Вернуться к списку статей

“Алтай” сүйінші сұрайды – CAS тоғыз ұпайын қайтарып беру туралы шешім қабылдапты

Футбол
2K
Бүгін кешке «Алтай» футбол клубы әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы жанашыр жанкүйерлерінен сүйінші сұрап, Халықаралық спорттық төрелік сот тоғыз ұпайларын қайтарып беру туралы шешім шығарғандығын мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан футбол федерациясы сәуірдің басында «Алтай клубының тоғыз ұпайын шегеріп тастаған. Себеп, Өскеменің «Востогы» 2012 жылы Қазақстанда ойнаған екі серб футболшысына (Мрджанин мен Добричке) әлі берешек көрінеді....

ҚФФ мұны «Алтайды» «Восток» клубының құқықтық мұрагері ретінде жазаға тартқандарын мәлімдеген болатын. Ал «Алтай» футбол клубы өздерінің жаңадан құрылған клуб екендігін, ешбір команданың құқықтық мұрагері емес екендігін алға тартып, Лозаннадағы спорттық төрелік сотқа шағымданған болатын.

Бүгін міне, осыдан екі-үш сағат бұрын «Алтай» футбол клубы өзінің әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы сүйінші сұрап, Спорттық төрелік соттың (ағылшынша – Court of Arbitration for Sport, CAS, французша – Tribunal Arbitral du Sport, TAS) тоғыз ұпайларын қайтарып беру туралы шешім қабылдағандарын қуана хабарлады.

Енді, әліптің артын тосайық. Сот шешімі Қазақстан футбол федерациясына жіберіліп, олар «Алтайдың» тоғыз ұпайын қайтарып берулері керек. Онда «Алтай» 58 ұпаймен Бірінші лигада екінші орынға көтеріледі. Бұл дегеніңіз, екінші орынмен премьер-лига жолдамасына таласады. 






Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика