«Астана» алтынын қашан алады?
Енді «Астананың» қай турда чемпион болатындығы тек өзіне байланысты. Келесі тур 16 қазан күні өтеді. Елорда клубы Алматыға қонаққа барып, өкшесін басқан басты һәм дәл қазіргі жалқы бәсекелесімен кездеседі. Егер Алатау бөктерінде жеңіске жетсе, үшінші рет қатарынан ел чемпионы атағына қол жеткізеді.
Ашығын айту керек, биыл «Астана» енді чемпиондық атақты уысынан шығармайтын шығар. Егер қалған төрт ойында да ұтылып қалса ғана (бір ойыны кейінге шегерілген), “алақанындағы” саф алтыннан айырылып қалады. Бұған енді сену – өте қиын. Бір-екі матчта ұтылса да, қалған төртеуінде де жеңілмейтін шығар...
Қазір кейбір отандық басылымдар «елорда клубы чемпиондық атағына Алматыда қол жнткізуі тиіс» деп жазып жатыр. Әбден мүмкін. Әйтсе де, асықпауы да мүмкін. Біріншіден, бәрі де ойыншыларының жағдайына байланысты болады.
Өздеріңіз білесіздер, 3-11 қазан аралығы – ФИФА-ның ресми күндері. Яғни осы аралықта ұлттық құрамалар ойындары өтеді. Осыған орай, «Астананың» негізгі құрамдағы футболшыларының барлығы дерлік өз елдерінің намысын қорғауға аттанады. Легионерлерінен тек Рохер Каньяс пен Джордже Деспотович қана команда сапында қалады десек те болар.
Ал «Қайрат» бұл жағынан қам жемейді. Тек Қазақстан ұлтық құрамасы сапындағы ойыншылары ғана ел намысын қорғауға аттанады. Легионерлері тынығып, дем алып алады. Тек тағы да үйленіп алғысы келгендері болмаса...
Сондықтан "Астана" өткен жолғыдай, қыркүйек айының басындағыдай, ойыншылары шаршап-шалдығып келсе, «Қайратпен» қырық пышақ болмайтын да шығар. Өйткені, төрт күннен кейін, яғни 20 қазанда, Еуропа лигасы аясында «Олимпиакос» клубымен кездесуі керек. Бұл ойын түзде өтеді. Яғни Алматыдағы матчтан кейін алыс жолға шығулары керек.
Сондықтан, «Астананың» чемпиондық атақты Алматыда “тойлауға” тырыспауы да ықтимал. Себебі, саф алтын – жоғарыда айтқанымыздай, “өз қолында”. Басқа ойындарда (қалған үш матчта) ұтылмаса болғаны. Ал Еуропа лигасында өз тобында екінші орынға ие болып, плей-офф сатысына шығуға тырысу керек. Дәл қазір сол маңыздырақ сияқты.
Десек те, әліптін артын бағайық. Бәрін де «Астананың» бас бапкері мен басшылары саралап, өздері шеше жатар. Қалай десек те, «Астана» үшінші рет қатарынан ел чемпионы болатын сияқты. Алтынның "тағдыры" – осындай. Елорда клубына енді үш немесе/тіпті бір-ақ ұпай да жеткілікті...
Осы ретте айта кетейік, бұған дейін тек бір команда ғана үш рет қатарынан Қазақстан чемпионы болған. Ол – «Ақтөбе». 2007-2009 жылдары ақтөбеліктер ел біріншілігінде үстемдік құрып, үш рет қатарынан топ жарған болатын.
Премьер-лига додасының ХХІХ турдан кейінгі кестесі