Вернуться к списку статей

"Янг Бойз" ФК бас бапкері Арнольд Хюттер – Біз Қазақстанға тең ойнау үшін келген жоқпыз

Футбол
1K
Адольф Хюттер –
«Астана» – «Янг Бойз» кездесуінің қарсаңында қонақтардың бас бапкері Адольф Хюттер журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, алдағы матчқа дайындықтары жайында айтып берді.

– Бізді өте ауыр ойын күтіп тұр. «Астана» – өз алаңында қатарынан тоғыз ойында жеңілмеген өте азулы команда. Мен бұл клубтың өткен жылғы жетістіктерін де білемін. Бірақ біз де дайынбыз, - деп бастады Хюттер.

– Сіз ойыншы кезіңізде «астаналық» Агим Ибраимимен бірге бір клубта ойнағансыз. Агиммен «Астанада» кездесіп, қарсыласыңыз жайлы хабар алмаса алдыңыз ба?

– Ол кезде мен 36 жаста болатынмын. Агим – болашағынан мол үміт күттіретін жас футболшы еді. Аустрияның «Ред Булл» командасында бірге доп тептік. Қазір Ибраимидің шеберлігі өскен, тәжірибесі толысқан. Өкінішке қарай, жарақат алып қалыпты. Шыны керек, қазір екеуміз хабар алмаспаймыз.

– «Астананың» ойынын әбден зерттеген шығарсыздар. Кімді атап өтер едіңіз?

– Біз қарсыласымыздың соңғы ойындарын мұқият зерттегенбіз. Шабуылда Джуниор Кабанангадан сақ болу қажет. Сондай-ақ, Патрик Твумасидің ойыны ерекше. Колумбиялық Рохер Каньяс бар. Жалпы, «Астананың» шабуылы кіл алғыр ойыншылардан құралған.

– «Янг Бойз» сапында мықты шабуылшылардың барын білеміз. Ел чемпионатында қарсыластарыңызды ірі есептермен ұтып жүрсіздер. Дегенмен, соңғы екі ойында әлсіз командалармен тең ойнап қалдыңыздар. Күштеріңізді «Астанаға» сақтадыңыздар ма?

– Әлбетте, біздің мақсатымыз – неғұрлым көбірек гол соғу. Бірақ, өкінішке қарай, шабуыл шебіндегі көшбасшыларымыз жарақат алып қалған. Сондықтан, ел чемпионатында соңғы ойындарды сәтсіз өткіздік. Дегенмен, «Астанаға» қарсы барымызды саламыз. Қорғанысқа жатып алатын ойымыз жоқ.

– «Астананың» шабуылы мықты деп айттыңыз. Сонда ертең қарымта шабуылдар арқылы ойнайсыздар ма?

– Қалай ойнайтынымызды айтпаймын. Біздің қарсыласымыз да қорғаныстан шабуылға жылдам көше білетін команда. Тактикамызға ойын барысында өзгерістер енгізіп қалуымыз да мүмкін.

– «Астана» ұзақ уақыт бойы өз алаңында жеңіліп көрмеген команда. Ертең тең ойнасаңыздар, ол нәтижеге көңіліңіз тола ма?

– Алдын-ала кесіп айту қиын. Кім біледі, бәлкім алаңда қызыл қағаздар да болып қалатын шығар. Тең ойнап қалуымыз да ғажап емес. Алайда, бір ұпайға көңілім толмайды. Біз Қазақстанға тең ойнау үшін келген жоқпыз. Әлбетте, «Астана» өз алаңында «Атлетико», «Бенфика» сынды алпауыттармен терезесі тең ойнаған. Сондықтан, «Астананы» алғаш жеңген біз болсақ, тіптен керемет. Дегенмен, ертеңгі ойын бәрін өз орнына қойып береді. Бір ұпайға қуанып қайтуымыз да мүмкін. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика