Ел чемпионатының аяқталуына бір-ақ тур қалды. Одан кейін клубтар көп демалмастан келесі маусымға дайындықты бастап кететіні анық. Бірақ көбісі бірінші ретте жаңа бапкер іздеуге көшетін сияқты. Ол қай клубтар болуы мүмкін. Сараптап көрейік.
«Ақжайық» (Орал) – Вахид Масудов
Оралдық клубта Талғат Байсуфиновті алмастырған Вахид Масудов «Ақжайыққа» келгенде команда басты бәсекелісен 7 ұпайға артта қалып, турнир кестесінің соңында тұрған. Бірінші ойында-ақ 0:5 есебімен ойсырай жеңілгенімен келесі бес кездесуде қатарынан жеңіске жетті. Жалпы, Вахид Юнузовичті оралдықтарды 10 ойынға бастап шығарған. Соның жетеуінде жеңіске жетіп, үшеуінде ғана жеңілістің кермек дәмін татқан. Аутсайдер үшін өте керемет көрсеткіш. Қазір олар 12 команданың ішінде 10-орында. Дегенмен, «Ақжайыққа» ҚФФ-ның «оқуға кеткен» президенті Ерлан Қожағапановтың айтуымен барған Вахид Масудовтың тағдыры тікелей Қожағапановтың «оқуына» байланысты болатын сияқты.
Біздің болжам: Соңғы турды «Ақжайық» түзде «Жетісуға» қарсы өткізеді. Екеуіне де ұпай қажет. Егер жеңіліп қалса, оралдықтар бірден соңғы орынға түсіп қалуы әбден мүмкін. Негізі бәрі де соған бара жатыр. Егер команда Бірінші лигаға түссе, Масудов келесі маусымда да Оларда қалады. Егер «Ақжайық» Премьер-лигадағы орнын сақтап қалар болса, онда облыс басшылығы иғына шапан жауып шығарып салуы мүмкін.
«Ақтөбе» – Юрий Уткульбаев (Ресей)
Клубқа келген уақыты – 19 желтоқсан, 2015 ж.
Бұған дейін 11 жыл қатарынан жүлдегерлер қатарынан көрініп келген «Ақтөбенің» биыл (жаргон үшін кешірерсіздер) быт-шыты шықты. Әупірімдеп алтылыққа енгенімен қазір үйде де, қонақта да қарсыластарына ұпай таратумен жүр. Әлбетте, команда құрамы соншалықты қарымды емес. Бірақ бас бапкерінің де шамасы жетісіп тұрған жоқ. Журналистерден қашып кетуімен және әріптесінің қолын алмай қоюымен ғана әйгілі болды.
Біздің болжам: ҚФФ басшылығындағы қолдаушысынан айрылған Юрий Уткульбаев пен клуб директоры Дмитрий Васильевті жанкүйерлер маусым соңында есекке артпен отырғызып жіберсе, таңғалмаймыз.
«Астана» – Станимир Стойлов (Болгария)
Клубқа келген уақыты – 21 маусым, 2014 ж.
«Астананы» еліміздің үш дүркін чемпионы етудің сәл-ақ алдында тұрған Станимир Стойловты әркім әр жаққа жіберіп жатыр. Сене берсең, Болгарияның «Левскиі» мен «Ботевінен» де құда түскен. Ресейдің «Локомотиві» де шақырған. Бірақ жақында журналистерге сұхбат берген Стойлов «Астанамен» әлі бір жыл келісімшарты бар екенін айтып, ешқайда кеткісі жоқ екенін білдірді.
Біздің болжам: «Астана» Стойлов үшін жайлы клуб, елордалықтар да Чемпиондар және Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығарған бұл маманды оңайлықпен жібере қоймас.
«Атырау» – Стойчо Младенов (Болгария)
Клубқа келген уақыты – 7 маусым, 2016 ж.
Стойчо «Атырауға» келгенде команда турнир кестесінің жетінші сатысында келе жатқан. Оны «үздік алтылыққа шығарсын» деген мақсатпен шақырды. Бірақ оңай шаруа емес еді. Бірінші кезеңнің аяқталуына үш-ақ тур қалған. Үздік бестіктегілер болса, әжептеуір ұзап кеткен еді. Ал артта Қазақстан футбол федерациясында қолдаушысы бар «Ақтөбе» келе жатты. Ақыры команда тапсырманы орындай алмады. Қазір «Атырау» маусымды әйтеуір ертерек аяқтасақ деген оймен өткізіп жатқан сияқты.
