Вернуться к списку статей

“Қайрат” Қазақстан кубогының финалына шықты

Футбол
1K
Қазақстан кубогы. «Атырау» – «Қайрат» – 0:3. Фото: fckairat.com
Футболдан ХХV Қазақстан кубогының жартылай финалындағы қарымта матчтардың бірі бүгін өтіп, “Қайрат” түзде “Атыраудан” басым түсті.

«Қайрат» пен «Атырау» арасындағы бірінші ойын 21 қыркүйек күні Алматыда өтіп, алаң иелері 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Түзде бір доп айырмасымен ғана ұтылған атыраулықтар қарымта матчта басым түсіп, финалға шығуды мақсат тұтқан.

Финалға шықса, Еуропа лигасының көкжиегі көрінеді. Екінші жұптан финалға «Астана» шықса болды, онда «Атырау» келесі жазда Еурокубок додасында доп тебер еді.

Алайда мұның бәрі арман болып қала берді. «Атырау» өз алаңында «Қайратқа» қайратын көрсете алмады. Ойының екінші минуты басталғанда өз қақпаларына доп жіберіп алып, ұнжырғалары түсіп кетті.

Бірінші таймда есепті теңестіруге тырысқандарымен, гол соға алмай пұшайман болды. Екінші таймның ортасына таман тағы бір гол жіберіп алып, көмескі тартқан үміттері түпкілікті үзілді.

Ойынның аяғында «Қайраттың» бір ойыншысы алаңнан қуылса да, «Атырау» футболшылары кем құрамдағы қонақтарын тықсыра алмады. Тіпті “төрешінің ысқырығы қашан шырылдайды» деп жүріп, тағы бір гол жіберіп алды...

«Қайраттың» финалда қай клубпен кездесетіндігі ертең белгілі болады. «Астана» – «Ертіс» арасындағы жартылай финалдағы екінші жұптың қарымта кездесуі жексенбі күні өтеді.

«Атырау» – «Қайрат» – 0:3

Голдар: Сүйімбаев, 2. Аршавин, 66. Асеведо, 90+2.

88-минутта Тұрысбек («Қ») алаңнан қуылды (екінші ескерту).

«Атырау»: Нурмухаметов, Чуреев, Ламанж, Мулдаров, Эсатов, Эссаме, Куртеян (Макась, 79), Шабалин (Маров, 70), Федин, Аржанов, Шарпар.

«Қайрат»: Покатилов, Қуат (Вороговский, 87), Рудосельский, Арзо, Сүйімбаев, Бакаев, Тимощук, Исламхан (Асеведо, 82), Аршавин, Исаэль, Гоу (Тұрысбек, 80).

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика