Көкшетаудағы матч нағыз қыстағы ойын болды. Ақмола облысының орталығында қар жауып, алаңды басып қалды. Ауа температурасы нөльден біршама төмен болды. Бірақ «Оқжетпес» стадионының қызметкерлері жасыл желек үстін тазалаған. Тіпті алаң сызықтарын қызыл түспен жүргізіп те шығыпты.
Әйтсе де, ауа-райының қолайсыздығынан екі команда өрнекті ойын үлгісін көрсете алмады. Бұл ойынды екі команда қызыл доппен ойнады. Сонда да оңтүстіктен келген команда суыққа бейімделіп кете алмағандай.
«Ордабасы» «Оқжетпеспен» бір сағат қана тайталаса алды. Бірінші гол соғылғаннан кейін ұнжырғалары түсіп кетіп, еңселерін тіктей алмай қалғандай. Негізі, екі команда бірдей жағдайда, бір алаңда ойнаған болатын.
Бірінші голдан кейін «нокдаунға» түскен «Ордабасы» матч аяқталғанша өз қақпасына тағы екі гол жіберіп алды. Ал «Оқжетпес» алаңға өрімдей жастарын да шығарып, оларды да шыңдай түсті.
Әйтсе де, «Ордабасы» қола жүлдеден әлі де үмітін үзбейді. Бәрі де соңғы турда шешіледі. 29 қазанда оңтүстікқазақстандықтар өз алаңында «Ақтөбені» қабылдайды. Ал «Ертіс» «Астанамен» кездеседі. Әрі оларға бір ұпай ғана қажет...
«Оқжетпес» – «Ордабасы» – 3:0
Голдар: Нганбе, 60. Ристович, 62. Жумаханов, 90.
«Оқжетпес»: Стаменкович, Куксин, Чижов (Әбілғазы, 86), Еоне, Мангуткин, Волков, Төлиев, Нганбе, Ристович (Каналес, 90+2), Жұмаханов, Молдақараев (Жағыпаров, 90+3).
«Ордабасы»: Бекбаев, Төлебек (Гогуа, 46), Абдулин, Мұхтаров, Симчевич, Диакате, Чатто (Қожабаев, 85), Смақов (Тұңғышбаев, 46),Марцваладзе, Ирисметов, Гейнрих.
Премьер-лига додасының ХХХІ турдан кейінгі кестесі