Вернуться к списку статей

“Ақжайық” Масудовпен екінші кезеңде бірінші рет ұтылды

Футбол
1K
«Ақжайық» – «Шахтер» – 1:2. Фото: shahter.kz
Бүгін Қазақстан премьер-лигасында ХХVІІІ турдың екінші алтылықтағы екі ойыны өтіп, «Тобыл» өз алаңында, ал «Шахтер» түзде жеңіске жетті.

“Тобыл” Талдықорған командасына ұпай бермеді

Бұл ойында «Тобылдың» бойтұмарына айналған капитаны, яғни Нұрбол Жұмасқалиев әдеттегідей алғы шепте, шабуылшының ту сыртында емес, қорғанысқа тірек болар шепте ойнады. Ал оның орнында жазда ғана «Жетісудан» келген Душан Савич ойнады.

Есепті қонақтар ашты. «Тобылдың» орталық қорғаушылары аяқтарын “санап басып” жүргенде, Джерманович орталарынан өте шығып, оң қанаттан Боровскийдің көлбеулете берген добын қақпа торына “сүңгітті”.

Көп ұзамай қонақтардың қорғаушысы Мартин Клайн допты қолымен тоқтатып, алаң иелері пенальтиден таразы басын теңестірді. Шабанов зулай ұшқан доптың бағытына қарай атылса да, жете алмай, сан соқты.

Шамамен 20-минутта Клайн тағы да ойын ережесін бұзып, Савичті итеріп құлатқандай еді. Бірақ төреші бұл жолы пенальти бермеді. Бірінші тайм осылай аяқталды.

Екінші таймның басында алаң иелері алға шықты. Шимкович сол қапталдан айып соққысын орындап, допты алға асырды да, оны Хижниченко басымен қақпаның бергі бұрышына дөп түсірді.

Бұдан кейін «Жетісу» қарқынын үдетті. Тіпті төрт минтуттан кейін есепті теңестірді де. Алайда қонақтардың ойыншылары «Тобылдың» қақпашысын итеріп жібергендей де еді, бірақ төреші ойынды тоқтатқан жоқ. Яғни ойын ережесі бұзылмаған... Қонақтар гол соғып, қуанышқа бөленді.

Бірақ «Тобыл» қонақтарына бір ұпай да ұстатпады. Матчтың соңғы секундтарында Хижниченко сол қапталдан Шимковичтің берген пасын созыла теуіп, қақпаның арғы бұрышына енгізді.            

Жалпы, бұл ойында екі қақпашы да өз шеберліктерін паш етіп, бірнеше қауіпті соққыларды тойтарды. Әйтсе де, бес гол соғылып, кездесу тартысты өтті.

«Тобыл» – «Жетісу» – 3:2

Голдар: Джерманович, 4 (0:1). Шимкович, 14-пенальтиден (1:1). Хижниченко, 56 (2:1). Боровский, 60 (2:2). Хижниченко, 90 (3:2).

«Тобыл»: Логиновский, Мирошниченко, Дмитренко, Гурман, Главина, Жулпа, Жұмасқалиев (Яворский, 90+3), Деак, Шимкович, Савич (Асильдаров, 79), Хижниченко.

«Жетісу»: Шабанов, Әділханов (Сағындықов, 26), Клайн, Вага, Әмірсейітов, Джалович, Касьянов, Боровский, Калинин, Джерманович, Жаңғылышбай (Бегларян, 59).

“Шахтер” Оралда “Ақжайықтан” басым түсті

Қазақстан премьер-лигасының екінші кезеңіндегі бірінші айналымында жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген, яғни бес ойында да жеңіске жеткен «Ақжайық» бүгін сүрінді. Өз алаңында «Шахтерден» ұтылып қалды.

Осы ретте айта кетейік, екінші кезеңнің бірінші айналымындағы Қарағандыда өткен матчта «Ақжайық» 1:0 есебімен басым түскен болатын. Ендеше, бүгін кеншілер клубы еселерін қайтарды. Бірақ бұлай деуіміздің қисыны келе қояр ма екен? Себебі ел біріншілігінің бірінше кезеңіндегі екі матчта да «Шахтер» жеңіске жеткен болатын (1:0 және 3:1).

Бүгін кеншілер клубы ойын тағдырын бірінші таймда-ақ шешіп тастады десек те болады. Әуелі Горячий айып соққысын асқан шеберлікпен орындап, теңбіл допты қақпаның сол жақ бұрышына “қондырды”.

Ал бірінші таймның аяғында оң қапталдағы Пикалкин допты тоқтатпастан, ортамен алға ентелеген Сзокеге бере қойды. Словакия футболшысы бір қимылымен-ақ допты қақпа ішіне дәл түсірді. Алаң иелері еш қайран қыла алмай, қапы қалды.

Алайда екінші таймның басында алаң иелері есепті қысқартты. Бұрыштама соққысы орындалып, қонақтардың қақпасының алды ойран-топыр болғанда, Лечич допты қақпа ішіне тура тепті. Бұл жерде қақпашының сәл қателескіндігін және допқа секірген ойыншылардың оған бөгет жасағандарын айта кеткеніміз жөн болар.

Ойынның аяғына дейін жарты сағаттай уақыт қалған. Бірақ есепті теңестіруге, тіпті жеңісті жұлып алуға «Ақжайықтың» шамасы жетпеді. Осы матчтан соң Вахид Масудов бірінші кезеңдегі бес ойында көп күш жұмсап, титықтап қалғандарын тілге тиек етіпті. Ал қонақтар жеңісті уыстарынан шығармай, Оралдан үш ұпай олжалап қайтты.

«Ақжайық» – «Шахтер» – 1:2

Голдар: Горячий, 30 (0:1). Сзоке, 45 (0:2). Лечич, 61 (1:2).

«Ақжайық»: Төлебаев, Әбдірахманов, Сапанов, Одибе (Николич, 23), Розыбакиев (Рубио, 77), Говедарица, Ортиз, Сергиенко, Валиуллин, Дудченко, Лечич.

«Шахтер»: Шацкий, Тарасов, Василевич, Садовничий, Пикалкин, Зошак (Дубков, 90+1), Горячий, Скорых, Сзоке, Байжанов (Нурыбеков 85), Уббинк (Тәттібаев 50).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика