Вернуться к списку статей

Какау неден шаршады – құрғақ уәдеден бе?

Футбол
2K
Какаудың
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Какау енді тек «Қайрат» клубындағы жұмысымен шектеліп, құрамадан кететіндігін мәлімдепті.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, Бразилия маманы Какау Колумбияда өтіп жатқан әлем чемпионатындағы өнерлеріне қысқаша ғана баға беріп өтіпті. Құраманың баспасөз қызметіне берген қысқаша бейне сұхбатында енді құрама сапындағы жұмысына тәмамдағысы келетіндігін де мәлімдеген:

Бірінші ойын, Аргентинамен қиын болды. Көп күш жұмсадық. Есепті теңестірудің сәті түспеді. Одан кейін, екінші матчта Коста-Рикамен жақсы ойнадық. Соломон аралдарымен өткен кездесу ең үздік ойынымыз болды. Содан кейін – плей-офф, Испания. 

Бұл команда – әлемдегі ең үздік құрама. Шабуылда бірнеше мүмкіндігіміз болды. Бірақ... Ал футзалда гол соға алмасаң, өз жағдайыңды түзеу өте қиын болады. Біз 2:5 есебімен ұтылып қалдық. Нәтиже, әрине, ойынға сай емес. Менің ойымша, футзал тарихында Испаниямен өте жақсы ойнаған бір-ақ құрама бар. Ол – біз. Көбісі маған Испаниямен тең дәрежеде ойнадыңдар дейді.

Мен құрама сапындағы жұмысымды доғарамын. Тек «Қайратты» жаттықтырғым келеді. Өйткені шаршадым. Төрт жыл, бұл – көп.

Өкінішке қарай, білікті бапкер неден және неге шаршағандығын ашып айтпапты. Былай қарасаңыз, жас бапкер, жақында ғана 45-ке толды. Қажып-титықтайтындай бола қойған жоқ.

Әрине, Какау жұмыссыз қалмайды. Оны кез-келген құраманың қағып әкетуі әбден мүмкін. Колумбиядағы әлем чемпионатына дейін де Әзірбайжан құрамасы “көз салғанын” ұмыта қойған жоқпыз.

Бұл жерде Какаудың шаршауының бар төркіні сыйақыда сияқты. Қазақстан футбол федерациясы оған жалақы төлей ма екен? Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкеріне берген уәделерін орындай алмай жүр деп, бір естігенбіз. Қалай десек те, Какаудың “шаршағандығын” басатын тек нақты келісім-шарт сияқты...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика