Вернуться к списку статей

Қазақстан құрамасы Қаратаудың бас қаласында күйрей ұтылды

Футбол
2K
Қаратау – Қазақстан – 5:0. Фото: cdm.me
Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясында Қаратау (Crna Gora) футболшыларымен кездесіп, түзде 0:5 есебімен ойсырай ұтылды.

Қазақстан ұлттық құрамасы қыркүйектің басында шабуылы жойқын Польша құрамасымен тең түскен. Содан “Қаратау құрамасынан ұтыла қоймаспыз” деп үміттендік. Жай ғана үміттенсек бір сәрі, “кемі бір ұпай еншілейміз” деген дәмеміз өте зор еді... 

Алайда, іс жүзінде, бәрі де басқаша болып шықты. Ойынның басталуына бір сағаттай уақыт қалғанда, негізгі құрамда алаңға шығатын футболшылар тізімі белгілі болды. Біздің құрама ойынды бес қорғаушымен бастады.

Ашығын айтсақ, негізгі құрамда Кислицын мен Мухутдиновтың шығатындарын көріп, таңданбасақ та таңырқандық. Азат Нұрғалиев те алғашқы минуттардан бастап ойнады. Ал Серікжан Мұжықов қосалқы құрам орындығында қалды...

Ойын аса жоғары жылдамдықта басталды деп айта алмаймыз. Бірақ алаң иелері қарқындарын бірте-бірте үдете түсті. Әсіресе сол қапталдан ентелеп, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Осы шептегі қорғаушысы Марко Томашевичтің қарқыны – адам қызығарлықтай.

Ақыры сол Томашевич гол соғып тынды. Йоветичтің әуелетіп тепкен добын басымен қақпаға дөп түсірді. Ал біздің қорғаушыларымыз да кідіріп қалды, қақпашымыз да кеш секірді. Бәрі де кеш қалды...

Әйтсе де, біздің құрама қарсы шабуыл ұйымдастырып, алаң иелерін қапы қалдыруға тырысқан болды. Бірақ бір-бірін түсіне алар емес, ойындары үйлеспей қойды. Пасты дұрыс бере алмайды. Допты аяқтарына салып берудің ретін табар емес...

Сөйтіп жүріп, бірінші таймды тәмамдады-ау, әйтеуір. “Екінші таймда ширақ қимылдап, өрнекті ойын өрнегін көрсетіп, есепті теңестірер» деп, жанкүйер біткен үмітімізді үзбей, ентелеп отырмыз.

Алайда, екінші таймда біздің құраманың ойыны мүлде жүрмей қойды. Алаң иелері ойнақ салып, төрт гол соқты. Тіпті орталық қорғаушылары біздің құраманың айып алаңында көсіле шапты. Жігіттеріміздің ұнжырғалары түсіп кеткендей болды.

Содан не керек, бапкерлер құрамы үш ойыншымызды алмастырып, тың күш қосқан болды. Одан да нәтиже шықпады. Асхат Тағыберген жан ұшыра жүгіргенімен, есепті қысқарта алмай, дал болды.

Ойынның соңында алаң иелері тізгіндерін тартты ма, біздің футболшылар алға шыға бастады. Бірақ Қаратау құрамасы қақпасын құрығанда бір рет нысанаға ала алмады. Тура соққы бағыттай алмай-ақ қойды...

Қош бол, ФИФА рейтінгісіндегі 83-орын... Енді төмен қарай біраз сырғитын шығармыз. Ал Қаратау құрамасы өз алаңында алғаш рет осындай ірі есепен жеңіске жетіп, тарихи жетістікке қол жеткізді.

Қаратау – Қазақстан – 5:0

Голдар: Томашевич, 24. Вукчевич, 59. Йоветич, 64. Бечирай, 73. Савич, 78.

Қаратау: Божович, Томашевич, Савич, Симич, Марушич, Вукчевич (Николич, 68), Шчекич (Бакич, 83), Вешович, Кояшевич, Йоветич, Бечирай (Райчевич, 76).

Қазақстан: Покатилов, Бейсебеков, Логвиненко, Малый, Кислицын, Шомко, Қуат (Тағыберген, 76), Мухутдинов, Исламхан (Мұжықов, 63), Нұрғалиев, Хижниченко (Мұртазаев, 85).

Бас төреші: Роберт Шергенхофер (Австрия)

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 14 – 9

Тура соққы: 8 – 0

Қиыс кеткені: 6 – 8

Тойтарылғаны: 0 – 1

Бұрыштама соққылар: 2 – 1

Офсайдтар: 1 – 0

Доп иелену: 49% – 51%

Қорғаныста доп тартып алу: 35 – 33

Ескерту (сары қағаз): 1 – 3

Ереже бұзу: 16 – 13

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика