Негізі, биылғы маусым тұрмақ, ХХV Қазақстан чемпионаты әлі толық аяқталған жоқ. Ел біріншілігінің соңғы матчы алдағы сенбі күні, яғни 5 қарашада өтеді. Онда, яғни өтпелі матчта премьер-лигада 11-орынға табан тіреген «Тараз» командасы мен Бірінші лигада екінші орынға ие болған «Алтай» клубы кездеседі.
Осы ойында жеңіске жеткен команда келесі жылы премьер-лигада ойнайтын болады. Ал жеңілгені Бірінші лигада бақ сынайды. Егер ойын тең аяқталса, онда 15 минуттық екі экстра-тайм өткізіледі (2х15). Егерде мұнда да жеңімпаз анықталмаса, онда пенальти сериясына жүгінуге тура келеді.
Жалпы, биылғы маусымның тәмамдалуына өтпелі матчтан бөлек, тағы үш ойын бар. Олар – ел кубогы додасының шешуші ойындары. 5-6 қараша күні жартылай финалдағы қарымта матчтар өтсе («Атырау» – «Қайрат» және «Астана» – «Ертіс»), 19 қарашада финал болады.
Әйтсе де, біз премьер-лигадағы кейбір деректерге әлден тоқтала кеткенді жөн көріп отырмыз. Еліміздің ең үздік клубтары бақ сынаған жоғары тобымыздағы доп додасын әлі жан-жақты қорытындылайтын боламыз. Ал бүгін статистикалық деректерге атүсті тоқтала кетпекпіз.
Ресми қорытынды деректер:
2016 жылғы чемпион – «Астана»,
2016 жылғы күміс жүлдегер – «Қайрат»,
2016 жылғы қола жүлдегер – «Ертіс»,
Премьер-лигадан Бірінші лигаға түсіп қалған команда – «Жетісу»,
2017 жылғы премьер-лига жолдамасын жеңіп алған команда – «Қайсар»,
2017 жылғы премьер-лиганың екінші жолдамасын сарапқа салатындар – «Тараз» бен «Алтай».
Ең, ең, ең....
Ең көп ұпай жинаған команда – «Астана» (73),
Ең аз ұпай жинаған команда – «Жетісу» (31),
Ең көп жеңіске жеткен команда – «Астана» (23),
Ең аз жеңіске жеткен команда – «Жетісу» (8),
Ең аз жеңілген команда – «Астана», «Қайрат» (5),
Ең көп жеңілген команда – «Ақжайық» (19),
Ең көп тең түскен команда – «Ордабасы», «Ақтөбе», «Атырау» (9),
Ең аз тең түскен команда – «Ақжайық» (2),
Ең көп гол соққан команда – «Қайрат» (75),
Ең аз гол соққан команда – «Шахтер» (25),
Ең аз гол жіберген команда – «Астана» (21),
Ең көп гол жіберген команда – «Жетісу» (53).