«Астананың» бағы бар екен. Бүгін Көкшеде күн «Ордабасымен» ойнағандағыдай емес, сәл-пәл жылылау болды. «Жылы» дегеніміз 23 қазан күнгі ауа-райымен салыстырғанда айтып отырғанымыз ғой, әйтпесе бүгін де нөлден жоғары болған жоқ.
Содан кейін жасыл желек үсті қардан тазартылып, алаң жиегіне үйілген. Бірақ шөптің шығы да, алаңның топырағы да тоңазып қалған. Бірінші таймда «Оқжетпестің» оң қапталындағы, «Астананың» сол қанатындағы ойыншылар «көгалдың» кейбір тұстарында коньки тепкендей сырғанап жүрді...
Бірінші тайм өте тартысты өтті. «Астана» атойлап алға шапты. Бірақ «Оқжетпестің» қарсы шабуылдары өте қауіпті болды. Ненад Эричке өзінің шеберлігін аянбай паш етуге тура келді. Бірде ол қақпа тоғыздығына бағыталған допты, ышқына секіріп, тойтарды.
Көп ұзамай «Астананың» есеп ашатын тамаша мүмкіндігі болды. Жақып Қожамберді сол қанаттан алға ұмтылған Серікжан Мұжықовты құлатты. Төреші ойланбастан пенальти берді. 11-метрлік айып соққысын Каньяс орындауға ұмтылды. Бірақ Саша Стаменковичтен айласын асыра алмай, сан соғып қала берді...
Екінші таймда «Оқжетпес» тек қорғанумен болды. «Астана» қарқынын үдетіп, тізгін тартпай шабылдады. Әрі алаң иелерінің қақпасын алыстан нысанаға алуға тырысты. Бірақ бұл ойында Саша Стаменкович қателік жіберген жоқ.
Әйтсе де, «Астана» бір гол соққан. Бірақ төрешілер “офсайд болды” деп, оны есепке алған жоқ. Жалпы, қатқақ алаңда тайғақ кешу екі командаға да оңай болған жоқ. Әсіресе, бір-біріне пас беру жағынан екі команданың ойыншылары көп қателесті.
Сонымен бұл ойын аяқталды. «Астана» биыл да чемпион атанды. Осымен үшінші жыл қатарынан ел біріншілігінде топ жарып отыр. Команданың бас бапкері Станимир Стойлов айтқандай, енді бар күш-жігерлерін Еуропа лигасына салады.
«Оқжетпес» – «Астана» – 0:0
34-минутта Каньяс пенальти соға алмады.
«Астана»: Эрич, Бейсебеков, Логвиненко, Малый, Шомко, Максимович, Каньяс, Мұжықов, Твумаси (Деспотович, 87), Нөсербаев (Жүнісов, 90+1), Кабананга.
«Оқжетпес»: Стаменкович, Қожамберді, Чижов, Волков, Мангуткин, Нейн Еоне, Төлиев, Ристович (Каналес, 75), Жұмаханов (Юрин, 67), Нганбе Бандо, Молдақараев.