Вернуться к списку статей

Румыния құрамасының бас бапкері Кристоф Даум – Мен сіздерді өнегелі халық деп ойлаған едім

Футбол
4K
Кристоф Даум – Румыния ұлттық құрамасының бас бапкері
Ойын басында Қазақстан құрамасын «қалпақпен қайырып» алғысы келген Румыния ұлттық құрамасының бас бапкері Кристоф Даум матчтан кейін мықтылығымызды мойындады. Бірақ бізге ренжіп кеткен сияқты.

– Бүгін біздің футболшылар үшін өте ауыр матч болды. Қазақстан құрамасының ойыншылары алаңда өте жылдам қимылдап, қолды-аяққа тұрмады. Оларды тұсап ұстауға шамамыз жетпей жатты. Дегенмен, гол соғатын мүмкіндіктер бізде көбірек болған секілді. Әсіресе Алин Тоска да гол соғатын жүз пайыздық мүмкіндік болған еді, - деп бастады Кристоф Даум.

– Тең есепке қанағат білдіресіз бе? Жалпы, бүгінгі ойыннан кейін әлем чемпионатына жолдама алу мүмкіндіктеріңізді қалай бағалайсыздар?

– Әлбетте біз Астанаға үш ұпай үшін келгенбіз. Жеңіске жететіндігімізге сенімді болғанбыз. Бірақ сіздердің ойыншыларыңыз бізге лайықты қарсылық көрсетті. Гол соғуымызға мүмкіндік бермеді. Ал алда әлі талай ойын бар. Енді бізге ұпай жоғалтуға болмайды. Қарсыластарымыздың барлығы қарымды. Алайда біз әлем чемпионатынан үмітімізді соңына дейін үзбейміз.

– Жарақат алған ойыншыларыңыздың жағдайлары туралы айтсаңыз.

– Мен дәрігер емеспін. Айта алмаймын. Жағдайларын сәл кейінірек біле жатармыз.

– Армения құрамасын 5:0 есебімен жеңген едіңіздер. Бізді ұта алмай пұшайман болдыңыздар. Қазақстан құрамасының Армениядан артықшылықтары туралы айтып берсеңіз.

– Ереваннан бірден осында келген біз біріншіден Астананың ауа-райына үйренісе алмадық. Ана жақта жып-жылы еді, мұнда күн өте суық екен. Екіншіден, «Астана-Аренаның» алаңында доп тебу қиын болды. Дегенмен, Қазақстан мен Армения құрамасының айырмашылығы жер мен көктей. Сіздер олардан қай жағынан алғанда да мықтысыздар.

– Қазақстан ұлттық құрамасында қай ойыншы есіңізде жақсы сақталып қалды? Кімді үздік деп айтар едіңіз?

– Бағымызға орай, Қазақстан ұлттық құрамасының ең үздік ойыншысы бүгін алаңға шыққан жоқ.

– Румыния құрамасынан жоғары деңгейдегі ойын көргіміз келген еді, алайда тиіп кетсе, құлай бердіңіздер. Неліктен құрама сапында симуляция жасайтын ойыншылар өте көп?

– Егер сіз біздің дәрігерімізбен жеке әңгімелесіп, футболшылардың жағдайын білгеніңізде мұндай сұрақ қоймас едіңіз. Біздің ойыншыларға шынымен де ауыр болды. Ешкім симуляция жасаған жоқ. Жарақаттары ауыр. Жалпы, мұндай сұрақтарды жақтырмаушы едім, өздеріңіз бастаған екенсіздер, соңына дейін өз ойымды айтайын. Қазақстан футболшыларының қаншалықты дөрекі ойнағандарын көрдіңіздер ғой. Екі ойыншымыздың мұрны сынып, тістері түсті. Сенбесеңіз, медициналық қорытындыларын көрсетейін. Бірақ, шағымданып отырған жоқпын. Бұл да футболдың бір бөлігі. Одан қашып құтыла алмайсың. Айтпағым, бұған дейін Қазақстанның талай адамын жолықтырдым. Бәрі де адамгершілігі жоғары, өнегелі азаматтар. Сондықтан, сіздерді мәдениетті халық деп есептеп келген едім.

– Егер бүгінгі ойынды қайта өткізуге мүмкіндігіңіз болғанда команда құрамын өзгертер ме едіңіз? Жалпы, құрамада қаншалықты мықты футболшылар ойнады?

– Бұл құрама толықтай көңілімнен шығады. Ешкімді де алмастырар едім. Бәрі де білікті ойыншылар және осыған дейінгі кездесулерде өз шеберліктерін дәлелдеп қойған. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика