Вернуться к списку статей

Қола жүлде қай клубқа бұйрады – “Ордабасының” үміті көмескі тартып барады

Футбол
1K
Ертең футболдан Қазақстан премьер-лигасында 2016 жылғы ел чемпионатының соңғы, ХХХІІ туры өтеді. Қола жүлдеге қай командаға бұйырары тек сенбі күні түстен кейін белгілі болады.

Жағдай өзгерді, енді “Ертістің” мүмкіндігі мол...

Чемпион мен күміс жүлдегер анықталған. Енді қола медаль қай клубқа бұйыратыны белгісіз. Үшінші орыннан екі команда, яғни «Ертіс» пен «Ордабасы» – дәмелі. Әрі екеуі де соңғы ойындарын өз алаңдарында өткізеді.

Осы ретте айта кетейік, соңғы турдың қарсаңында жағдай мүлде өзгерді. «Астана» осыдан екі күн бұрын үшінші жыл қатарынан ел чемпионы атанды. Енді Павлодардағы соңғы ойында негізгі құрамдағы футболшыларының көбісін алаңға шығармайтын сияқты.

Себебі, елордалықтар енді Еуропа лигасындағы маңызды ойындарына дайындалады. Бас бапкерінің айтуынша, бар күш-жігерлерін Еурододаға аудармақ. Сол себепті ерке Ертіс жағасына белді ойыншыларының бірсыпырасын апармай, тынықтырып алуды көздепотырғандай...

Ал «Ордабасы» өз алаңында биыл 6-орынға табан тіреген «Ақтөбені» қабылдайды. Әрі жеңуі тиіс. Оған қабілеттері жетеді. Бірақ жеңсе де, үшінші орынға ие болуы үшін, «Ертістің» ұтылып қалғаны керек.

Алайда Павлодар клубы ұтыла қояр ма екен? «Астана» алаңға жартылай қосалқы құрамын шығарса, кем дегенде тең түсіп, қола жүлдеге қол жеткізулері ықтимал. Сондықтан «Ордабасы» клубының үміті көмескі тартып тұр.


“Ордабасының” төртінші орыннан айырылып қалуы да мүмкін...

Бір жағынан бұған «Ордабасының» өзі – кінәлі. ХХХ турда, өз алаңында басты бәсекелсі «Ертісті» жеңе алмады. Жарайды, оны қойшы. Өткен турда «Оқжетпестен» ойсырай ұтылып қалғаны ше?! Енді керек десеңіз, төртінші орыннан да айырылып қалуы ықтимал...

Егер «Қайрат» та соңғы турда тізгінін тартып ойнаса немесе жастарына мүмкіндік берсе, онда «Оқжетпестің» Алатау бөктерінен үш ұпай олжалап қайтулары әбден мүмкін. Онда, «Ордабасы» алғашқы төрттіктен де тыс қалады...

Айтпақшы, «Оқжетпес» – «Ордабасы» матчынан кейін қонақтардың бас бапкері Бақтияр Байсейітов «бұл ойынды Шымкентке немесе Астанаға ауыстыру керек еді» деп байбалам салды. Оны оңтүстікқазақстандық жанкүйерлердің көбісі қолдағандай болды.

Ал кеше даңқты қақпашымыз Құралбек Ордабаев отандық басылымдардың біріне берген пікірінде бұл мәселеге қатысты өз ойын жайып салды:

Бұл дұрыс емес. Екі команда бір алаңда, бірдей жағдайда ойнады. Онда “жаздың қапырық күндерінде, Шымкенттегі 45 градус аптап ыстықта да футбол ойнау мүмкін емес, өте қиын” деп, оларды да басқа қалаларға ауыстыру керек пе?!. 

     

“Оқжетпес” қалай “оянды”?

Иә, соңғы турларда «Оқжетпес» қайта серпілді. Қазақстан чемпионатының екінші кезеңін өте сәтсіз өткізіп, бір-ақ рет жеңіске жетіп, бес рет ұтылып қалған Көкше клубы соңғы турларды “қамшыны” басты.

ХХХ турда, түзде «Ақтөбемен» тең түсті. Одан кейін өз алаңында, тоңазып қалған жасыл желек үстінде «Ордабасы» клубын 3:0 есебімен тізе бүктірді. Ал осыдан екі күн бұрын, ХХV турдағы кейінге шегерілген ойынын өткізіп, «Астанамен» тең түсті.

Сөйтіп, соңғы үш ойында бес ұпай еншілеп, «Ордабасы» клубын қуып жетті. Ұпайлары – бірдей. Әйтсе де, дәл қазір чемпионат кестесінде көкшетаулықтар Оңтүстік Қазақстан облысы клубынан жоғары тұр. Себебі, бір жеңісі артық.

Ал егер екеуара кездесулеріне үңілер болсақ, мұнда да «Оқжетпестің» мысы – басым. Екеуі биыл төрт рет кездесіп, Көкше клубы өз алаңында екі рет жеңіп (2:0 және 3:0), түзде бір рет тең түсіп (2:2), енді бір ойында ұтылып қалған (0:1).

«Оқжетпестің» төртінші орынға көз тігуінің де өзіндік себебі бар. Егер ел кубогын алғашқы үштіктегі команданың бірі жеңіп алса, онда төртінші орын алған команда келесі жылы Еуропа лигасында бақ сынайды. Биыл бізде ел кубогының жартылай финалына «Оқжетпестен» жоғары тұрған үш команда мен «Атырау» шықты.

Егер Қазақстан кубогын «Атыраудан» басқа үш клубтың бірі жеңіп алса, онда төртінші орын алған команда келесі жылы Еурокубок додасында доп тебеді. Ал атыраулықтар иеленсе, онда премьер-лигада төртінші болған команда Еуропа лигасында ойнамайды.

   

Тағы да “Ордабасы” матчындағы бас төреші ауыстырылды

Осыдан бірер күн бұрын соңғы турдағы «Ордабасы» – «Ақтөбе» кездесуінің бас төрешісі ауыстырылды. Әу баста бұл ойынға Игорь Алёшин (Павлодар) бас қазы болып бекітілген.

Бірақ оның ауырып қалуына байланысты (ресми түрде жарияланған себебі – осы), енді Шымкенттегі матчта Александр Алиев (Алматы) бас төреші қызметін атқарады екен...

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ХХХ тур қарсаңында «Ордабасы» – «Ертіс» кездесуінің де бас төрешісі ауыстырылған болатын. Онда Болат Кәрлібаевті (Орал) Артём Кучин (Қарағанды) алмастырған-ды...

Сонымен соңғы тур, алғашқы алтылық...

ХХХІІ тур. 29 қазан, сенбі

«Ордабасы» – «Ақтөбе»
 «Ертіс» – «Астана»
«Қайрат» – «Оқжетпес»



Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика