Вернуться к списку статей

Қазақ футболының ендігі серкесі кім болады?

Футбол
2K
Самат Смақов сияқты кім болмақ?
Румыниямен болған кездесуден кейін ұлттық құрамамен қоштасатынын мәлімдеген Самат Смақовты бас командамызда тек бас бапкер немесе оның көмекшісі ретінде ғана көретін шығармыз. Ал енді ұлттық құрамада Самат Смақов сияқты кім көшбасшы бола алады. Осы орайда біз Смақовтың орнын басар 10 ойыншының рейтингін жасаған едік.

Ұлттық құрамамыздың соңғы 15 жылдағы ең үздік ойыншысы деп Самат Смақовты айтуға болатын шығар. Әлбетте, одан бөлек, Нұрбол Жұмасқалиев, Андрей Карпович, Юрий Новиков, Қайрат Әшірбеков, Давид Лория, Қайрат Нұрдәулетов сынды саңлақтар болды. Бірақ, Саматтың орны ерекше ғой. Жүз жылда болмаса да, елу жылда бір туатын футболшылардың қатарынан. Егер төрешілердің жасыл қағаз көрсету ережесі Қазақстанға жеткен болса, Смақов оны әр ойын салар еді. Румыниямен болған кездесуден кейін Сэм ұлттық құрамамен қоштасатынын мәлімдеді. Енді жанкүйерлер мен жаттықтырушылар алқасы қанша жалынғанымен шешімін өзгерте қоюы екіталай. Ал оның орнын кім баса алады? Біз ұлттық құрамадағы маңызы мен рөлі Смақовтай бола алатын он ойыншының рейтингін жасаған едік.   

10. Әлішер СҮЛЕЙ

Жасы: 20

Туған жері: Тараз қаласы

Амплуа: Жартылай қорғаушы

Клубы: «Тараз»


Смақовтың орнын басады деп Әлішер туралы пікір білдіруге әлі ертерек шығар. Қанша дегенмен бізде жастар тұрақсыз ғой. Бүгін жалындап тұрған жасты ертең таппай қалуың да мүмкін. Ондайлар аз болмаған. Бір кездері ұлттық құраманың өзінде атой салған Ерзат Кенбаев, Сабырхан Ыбыраев, Вячеслав Эрбестерің қазір қайда?

Алайда, Әлішер Сүлейдің болашағынан мол үміт күтуге болады. Жиырма жасар жартылай қорғаушы бүгінде Қазақстан жастар құрамасының көшбасшыларының бірі. Биылғы маусымның басында «тараздық» талантқа Ресей Премьер-лигасының екі клубынан ұсыныс түсті деген ақпарат та тараған. Бәлкім, Әлішерге де Саматтың сара жолын қайталап, жас кезінде шетел асып көру қажет шығар.

9. Юрий Логвиненко

Жасы: 28

Туған жері: Ақтөбе

Амплуа: Қорғаушы

Клубы: «Ақтөбе»


2008 жылдан бері ұлттық құрама жейдесін киіп жүрген Юрий Логвиненко бас команда сапында 37 ойын өткізіп, төрт голдың авторы атанған. Оның үшеуін Петр Чех қорғаған Чехия құрамасының қақпасына соққан. Бойында көшбасшылық қасиеті бар Юрий әріптестерінің алдында да зор беделге ие. Оның пікіріне командаластары ғана емес, бапкерлер алқасы да құлақ асады. Логвиненкосыз бүгінде ұлттық құраманы елестету мүмкін емес. Тоғыз жылын «Ақтөбеге» сарп еткен қорғаушы жастайынан жанкүйерлердің сүйікті ойыншысы еді. «Астанаға» келіп те өз орнын бірден тапты. Бәлкім, 37 жасында оны Самат секілді ұлттық құрамадан қошеметпен шығарып салармыз.

8. Абзал БЕЙСЕБЕКОВ

Жасы: 23

Туған жері: Алматы

Амплуа: Қорғаушы

Клубы: «Астана» 


Абзалда мінез бар, бұл жағынан ол Самат ағасына қатты ұқсайды. Алаңда аяғын тартып қалғанын көрмейсің. Футболды шабуылшы ретінде бастап, қазір қорғанысқа түбегейлі ауысқан. Бірақ Бейсебековтің бір кемшілігі – журналистермен араластығы жоқ. Иә, жарқ етіп, жаңалықтардан шығып тұрсын демейміз, бірақ алдына өтініп келген тілшіден жау көргендей қашпай, анда-санда сұхбат беріп тұрса болады ғой. Осы жағынан қазіргі қай футболшыға болмасын, Самат, Нұрбол, Давид, Қайраттардан үлгі алған дұрыс. Ал басқа жағынан Абзалға мін таға алмайсыз.

7. Серікжан МУЖИКОВ

Жасы: 27

Туған жері: Талдықорған

Амплуа: Жартылай қорғаушы

Клубы: «Астана» 


Жастайынан жанкүйерлердің сүйікті ойыншыларының бірі болғанымен Серікжан тек былтырдан бері ғана өз бабын таба бастағандай. «Астанада» ол қазір негізгі құрам ойыншысы. Ұлттық құрамада өз орнын таба бастады. Қазір одан қарсыластардың да бас бапкерлері қаймығады. Мәселен, бізге жеткен ақпараттарға сенсек, Подгорицеде өткен Қаратау – Қазақстан құрамаларының арасындағы матчтың үзілісі кезінде алаң иелерінің бас бапкері футболшыларына «екінші таймда сақ болыңдар. Алаңға Серікжан Мужиков шығады» деген деседі.

