Вернуться к списку статей

“Шахтер” 1999 жылғы “Манчестер Юнайтедтің” ерлігін қайталады

Футбол
2K
«Жетісу» – «Шахтер» – 1:2. Фото: fc-zhetisu.kz
Қарағандының «Шахтері» Қазақстан премьер-лигасының ХХVІІ турды аясындағы кезекті кездесуін Талдықорғанда өткізіп, соңғы минуттарда 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Бұл матч екі команда үшін де маңызды болатын. Себебі екеуі де 26 ойыннан 27 ұпайдан жинап, 9-10 орындарды бөлісіп тұрған. Содан болар, алаң иелері де, қонақтар да кездесуді өте сақ бастады. Жылдамдықтары да аса жоғары болмады.

Алғашқы қауіпті шабуылды тек 16-минутта көрдік десек те болады. Алайда Байжановтың пасын Сзоке кәдеге жарата алмады. Осыдан кейін алма-кезек шабуыл жиілей бастады.

Екі команда бір-бірінің қорғанысын піспектеп, қарқындарын сәл де болса үдете түсті. Қауіпті сәттер жиілей түсті. Әйтсе де, бірінші таймда есеп ашылған жоқ.

Ойынның екінші жартысы да бірінші таймдағы көрініспен өрбіді десек те болады. Жылдамдықтары сонша жоғары емес, оқтын-оқтын бір-бірінің қақпасын нысанаға алып, шабуылға шығып отырды.

Ойынның қызығы 82-минутта ғана басталды. Алаң иелері допты бұрыштан қосып, Касьяновтың әуелете асырған добын Джерманович басымен қақпаға дәл түсірді. Гол!

Сол-ақ екен, «Шахтер» қарқынын үдетті. Шабуылды жиілетті. 90 минут жылжып өтіп кетсе де, төрешінің ысқырығы шалынар емес. Ал матчтың негізгі уақытына қосылған қосымша минуттарда қонақтар екі гол соқты.

Әуелі, Байжанов ала допты Сзокенің аяғына салып беріп, словак ойыншысы оны қақпаның оң жақ бұрышына сүңгітті. Бұл ойынның 91-минуты болатын. «Шахтер» мұнымен шектелмеді. Алға қарай лап қойды.

94 минута қонақтар допты алаң жиегінен ойынға қосты. Бірақ алаң иелері оны айып алаңынан шығарып жіберіп, қауіп бұлтын сейілткендей еді. Бірақ кері ұшқан допты Горячий шамамен 30 метрдей жерден сол аяғымен шірене теуіп, қақпаның сол жақ бұрышының торын бүлк еткізді. Гол!

«Шахтер» жеңді. «Жетісудан» асып түсті. Тіпті «Атырауды қуып жетті. Ал бұл ойынның аяғы 1999 жылы Чемпиондар лигасының финалында «Бавариядан» жалқы доп айырмасымен ұтылып жатып, қосымша минуттарда (91 және 93) екі гол соғып, жеңіске жеткен «Манчестер Юнайтед» жігіттерінің жанкештіліктерін есімізге түсірді...  

«Жетісу» – «Шахтер» – 1:2

Голдар: Джерманович, 82 (1:0). Сзоке, 90+1 (1:1). Горячий, 90+4 (1:2).

«Жетісу»: Шабанов, Әмірсейітов, Сағындықов (Мыңбаев, 71), Бегларян (Барзукаев, 87), Әділханов, Джалович, Касьянов, Боровский (Балғабаев, 77), Калинин, Жаңғылышбай, Джерманович.

«Шахтер»: Шацкий, Горячий, Василевич, Садовничий, Тарасов, Зошак, Нұрыбеков (Уббинк, 69), Скорых, Байжанов, Сзоке, Тәттібаев (Симоновски, 73).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика