«Астана» ел кубогы аясындағы ойындарға жартылай қосалқы құрамын шығарып жүрген. Павлодарда өткен жартылай финалдық бірінші матчта негізінен жастарына мүмкіндік берген.
Бүгінгі ойында да алаңға шыққан футболшыларының жартысына жуығы қосалқы құрамдағы жас өрендері болды. Рас, маусым соңында жарақат алып қалған жігіттерінің орындарын басып, ендігі негізгі құрам ойыншыларындай болып кеткендері де бар.
Өкінішке қарай, «Ертіс» те негізгі құрамын толық шығара алмады. Тіпті екі-үш ойыншысынан басқасы – көпшілікке бәймәлім жас жігіттер.Себеп, негізгі құрамдағы футболшыларының көбісімен, әсіресе легионерлерімен өзара келісімшарт мерзімі қазан айының соңында тәмамдалған.
Португалия футболшысы Фонсеканың ғана келісімшарты тәмамдалмаған. Жастарын алға сүйреген - сол. "Командамен арадағы еңбек келісімінің мерзімі аяқталса да, Григалашвили келді" деп еді, бірақ ол да көрінбеді...
Әйтсе де, бұл өте тартысты ойын болды. Жас футболшылар аянған жоқ. Өздеріне берілген мүмкіндікті пайдаланып, қабілеттерін паш етуге тырысты. Әсіресе, «Ертістің» ержетіп қалған жас жігіттері жарады. Ел чемпионымен тайталасып бақты.
Алаң иелері ойынның бірінші жартысында «Ертістің» Фонсека бастаған жас жеткіншектерін еңселерін түсіре алмады. Содан секем алды ма, «Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов екінші таймда құрамын күшейтуге көшті. Алаңға Каньяс пен Логвиненконы шығарды.
Қызық болғанда, екінші тайм басталған бетте қонақтар алға шықты. Арман Смайылов «Астананың» екі қорғаушысы мен қақпашысын қапы қалдырып, «Ертісті» алға шығарды. Егер матч осылай аяқталса (есеп 2:3 болатын), онда финалға павлодарлықтар шығар еді...
Ал «Астана» намысты қолдан берсін бе? Жоқ! Қамшыны басты. Бұл ойында Кабананга мен Твумаси тізе қоса қимылдап, бірін-бірі жақсы түсінісіп қалғандықтарын көрсетті. Тіпті елорда клубының қорғаушылары да Твумасидің пастарын қақпаға бағыттау аса қиын емес екендігін паш етті.
«Астана» ойын аяғына дейін үш гол соғып, жеңіске жетті. Әрі ел кубогының финалына шықты. Финалда «Қайратпен» кездеседі. Ел чемпионаты аясында төрт рет кездесіп, үш рет ұтылып қалған. Нағыз қызық енді болатын сияқты...
«Астана» – «Ертіс» – 5:3
Голдар: Деспотович, 19 (1:0). Кабананга, 35 (2:0). Смайылов, 37 (2:1). Фонсека, 43 (2:2). Смайылов, 48 (2:3). Кабананга, 61 (3:3). Малый, 84 (4:3). Каньяс, 90+3 (5:3).
«Астана»: Мокин, Әлиев (Логвиненко, 66), Күлбеков, Малый, Шитов (Каньяс, 46), Наджарян, Жүнісов, Мұжықов, Твумаси, Деспотович, Кабананга (Сағынаев, 88).
«Ертіс»: Қапанов, Дәуітов, Сартаков, Леньков, Голофаст, Богданов, Аяғанов, Құдайбердинов (Попов, 46), Фонсека, Рамазанов (Назаров, 90), Смайылов.