6. Исламбек ҚУАТ

Жасы: 23

Туған жері: Қарағанды

Амплуа: Жартылай қорғаушы

Клубы: «Қайрат» 

 

Латвия қақпасына соққан былтырғы голынан кейін Исламбек Қуат бүгінде Қазақстанда ғана емес, Түркияда да танымал. Бас команда сапында ойнап жүргеніне бір жыл ғана болған жартылай қорғаушы Латвиядан бөлек, Голландия қақпасына да гол соққан. Қазақстанда да алпауыт командалардың барлығында ойнап үлгерді. «Оқжетпесті» қоспағанда «Ақтөбе», «Астана», «Қайрат» сынды клубтардың жейделерін киген. Әлбетте, Исламбек әлі жас. Дегенмен, соған қарамастан өз командасының көшбасшыларының бірі. Кім біледі, Саматтың жасына жеткенде ол да талай жастың піртұтарына айналатын шығар.

5. Дидар ЖАЛМҰҚАН

Жасы: 20

Туған жері: Ақтөбе

Амплуа: Жартылай қорғаушы

Клубы: «Ақтөбе» 


Саматпен бірге жасыл алаңда доп теуіп үлгерген Дидар Жалмұқан биыл ғана жиырмаға толғанына қарамастан бүгінде «Ақтөбенің» капитаны. Айтпақшы, капитандық таспа оған Самат Смақовтың өзінен мұраға қалған. Қазақстан жастар құрамасында да көшбасшылардың бірі. Вахид Масудовтың негізгі ойыншысы болғандығына қарамастан Талғат Байсуфинов оны ұлттық құрамамыздың алдағы ойындарына шақыруы да мүмкін. Дидарда лидерге тән барлық қасиеттер бар. Онымен командаластары санасады, жанкүйерлер жақсы көреді, журналистермен де жақсы қарым-қатынаста. Командасының қалай ойнағанына қарамастан ешқашан тілшілерді айналып қашқан емес.

4. Таңат НӨСЕРБАЕВ

Жасы: 29

Туған жері: Шымкент

Амплуа: Шабуылшы

Клубы: «Астана» 


Таңат Нөсербаевты Қазақстан ұлттық құрамасындағы ардагерлердің бірі деуге болатын шығар. 2008 жылдан бері бас командаға шақыртылып жүрген шабуылшы ұлттық құрамада неміс Бернд Шторктың да тәрбиесін көрді. Мирослав Беранек пен Юрий Красножанның қолынан өтті. Қазір Талғат Байсуфинов та Таңатты тұрақты түрде шақырып жүр. Бірақ соңғы кездері Нөсербаев «Астана» сапында да, ұлттық құрамада да негізгі құрамнан орын ала алмай жүр. Бәлкім жарақатынан толық айыққан жоқ шығар.

3. Ұлан ҚОНЫСБАЕВ

Жасы: 26

Туған жері: ШҚО

Амплуа: Жартылай қорғаушы

Клубы: «Атырау» 


Ұлан да заманауи футболшыға тән қажеттінің бәрі бар. Тамаша ойнайды, жақсы жүгіреді. Ал Қытаймен болған жолдастық кездесуден кейін жарнамасы да өрге жүрді. «Инстаграмда» да тіркелушілері өте көп. Бүгін 26 жасқа толып жатқан жартылай қорғаушы ұлттық құрама сапында бес жылда 32 ойын өткізіп, үш голдың авторы атанған. «Астана», «Тараз», «Қайрат», «Шахтер» сынды клубтарда ойнап, бірнеше рет ел чемпионы атанған.

2. Бауыржан ИСЛАМХАН

Жасы: 23

Туған жері: Тараз

Амплуа: Жартылай қорғаушы

Клубы: «Қайрат» 


«Смақовтың басты ізбасары кім болады» деп он адамнан сұрасаңыз, тоғызы Бауыржанды айтатын шығар. Бүгінде Алматының «Қайратын» ғана емес, ұлттық құрамамызды да капитан ретінде алаңға бастап жүрген Бауыржан Исламханның таланты туралы талай адам сөз еткен. Кезінде Ресей Премьер-лигасындағы «Кубаньда» ойнаған. Қазір де шетелдік клубтардың көзқұрты. Бірақ Баторик Самат секілді ұлттық құрамада 37 жасына дейін доп тебе алар ма екен? Смақов сияқты жанкүйерлердің ең сүйікті жұлдызына айнала ала ма? Оны уақыт көрсетеді.

1. Елдос АХМЕТОВ

Жасы: 26

Туған жері: Тараз

Амплуа: Қорғаушы

Клубы: «Ертіс» 

 

Сіздерді қайдам, өз басым, Смақовтың басты ізбасары ретінде Елдос Ахметовті көремін. Оның Самат сияқты лидерлігі, жанкештілігі өз алдына кіммен болса да тез тіл табысып кететін қасиеті бар. Үнемі жайдары жүріп, талай жанкүйерлерді өзіне қаратқан Ахметовті журналистер қауымы да жақсы сыйлайды. Осы рейтингке енген он футболшының ішінде Юрий, Дидар үшеуі ғана ешқашан тілшілерді айналып қашқан емес. Кішіпейіл қорғаушы жарнамадан да кенде емес. Смақов сияқты ол да орталық қорғаушы. Рас, ұлттық құрама сапына 2012 жылдан бері шақыртылып жүргенімен алаңға тым аз шыққан. Бірақ соңғы ойындарда Елдоссыз қорғанысымызды елестету мүмкін болмай қалды.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика