Вернуться к списку статей

Қайрат Нұрдәулетов – "Астана" Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне шыға алады

Футбол
1K
Қайрат Нұрдәулетов
Жақында Кипр астанасы Никосияда өткен «Апоэл» – «Астана» кездесуі туралы Қазақстан ұлттық құрамасының және елордалық клубтың экс-капитаны Қайрат Нұрдәулетов өз ойын білдіріп, жерлестеріміздің әлеуетіне бағасын берді.

– Қайрат, «Астананың» «Апоэлге» қарсы өткен өткендегі ойыны туралы жалпы ойыңызды білсек. Матч көңілден шықты ма? «Апоэлдің» әлеуеті қалай екен?

– Жігіттер жол жүріп шаршады ма, әлде Астананың ауа-райынан кейін Кипрдің климатына үйренісе алмады ма, өз деңгейлерінен төмендеу ойнады. Әлбетте, жеңіске жетуге де болар еді. Бірақ соңына таман қорғанысқа көбірек көңіл бөліп, шабуылда ақсап жаттық. Әйтпесе, «Апоэл» алынбас қамал емес еді. Меніңше, бұл команданы «Астана-Аренада» ұтуға болады.

– Бірінші болып гол соғып, жеңісті ұстай алмай қалуымызға не себеп? Жеңісті, тіпті болмағанда тең есепті ұстап қалу үшін жігіттерге қалай ойнау керек еді?

– Ойын соңына таман кішкене шаршаңқылық байқалды. Кім біледі, бәлкім қорғанысқа жатып алмай, допты алаң ортасында ұстауға тырысу керек пе еді. Бір жағынан жігіттерді де түсінесің. Маңызды ойын. Оның үстіне, қонақтағы матч әрдайым қиын болады. Мұндай сәтте бірінші ретте өз қақпаңды ойлайсың. Жеңісті есепті сақтап қалғың келеді. Өзіміздің де басымыздан өтті ғой. Ал енді жеңілдік екен деп, жігіттерді жерден алып, жерге салуға болмайды. Осы жолы шамамыздың жеткені осы болды.

– Қақпамызға соғылған екі голда кімнің кінәсі бар? Қорғаушылар дұрыс ойнамады ма, әлде қақпашы қателесті ме?

– Бар кінәні біреуіне ғана артып қоя салуға болмайды. Командалық ойын ғой. Жеңсе де, жеңілсе де, бар жауапкершілік тұтас командада болады. Соңына қарай деңгейімізден төмендеу ойнадық, сондықтан екі гол жіберіп алдық. Енді осыдан дұрыс қорытынды шығара біліп, алдағы ойындарға дайындалу қажет.

– Станимир Стойлов негізгі құрамда екі шабуылшы шығарды. Бұл тактика өзін қаншалықты ақтады?

– Меніңше, бас бапкер дәл сол уақытта ойынға дайын болған футболшыларды алаңға шығарған секілді. Бір жағынан, бірінші минуттан бастап шабуыл мәнерінде ойнап көргісі келген шығар. Нәтижесі жаман болған жоқ қой. Бірінші болып гол соқтық. Тек сол жеңісті есепті ұстап қалу ғана қажет еді.

– Патрик Твумаси әдетте негізгі құрамда шығатын еді. Кешегі екінші таймда бір-ақ қосылды. Онда да селқос ойнады. Қалай ойлайсыз, бас бапкер екеуі арасында түсініспеушілік, кикілжің болған жоқ па?

– Ол екеуінің қасында болмаған соң бұл жайлы бірнәрсе деп кесіп-пішіп айту қиындау. Жігіттермен сөйлескен жоқпын. Не болғанын білмеймін. Дегенмен, сөзге келіп қалды-ау дейтіндей жағдайды байқамадым. Бәлкім, сол сәтте Твумаси негізгі құрамда алаңға шығуға дайын болмаған шығар. Мүмкін, микрожарақат алып қалған болар. Алайда, алаңға шыққаннан кейін бес минутқа мүмкіндік берілсе де барыңды салып ойнауың қажет.

– Енді келесі ойын «Янг Бойзбен». Астанада өтеді. Бұл матчта сәтті ойнауға қаншалықты мүмкіндік бар?

– «Янг Бойз» бірінші турда өз алаңында гректердің «Олимпиакосынан» ұтылып қалыпты ғой. Соған қарамастан мықты команда. Үнемі Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнап жүр. Дегенмен, өздеріңіз білесіздер, қандай команда болса да, бәріне «Астана-Аренада» ойнаған қиын. Оны қонаққа келген ойыншылар да мойындап жатады. Мұнда алаң басқа, стадионның атмосферасы бір бөлек. «Астана» футболшылары бұл аренаға әбден үйреніп қалған. Сондықтан, өз жерімізде швейцариялықтарды жеңуге шамамыз жетеді.

– Жалпы, қалай ойлайсыз, біздің топта кім фаворит?

– Бірінші орынды гректер алатын шығар. «Олимпиакос» мықты болып тұр ғой. Ал «Астана» осы топтан екінші орын алып, Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алуға шамасы жетеді. Өз басым, өз алаңымыздағы ойындардың барлығында жеңіске жетеміз деп ойлаймын. Солай болса, жақсы болар еді.

– Қайрат, енді өзіңіз жайлы. Жазда «Ақжайық» сапына ауысқан едіңіз. Жарақатыңызға байланысты оралдық клубтан кетіп қалыпсыз ғой?..

– Иә, әзірге командасызбын. Алдымен жарақатымды толық емдеп алуым керек. Қазір Италияда жүрмін. Осы жақта ем-дом алып, жергілікті футболшылармен бірге жаттығу жүргізіп тұрамын. Құдай қаласа, келесі жылы Премьер-лиганың бір командасына ауысатын шығармын. Әзірге жоспарымды жайып салмай-ақ қояйын.

– Айтпақшы, Италияда тағы бір футболшымыз Ұлан Қонысбаев та емделіп жүр еді. Жолықтыңыздар ма?

– Иә, кездестік. Жағдайы жақсы болып қалған. Қазір шауып жүр. Бұйыртса, екі-үш айдан кейін үлкен футболға қайта оралады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика