Вернуться к списку статей

Бауыржан Байтана – Максимов бапкер ме, әлде төбелескіш "физрук" па?

Футбол
1K
Бауыржан Байтана -
Бас бапкердің шешімімен негізгі құрамнан аластатылған «Тараз» футбол клубының жартылай қорғаушысы Бауыржан Байтана украиналық маман Юрий Максимов туралы пікірін білдіріп, төбелескіш деп айыптады.

Өзінің «инстаграмдағы» әлеуметтік парақшасына футболшы «Маусым үшін физрукқа алғыс. UFC төбелескіші немесе әуежайдағы боксшы» деп жазған.

Бауыржан Байтананың нені мезегені айтпай кетуге болмайды. Жергілікті жаттықтырушы Нұрмат Мырзабаевты алмастырып, мамырдың 15-інде бас бапкерлік қызметке тағайындалған украиналық маман Юрий Максимов жазғы трансферлік кезеңде бірінші кезекте өзінің отандасы Александр Алиевті шақыртады. Бірақ, «Тараз» сапында 9 матч өткізіп, бір гол соққан Алиевпен «әңгімелері» жараспай, ақыры әуежайда төбелесіп тынады. Бұл туралы ресми түрде жарияланбағанымен әртүрлі ақпарат құралдары жарыса жазған болатын. Кейін футболшы клубпен келісімшартты үзіп, отанына кеткен.


Ал «Тараз» қазір 32 ұпаймен турнир кестесінің 11-сатысында тұр. Егер соңғы турда «Шахтерге» қарсы сәтсіз ойнаса, Премьер-лигадан ұшып кетуі де мүмкін. Сондықтан, маусым соңында «Тараз» басшылығы украиналық маманды отанына қайтарады деген сыбыстар бар.

Дегенмен, әлеуметтік парақшасындағы бұл жазбасы үшін Байтананы жазғырып жатқан жанкүйерлер де бар. Пікірлердің арасынан «Тараздың» сөнген жұлдызы. Саған ұят емес пе?» деген сынды пікірлерді де кездестіруге болады.

Айта кетейік, өткен жылды Алматының «Қайратында» сәтсіз өткізген Бауыржан Байтана 2016 жылдың басында «Таразға» ауысуға шешім қабылдаған. Барлығы 15 ойын өткізіп, бір голдың авторы атанды. Үш рет ескерту қағазын алып, бір матчта алаңнан қуылды.

Бір қызығы, украиналық маман «Таразға» келген бетте Бауыржан Байтананы бірінші матчта негізгі құрамға шығарып, 90 минут ойнатқан. Ойынның соңғы минутында Бауыржан ескерту қағазын алып қалады. Келесі екі кездесуде де негізгі құрамнан орын тауып бергенімен бірінші таймнан кейін алмастырып жіберіпті. Максимов өзінің «Тараздағы» төртінші матчында Байтананы 77 минутта алмастырған. Ал бесінші кездесуінде екінші таймда алаңға шығарып еді, ойын соңында екі сары қағаз алған Бауыржан Байтана алаңнан қуылды. Осыдан кейін Юрий Максимов жартылай қорғаушыны қосалқы құрамға жіберіп, сол күйі негізгі құрамға жақындатпаған.

Бауыржан Байтананың Максимов келгеннен кейінгі «Тараз» сапындағы ойындары

Тур

Ойын күні

Қарсылас

Минут

Гол/сары/қызыл қағаз

12

21 мамыр

Ақтөбе

90 минут

90+6 (сары қағаз)

13

29 мамыр

Оқжетпес

46 мин. алмастырылды

28 (сары қағаз)

14

2 маусым

Астана

46 мин. алмастырылды

-

15

11 маусым

Ақжайық

77 мин. алмастырылды

-

16

15 маусым

Жетісу

46 мин. Алаңға шықты

82 (с.қ.), 90 (с.қ.), 90 (қ.қ.)

Иә, Юрий Максимов келгелі «Тараздың» жағдайы жақсы жағына қарай өзгерген жоқ. Команда әлі де турнир кестесінің тұңғиығында. Шынын айтқанда, ол көрсеткен көрсеткішке Нұрмат Мырзабаев та қол жеткізе алуы мүмкін еді. Дегенмен, бар кінәні бас бапкерге арта бермей, Бауыржан соңғы кездердегі ойыны жайлы өзі де ойлануы қажет секілді. Әйтпесе, бір кездері «Манчестер Юнайтедтің» өзі қызығыпты деген дарын еді ғой.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика