Вернуться к списку статей

Төрешілер Аргентинаға болысып, Қазақстан құрамасы ұтылып қалды

Футбол
2K
Қазақстан ұлттық құрамасы ХІІІ әлем чемпионатын бастады. Фото: fifa.com
Бүгін таңертең футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы ХІІІ әлем чемпионатындағы алғашқы ойынын өткізіп, Аргентина құрамасынан ұтылып қалды.

Қазақстан және Аргентина құрамалары арасындағы ойын өте тартысты өтті. Басында біздің жігіттер көсіле шапты. Бірақ оңтүстікамерикалықтар да осал команда емес екендіктерін дәлелдеп, бірте-бірте Дінмұхамбет Сүлейменов бастаған футзалшыларымызды тықсыра бастады.

Осындай сәттерде біздің құрама өзге ешбір командада жоқ тактикасын қолданып, қақпашымыз Игита алға шығып, бесінші ойыншы міндетін атқара бастады. Өкінішке қарай, бұл тактика жеңіске жеткізбеді. Керісінше, жарға жықты...

Бірінші таймның аяқталуына санаулы секундтар қалғанда, Игитта атойлап алға шығып... доптан айырылып қалып, жаза басты. Аргентина футзалшылары мұндай тосын сыйды мүлт жіберген жоқ. Ала допты қарауылсыз қалған қақпаға дөп түсірді.

Екінші таймда біздің футзалшылар есепті теңестіруге тырысып, Аргентина жігіттері қорғанумен болды. Рас, қарсы шабуылдар ұйымдастырып, біздің қорғанысымызды піспектеп отырды да. Десек те, уақытты созып, жеңісті есепті уыстарынан шығармауға да көп көңіл бөлді.

Біздің футзалшылардың гол соғатын мүмкіндіктері болған жоқ та емес. Бірақ жартылай мүмкіндіктерді жүзеге асырудың реті келмеді. Матч соңында Аргентина қақпашысы да футзалшыларымыздың бірнеше соққысын тойтарды.

Ең сорақысы, бұл ойында төрешілер қара қылды қақ жарып, әділеттік танытты деп айта алмаймыз. Олар Аргентина футзалшыларының дөрекіліктеріне көз жұмып, кешіріммен қараумен болды.

Уақыт өткен сайын шабуылға асыққан біздің жігіттердің аптықтарын басып, ойынды тез жалғастырып кетулеріне мүмкіндік бермей, жігерлерін құм қылған түсініксіз шешімдері де болды.  

Иә, білеміз, бұл чемпионат Оңтүстік Америкада болып жатыр. Аргентина жанкүйерлері көп те шығар. Әйтсе де, алаңдағы төрешілердің қазақтың сайын даласынан келген жанкешті жігіттердің қарқындарын тежеп отыруға тырысқан қылықтарын мүлде түсіне алмадық.

Кім біледі, егер бұл ойын Еуропада өткенде, біздің жігіттер ұтылмас та ма еді? Әрі Серік Жаманқұлов пен Эвертонның орындары үңірейіп көрініп тұрғандай. Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатына осы ойыншылармен де дайындалып, енді тактикалық қимыл-әрекеттерін өзгертуге мәжбүр болып отыр.

Әйтсе де, жасымайық. Еуропа чемпионатын да жеңіліспен бастағанбыз. Өзекті өртеген бүгінгі ащы жеңілістің есесін алдағы ойындарда қайтарармыз. Ең бастысы, бапкерлер құрамы мен футзалшыларымыз бүгінгі ойыннан сабақ алып, қорытынды шығарса, болғаны.

Жалпы, «Е» тобында бұған дейін бір ойын өтіп, Коста-Рика құрамасы Соломон аралдары футзалшыларын 4:2 есебімен ұтқан болатын. Біздің ендігі басты қарсыласымыз – осы орталықамерикалық құрама...

Аргентина – Қазақстан – 1:0

Гол: Вапораки, 19:22.

Қазақстан: Игита, Нұрғожин, Лео, Довгань, Дуглас – Сүлейменов, Есенаманов, Пенгрин, Таку, Першин, Гуров, Кнауб, Гребонос, Мун.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика