Вернуться к списку статей

“Астана” бүрсең қаға ма, “Оқжетпес” омақаса ма?

Футбол
1K
Ертең футболдан Қазақстан премьер-лигасының ХХV турдағы кейінге шегерілген бір ойыны өтіп, Көкшеде «Оқжетпес» пен «Астана» кездеседі.

«Астанаға» биыл да чемпион атану үшін бір ұпай да жеткілікті. Сондықтан елорда клубы ертең чемпиондық атақты жеңіп алуға тырысып, барын салуы керек. Сәрсенбінің сәтінде мақсаттарына жетіп, үшінші жыл қатарынан теңдессіз шықса, онда ойыншыларын дамылдатып алуға болады.

Біздің ойымызша, ертең «Астана» өздеріне қажетті нәтижеге қол жеткізуге тырысады. Сонда Еуропа лигасындағы төртінші кездесуіне алаңсыз дайындалып, ел біріншілігінің соңғы турында, мына күннің суығында кейбір ойыншыларын Павлодарға жібермеуге де болады.

Иә, «Астанаға» қалған екі ойында кемі бір ұпай алу керек. Ашып айтпайтындарымен, ХХХІІ турда «Ертіспен» “қырықпышақ” болғаннан гөрі, ертең «Оқжетпесті» тізе бүктіруге тырысқан тиімдірек сияқты. Қанша дегенмен, Көкше клубының деңгейі сәл-пәл төмендеу.  

Әрине, Көкше клубы жеңісті қолдан бере салайын деп отырған жоқ. Әрі өткен турда «Ордабасыны» ома қаптырып, жеңіске деген “арандары” ашыла түскен. Енді 4-орынға ие болып, келесі жылы Еуропа лигасында бақ сынау құқығына қол жеткізу үшін жанталасып көрмек.

«Оқжетпес» «Астана» футболшыларының деңгейі жоғарылау екендігін біледі. Бірақ күннің суығы мен жартылай қар басып, жасыл желегі тоңазып қалған өз алаңына арқа сүйейді. Төбесі жабық «Астана-Арена» стадионына үйреніп қалған елорда клубын да «Ордабасы» сияқты бүрсең қаққызуды теріс көрмейді.  

Айтпақшы, былтыр 25 қазан күні «Астана» Алматыда «Қайратты» жеңіп (1:0 есебімен), саф алтынды “тартып алды” демесек те, тақырға отырғызып кеткен. Осы матчқа дейін екі ұпай алда тұрған «Қайраттың» алдын орап, бірінші орынға шыққан. Алматы клубын екінші сатыға ығыстырған.

Сол матчтан кейін де тағы екі тур болды. Бірақ соңғы турларда «Астана» сүрінген де, алтынды уысынан шығарған да жоқ. Ал «Қайрат» күміс жүлдені қанағат тұтып, кінәлілерді сырттан да іздеп кеткен болатын. Тіпті ел чемпионатының екінші кезеңінде ұпайдың екіге бөлінетіндігіне наразылық білдірген.

Сонымен, ертең – 26 қазан. Бір күн әрі демесеңіз, «Астанаға» тағы да чемпиондық атағына іс жүзінде қол жеткізуге болатын тамаша мүмкіндік туындап тұр. Былайша айтқанда, былтырғы жағдай қайталанайын деп тұр ма? Сәл шыдайық, бәрі де ертең белгілі болады...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика