Вернуться к списку статей

Калоян Петков – Легионерлерсіз-ақ Чемпиондар лигасында атой салар кез келеді

Футбол
1K
Калоян Петков –
Кеше Шымкентте «БИІК-Қазығұрт» қыздар командасы Италияның «Веронасын» қабылдап, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Енді 12 қазанда Апеннин түбегінде сәтті ойнаса, онда Чемпиондар лигасының 1/8-финалына жеткен Қазақстандағы тұңғыш команда атанады. Ойыннан кейін шымкенттіктердің бас бапкері Калоян Петковпен сұхбаттасып, еліміздегі қыздар футболының жайына біраз қаныққан едік.

– Калоян, кешегі жеңістеріңіз құтты болсын! Ойынға, матч нәтижесіне көңіліңіз толды ма?

– Бәрі өз ойымдағыдай өрбіді. Біздің қыздар қонақтарға еш мұрша бермей, шынын айтқанда, оңай жеңіске қол жеткіздік. Тек гол жіберіп қойғанымыз дұрыс болмады. Бірақ, ештеңе етпес. Екі гол айырмасымен жеңдік қой. Бұл жақсы көрсеткіш. Енді түздегі кездесуді сәтті өткізуіміз қажет.

– Сонша шабуылдап, болмашы жерден гол жіберіп алғанымыз қалай?

– Егер ойынды көрсеңіз, дәл сол эпизодтың алдында біздің екі ойыншымыз италиялық қақпашымен бетпе-бет шыққан еді. Гол соққанымызда онда қонақтар сол күйі естерін жия алмай кетер еді. Қарымта шабуылда қорғаушыларымыздың бірі допты тоқтата алмай, екіншісі оған дер кезінде көмекке келмей, қақпамызға голдың соғылуына мүмкіндік беріп қойдық.

– Жауапты матч 12 қазанда Веронада өтеді. Тактикалық тұрғыда немесе команда сапында өзгеріс бола ма?

– Біз бүгін кешкісін Словенияның Копер қаласына ұшамыз. Бұл Италиямен шекаралас жатқан команда. Табиғаты да, климаты да Веронаға ұқсайды. Бейімделуімізге жақсы мүмкіндік болмақ. Италиядағы ойын жергілікті уақытпен сағат 20:30-да басталады. Яғни, шам жарығымен ойнаймыз. Сондықтан, қазірден бастап соған бейімделе беруіміз қажет. Ал тактикалық тұрғыда еш өзгеріс болмайды. Ол жақта да шабуылға ден қоя ойнаймыз. Сондай-ақ, егер ешкім жарақат алып қалмаса, онда команда сапында ауыстырудың қажеті болмас.

– Жалпы, «Верона» қандай команда екен? Сіздің қандай да бір жаңашылдығымен таңғалдыра алды ма?

– Еуропа клубтарына тән жинақы команда екен. Жылдам, әрі қысқа пасқа қатты назар аударатыны байқалды.

– «Веронаны» өтсек, Еуропаның ең үздік 16 командасының қатарына енеміз. 1/8-финалда қарсылас ретінде кімді көргіңіз келеді?

– Былтыр Чемпиондар лигасының 1/16-финалында Испанияның «Барселонасымен» кездесіп, ұтылып қалғанбыз. Қазір қайта жеребеде кішкене жолымыз болды ғой. Әзірге кімдердің келесі кезеңге өтетіні белгісіз. Оның үстіне, бүгінгі футболды болжап болмайсың. Кез келген командадан қатер күтуге болады. Бірақ Германия, Франция, Испания командаларына жоламай-ақ қойсақ екен деймін. Олар өзгелерден оқ бойы озық.

– Әртүрлі сайттардан, әлеуметтік желілерден «БИІК-Қазығұрт» италиялықтарды легионерлердің көмегімен жеңді. Командада жергілікті ойыншылар жоқ деген пікірлерді көп кездестіріп жатырмыз. Шынымен де, неге шымкенттіктер сапында өзіміздің ойыншылар аз?

– Бұл тек Қазақстан футболына ғана емес, әлемдік футболға тән нәрсе ғой. Қыздар футболынан қай елдің чемпионаты мықты? Франция, Испания, Германия ғой?! Олардың да қатарында легионерлер өте көп. Сол үшін олар мықты. Бір жағынан легионерлерге қарап Қазақстанда да қыздар футболына деген қызығушылық пайда болады. Қазақтардың менталитетін байқадым. Батысқа қарап өмір сүріп, соларға қатты еліктейді екен. Мәселен, өзіміздің Шымкентті алайықшы. Мұнда қыздар футболынан үйірмелер бар. Бұрын ата-аналар қыздарының футболшы болғанын аса қаламайды екен. Қазір «БИІК-Қазығұрт» сапында доп теуіп жүрген легионерлерге қарап, «ооо, шетелде осылай екен ғой» деп, қыздарын футболға беріп жатыр. Бұйыртса, өзіміздің қыздармен-ақ Чемпиондар лигасында атой салатын кез келеді. Дегенмен, қазір де «БИІК-Қазығұртта» жергілікті қыздар аз емес. Мәселен, командамыздың капитаны қазақ қыз – Мадина Жаңатаева, вице-капитан Екатерина Красюкова. Сәуле Кәрібаева сынды қызымыз бар. Бұлардың бәрі Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнаған. Өкінішке қарай, жарақат алып қалды.

– Енді Қазақстан біріншілігі туралы. Ел чемпионаты аяқталмай жатып чемпион атандыңыздар. Биыл ішкі аренада топ жару әдеттегідей қиындық туғызған жоқ-ау?

– Елордада «Астана» қыздар командасы құрылып, бір қуанып қалдық. Бізге кәдімгідей лайықты бәсекелес болды. Сол ғана көңілге медеу. Әйтпесе, Қазақстан сияқты алып елде бес-ақ команданың болуы ұят. Келесі жылы қыздар командалары көбейеді деп үміттенемін. Талдықорғанда, Қарағанды мен Павлодар қалаларында қыздар футболынан командалар құрылмақ деген сыбыстарды естіп жатырмын. Жақсы болар еді. Жалпы, ерлерде қанша команда болса, қыздарда да сонша болу керек қой. Сонда толыққанды біріншілік болады.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика