, 0:2).


(Жалғасы. Басы, яғни алғашқы алтылықтың кестесі мына сілтемеде)
Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика