Жетісуда төріндегі жеті гол
Талдықорғандағы «Жетісу» мен «Атырау» арасындағы матчта жеті гол соғылды. Алаң иелері 0:2 және 1:3 есебімен ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды (4:3). Жеңісті голды Тоқтар Жаңғылышбай соқты.
Жалпы, ойынның негізгі уақытына қосылған үшінші, яғни 93-ші минутта қонақтар таразы басын теңестірген, бірақ төреші “офсайд болды” деп, оны есепке алмады.
Бұл ойында «Жетісудың» шабуылшысы Деян Джерманович екінші таймда дубль жасап, командасының жеңіске жетуіне сүбелі үлес қосты. Осы ретте айта кетейік, Словения футболшысы соңғы төрт ойында төрт гол соғып, мергендігімен көзге түсіп келеді.
Бір қызығы, осы екі команда арасындағы екінші кезеңдегі қос матчта 13 гол соғылды. ХХV турдағы Атырауда өткен ойын 3:3 есебімен аяқталған болатын. Ал ел біріншілігінің бірінші жартысындағы кездесулерде үш-ақ доп соғылған-ды. Талдықорғанда 1:1 тең түсіп, Жайық жағасында алаң иелері 1:0 есебімен басым түскен-ді.
Сөйтіп, «Жетісу» қоржынына үш ұпай салып, 10-орынға жайғасты (30 ұпаймен). Ал «Атырау» 33 ұпаймен талдықорғандықтандан бір саты ғана жоғары тұр.
«Жетысу» – «Атырау» – 4:3
Голдар: Федин, 12 (0:1). Трытко, 24 (0:2). Касьянов, 27 (1:2). Аржанов, 29 (1:3). Джерманович, 54 (2:3). Джерманович, 59 (3:3). Жаңғылышбай, 85 (4:3).
«Жетісу»: Шабанов, Әмірсейітов, Клайн, Вага (Жаңғылышбай 60), Шайыхов. Джалович, Касьянов, Боровский, Калинин, Бегларян (Сағындыков, 84), Джерманович (Азовский, 90+3).
«Атырау»: Нарзикулов, Дамчевски, Ламанж, Мулдаров, Маров, Эссаме, Сапаров, Федин, Аржанов, Куртеян (Шарпар 86), Трытко.
“Ертіс” “Ақтөбені” күйрете жеңді
«Ертіс» өз алаңында «Ақтөбені» күйрете жеңіп, ХХV турдағы (0:1) есесін еселеп қайтарды. Әрі екінші рет қатарына ірі жеңіске қол жеткізді. Естеріңізге сала кетейік, өткен турда «Оқжетпесті» 4:1 есебімен ойсырата ұтқан болатын. «Ақтөбе» болса, осымен үшінші рет қатарынан ұтылып отыр.
Павлодардағы матчтың тағдыры бірінші таймда-ақ шешілді десек те болады. Алаң иелері төрт гол соғып, қонақтарын сең соққандай күйге түсірді. Әрі доп екі рет қақпа бағанасына тиді... Енді бір сәтте «Ақтөбенің» қорғаушысы «Ертістің шабуылшысын айып алаңы ішінде шалып жыққандай да еді. Бірақ төреші пенальти бермеді.
Екінші таймда «Ертіс» футболшылары қарқынын бәсеңдетіп, қонақтар есепті қысқартты. Бірақ одан әріге шамалары жетпеді. Ал алаң иелері ойын аяғында тағы бір гол соғып, төрт доп айырмасымен жеңіске жетті.
Осы жеңісінен соң «Ертіс» 47 ұпаймен үшінші орынға жайғасты. Қола жүлдеге бір табан жақындай түсті. Десек те, үшінші орынның тағдыры келесі турда Шымкентте шешілуі керек. 16 қазан күні «Ордабасы» өз алаңында «Ертісті» қабылдайды...
«Ертіс» – «Ақтөбе» – 5:1
Голдар: Григалашвили, 16 (1:0). Фонсека, 36 (2:0). Фонсека, 41 (3:0). Мұртазаев, 44 (4:0). Бочаров, 76 (4:1). Мұртазаев, 90+2 (5:1).
«Ертіс»: Цирин, Ахметов, Фрейдгеймас, Керла, Сартаков, Фернандес (Ли, 83), Йирсак, Фонсека, Григалашвили (Алиев, 72), Гетериев (Аяғанов, 78), Мұртазаев.
«Ақтөбе»: Отарбаев, Қайыров (Кәкімов, 18), Куаджа, Сорокин, Ситдиков, Давлатов (Николич, 46), Цвейба (Митошевич, 46), Крюков, Шестаков, Бочаров, Жалмұқан.