Біздің болжам: Атырау облысының басшылығы бірінші кезекте клубқа жаңа директор іздейтін шығар. Бұл жайлы сыбыстар Арқаға да жетті. Ал жаңа басшылық жаңа бапкерін әкелетіні анық.
«Ертіс» (Павлодар) – Димитар Димитров (Болгария)
Клубқа келген уақыты – 1 маусым, 2015 ж.
Былтыр керекуліктерді үздік алтылыққа шығарған болгар маманы биыл «Ертіске» үшінші орын алып берудің сәл-ақ алдында тұр. Бұл үшін оларға соңғы турда өз алаңында «Астанадан» жеңілмесе жеткілікті. Мұндай жағдайда «Ертісті» келесі маусымда Еуропа лигасы күтеді. Сондықтан, Павлодар басшылығы жаңа бапкер іздеп әуре болмай, команданы тәжірибелі ойыншылармен толықтырғанды жөн көретін шығар.
Біздің болжам: Димитар Димитровке тағы бір маусым уақыт беріліп, оның біліктілігін Еуропа лигасында тексеріп көреді.
«Жетісу» (Талдықорған) – Алмас Құлшынбаев
Клубқа келген уақыты – 5 қаңтар, 2016 ж.
«Жетісудан» биыл ешкім жоғары көрсеткіштер күтпегені анық. Олардың жағдайы әу бастан-ақ белгілі еді. Дегенмен, дәл қазір турнир кестесінің ең соңғы сатысында тұрған талдықорғандықтардың Бірінші лигаға түсіп қалу қаупі бар. Бірақ, кім біледі, соңғы турда өз алаңында «Ақжайықты» ұтар болса, онда орындарын сақтап қалуға да мүмкіндік туады.
Біздің болжам: Әлбетте, Құлшынбаевтан ешкім жоғары орындар күткен жоқ. Дегенмен, Премьер-лиганың ең көп гол жіберген командасы атанып, «тесік қақпа» деген атқа қалу да ұят. Маусымның қалай аяқталатынына қарамастан Құлшынбаев чемпионаттан кейін орнын босатар.
«Қайрат» (Алматы) – Кахабер Цхададзе (Грузия)
Клубқа келген уақыты – 7 сәуір, 2016 ж.
Әжептеуір маман Владимир Вайссты жібере салған «Қайрат» басшылығы әу баста-ақ қатты қателесті. Бородюкті шақырған еді, қарық қылмады. Цхададзе келді, жарытып жатқан жоқ. Еуропа лигасында израильдіктерден ұтылып, ерте аяқтадық. Енді клуб басшылығы қандай шешім қабылдар екен?
Біздің болжам: «Қайрат» бапкерлерін шапан жауып шығарып салғанды жақсы көреді. Цхададзені де сол сценарий күтіп тұр-ау. Оның орнына Еуропадан (Ресей емес) басқа бапкер келетін шығар.
«Оқжетпес» (Көкшетау) – Владимир Муханов (Ресей)
Клубқа келген уақыты – 8 желтоқсан, 2014 ж.
Былтыр «Оқжетпеске» үздік алтылықтан орын алу үшін сәл ғана сәттілік жетіспей қалды. Биыл қола жүлдеден де үмітті. Рас, маусымның екінші жартысында сәтсіз кездесулері болды. Бірақ артық ойыншылардан арылғаннан кейін өз ойындарын қайта таба бастады. Енді ел чемпионатынан кейін команда құрамын күшейтуге қайта кірісетін шығар.
Біздің болжам: Облыс басшылығымен ежелден жақсы қарым-қатынас орнатқан Владимир Муханов «Оқжетпесті» әлі біраз жыл жаттықтыратын шығар. Биыл болмаса да, келесі маусымдары ақыры жүлдеге іліктіреді деп күтеміз.
«Ордабасы» (Шымкент) – Бақтияр Байсейітов
«Бақтияр кет», - деп шымкенттік жанкүйерлердің ұрандатып жүргеніне де біраз болды. «Үздік үштікке іліктірем» деген уәденің арқасында ғана «Ордабасыда» жүрген Байсейітовтің басынан футбол бағы тая бастаған сияқты. Қолдаушысы да «оқуға кетіп» қалды. Енді жағдайы тіптен қиындайды.
Біздің болжам: «Ордабасыға» үшінші орынның бұйыруы екіталай. Сәйкесінше, ел чемпионатынан кейін бірінші болып кететін де Байсейітов болуы әбден мүмкін.
«Тараз» – Юрий Максимов (Украина)
Клубқа келген уақыты – 15 мамыр, 2016 ж.
Маусым барысында жергілікті маман Нұрмат Мырзабаевты алмастырған украиналық бапкер Юрий Максимов «Таразға» еш жаңалық әкеле алған жоқ. Клуб әлі соңғы орындарда келеді. Ол ештеңе емес, Максимов өзі шақырған футболшылармен төбелесіп те үлгерді. Қазір «Тараздың» Премьер-лигадағы тағдыры қыл үстінде тұр.
Біздің болжам: Маусымның аяқталуын асыға күтіп жүрген Юрий Максимов шабаданын жинап та қойған шығар. Сондықтан, келесі жылы «Тараздан» жаңа бапкер күтеміз.
«Тобыл» (Қостанай) – Омари Тетрадзе (Ресей)
Клубқа келген уақыты – 30 мамыр, 2016 ж.
«Тобылдың» үздік алтылықтан орын алуына сәл ғана жетпей қалды. Команданы үздіктер қатарына шығару үшін Тетрадзе қолынан келгеннің барлығын жасады. Бірақ шешуші кездесулерде «Атыраумен» тең түсіп, «Оқжетпестен» жеңіліп қалған өздері кінәлі.
Біздің болжам: Ақтөбеде жүргенде жүлдеге әбден үйреніп қалған облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке «Тобылдың» қазіргі жағдайы ұнай қоймасы анық. Сондықтан, Тетрадзенің орнына басқа маманды шақырып жатса, таңғалмаймыз.
«Шахтер» (Қарағанды) – Алексей Еременко (Ресей)
Клубқа келген уақыты – 4 тамыз, 2016 ж.
Қарағандыға келе салып «Астананы» 2:0 есебімен тізерлеткен Алексей Еременко бірден жанкүйерлерді өзіне баурап алды. Содан бері он ойын өткізіп, соның алтауында жеңіске жеткен. «Шахтерді» турнир тұңғиығынан алып шығып, турнир кестесінің 8-сатысына көтерді.
Біздің болжам: Жалпы, Қарағанды облысының басшылығы маусым ортасында келген мамандарға келесі жылы да мүмкіндік беріп жататынымен белгілі. Сондықтан, Еременко команданы келесі маусымға дайындап, 2017 жылы да «Шахтерді» жаттықтыруы әбден мүмкін.
БОНУС
«Қайсар», «Алтай», «Қызыл-Жар»
«Қайсар». Жыл басында қызылордалық команданың тізгінін қолына алған Сұлтан Әбілдаев өзіне артылған тапсырманы тамаша атқарып шықты. Бұған оның көмекшісі Александр Москаленко да зор еңбек сіңірді. Бірақ бұл тандем Премьер-лигаға дайын ба?
«Алтай». Шығыстықтар тоғыз ұпайын қайтарып алды. Енді ҚФФ-тың ресми шешімін күту ғана қалды. Бірақ, шыны керек, биыл жеңілістері де аз болған жоқ. Тіпті, ортанқол командаларға да ұпай ұстатып жатты.
«Қызыл-Жар». Премьер-лигаға жолдама алуды көздеген команда «Қайсар» секілді алдынан шыққанын қоғадай жапыратындай болуы тиіс. Биыл біз петропавлдықтардан ондай қарқын байқаған жоқпыз.
Біздің болжам: Қызылордаға шетелдік өзге маман келіп, Сұлтан Әбілдаев пен Александр Москаленко жаттықтырушылар алқасына кіретін шығар. «Алтайдың» бас бапкері Сергей Тимофеевтіңі қызметінен кететіні туралы сыбыстар қазірдің өзінде кеңінен таралып үлгерді. Шынымен де егер шығыстықтар келесі маусымда Премьер-лигада сәтті өнер көрсетуді көздесе, онда біліктірек бапкер шақырып, команданың құрамын мейлінше күшейту керек. «Қызыл-Жардың» бас бапкері Владимир Фомичев биыл болмаса, келесі жылы команданы ақыры Премьер-лигаға алып шығуы әбден мүмкін.