Вернуться к списку статей

"Мұндай алаңда әдемі ойын көрсету мүмкін емес" немесе бас бапкерлер 30-тур туралы не дейді

Футбол
2K
Бас бапкерлердің Премьер-лиганың 30-турынан кейінгі пікірлері
Кеше Қазақстан Премьер-лигасының 30-тур ойындары өтті. Назарларыңызға бас бапкерлердің ең қызықты пікірлерін ұсынамыз.

«Қайрат» (Алматы) – «Астана» 2:0


Станимир Стойлов, «Астана» ФК бас бапкері:

– Осы аптада бізді Еуропа лигасындағы маңызды кездесу күтіп тұр. Бірақ ұлттық құрамалардың ойындарынан кейін Игорь Шитов пен Неманья Максимович жарақаттанып қалды. Енді олар ел чемпионатының келесі турында ғана бізге көмектесе алады. Менде тек алғы шептегі ойыншыларды алмастыратын ғана мүмкіндік бар. Қалған қапталда жақсы футболшыларым дефицит. Дегенмен, біздің басты мақсатымыз – ел чемпионы атану. Чемпион атану үшін жігіттерге жинақылық танытып, соңына дейін айқасу қажет.

Кахабер Цхададзе, «Қайрат» ФК бас бапкері:

– Ел чемпионатының екі мықты командасы кездесті. «Астанның» қорғанысы мықты, шабуылы қарқынды. Бірақ біз оларға қарсы үшінші ойында қатарынан сауатты ойнап жатырмыз. Біздің артықшылығымыз – жылдам шабуыл. «Астанаға» қарсы соны жақсы пайдаландық. Шешуші сәтті голдан сақтап қалған қақпашымыз Стас Покатиловке ерекше алғыс айтамын. Әлбетте, «Астана» чемпиондықты уысынан шығара қоймас. Алайда елордалықтарға чемпиондықты Алматыда тойлауына мүмкіндік бермегенімізге қуаныштымын.

«Ордабасы» (Шымкент) – «Ертіс» (Павлодар) 3:3

Бақтияр Байсейітов, «Ордабасы» ФК бас бапкері:

– Үш ұпайға алда болғандықтан, оның үстіне қонақта ойнағандықтан психологиялық тұрғыдан алғанда бізге қарағанда «Ертіске» оңайырақ болды. Сондықтан, ойын басында тепе-теңдікті жоғалтып алдық. Бірақ 0:2 есебімен ұтылып жатып, есепті теңестіре алғандары үшін футболшыларыма алғыс білдіремін. Одан кейін 2:3 есебімен жеңіліп жатып, таразы басын теңестіріп кеттік. Біз әлі үшінші орыннан үмітімізді үзген жоқпыз.

Димитар Димитров, «Ертіс» ФК бас бапкері:

– Ойынды жап-жақсы бастадық. Бірақ екі минуттың ішінде баланың қателіктерін жасап, алаң иелеріне есепті теңестіруге мүмкіндік беріп қойдық. Ал ойын соңында қақпамызға тағы бір күмәнді пенальти белгіленді. Енді келесі турда кімдерді алаңға шығарарымды білмеймін. Өйткені, Самир Керла бүгін қызыл қағаз алды, Елдос Ахметовке төртінші сары қағаз көрсетілді. Жағдайымыз мәз емес.  

«Ақтөбе» – «Оқжетпес» (Көкшетау) 2:2


Юрий Уткульбаев, «Ақтөбе» ФК бас бапкері:

– «Ақтөбенің» биылғы маусымдағы ойындарын қорытындылау әлі ертерек шығар. Біздің ойындарымызға бағаны жанкүйерлер бере жатар. Жақын уақытта футболшылар мен жанкүйерлердің басын қосып, кездесу ұйымдастыру керек. Біз туралы қандай ойда екендіктерін жанкүйерлер өздері бетімізге айтсын.

Владимир Муханов, «Оқжетпес» ФК бас бапкері:

– Ойын текетіреске толы болып, матчта төрт гол соғылды. Екі команда да жеңіске жетуге талпынды. Бізде де, «Ақтөбеде» де үш ұпай еншілейтін мүмкіндік болды. Бірақ тең есептің тіркелгені әділ болған сияқты. Ал «Ақтөбенің» ойыны мен заманыммен салыстырғанда әлсіз.

«Тобыл» (Қостанай) – «Ақжайық» (Орал) 0:1

 Омари Тетрадзе, «Тобыл» ФК бас бапкері:

– Бұл биылғы маусымда өткізген өз алаңымыздағы соңғы ойынымыз еді. Өкінішке қарай, айып соққысынан гол жіберіп алып, ұтылып қалдық. Дегенмен, меніңше ол жерде ешқандай да ойын ережесі бұзылған жоқ еді. Төрешілердің жұмысына баға берер мен емес, сондықтан олардың жұмысына шағымданбаймыз.

Вахид Масудов, «Ақжайық» ФК бас бапкері:

– Меніңше, «Тобыл» футболшылары өз мақсатын орындап қойды да, маусым соңында босаңсып қалды. Ал төрешілерге шағымдануға негіз жоқ. Мен өз ойыншыларыма төрешілерге жүгіре бермей, еркек сияқты ойнауға үйретемін.

«Жетісу» (Талдықорған) – «Тараз» 0:0

 Алмас Құлшынбаев, «Жетісу» ФК бас бапкері:

– Біз жеңіске жақынырақ болдық. Бірақ «Тараз» қорғаныста жақсы ойнады. Оның үстіне, төреші де қонақтар қақпасына айқын пенальтиді бермеді. Дегенмен, еңсемізді түсірмейміз. Қалған екі кездесуде жеңіске жетуіміз керек.

Юрий Максимов, «Тараз» ФК бас бапкері:

– «Жетісу» – тамаша команда. Олармен ойнау қиын болды. Доп бақылауын уыстарынан шығармай, қақпамызға қайта-қайта қауіп төндіріп жатты. Бірақ біз олардың толассыз шабуылдарына төтеп бере алдық. «Тараз» жанкүйерлерін құттықтаймын!

«Атырау» – «Шахтер» (Қарағанды) 2:0

Стойчо Младенов, «Атырау» ФК бас бапкері:

– Әдемі ойынды жақсы алаңда ғана көрсетуге болады. Сондықтан, бұған түсіністікпен қарау қажет. Дегенмен, ойын нәтижесіне ризамыз. Біз жинақы ойнадық.

Алексей Еременко, «Шахтер» ФК бас бапкері:

– Мұндай алаңда әдемі ойын көрсете алмайсың. Сол үшін шығар, жиі қателесіп, пастарымыз айдалаға кетіп жатты. Бірақ жігіттердің жігерлігіне ризамын. Олар жақсы ойнады. Тек таблодағы көрсеткішке ғана көңілім толған жоқ.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика