Вернуться к списку статей

Екі гол соғып поляктар, есесін берді қазақтар

Футбол
2K
Қазақстан – Польша – 2:2. Фото: pzpn.pl
Бүгін түнде Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының електік додасы аясындағы алғашқы ойынын өткізіп, Астанада Польша футболшыларымен тең түсті.

Ойын басында Қазақстан құрамасы бәрімізді таң қалдырды. Әуелі, негізгі құрамда жасыл алаңға шыққан – құрамымен. Қақпада – Ресейге барса да, Қазақстанға келсе де, көптен бері қосалқы құрам орындығында отырып қалған Покатилов.

Қорғаныс шебінде – бес қорғаушы. Біреуі – жарақатынан жақында ғана айыққан Елдос Ахметов. Екіншісі – көптен бері құрама сапына шақырылмай жүрген Александр Кислицын. Ал шабуыл өтінде – ел чемпионатындағы 22 ойында жеті-ақ гол соққан, екінші алтылықтағы команданың ойыншысы Сергей Хижниченко...

Қойшы, сонымен ойын басталды. Біздің жігіттер асып-сасып, білгендерінен жаңылды. Дәміл-дәміл қателесіп, қонақтар көсіле шапты. Құдды, «Астана-Арена» стадионына поляктар бүгін ғана емес, Қазақстан құрамасының ойыншылары алғаш рет шығып тұрғандай...

Осылай біздің жігіттер тізелерінің “дірілін”, жүректерінің дүрсілін баса алмай, қобалжып жүргенде, Польша құрамасының футболшылары тайраң қағып, екі гол соқты...

Біріншісінде, қорғаушыларымыз қателесті. Сол қапталдағы ойыншыларымыз да, орталық қорғаушыларымыз да поляктар қарқындарын үдетіп, шапшаң қимылдағанда, оларға ілесе алмай қалды. Оң қанаттан өрбіген тамаша шабулды Бартош Капустка тәмамдап, теңбіл допты тор ішінде тулатты.

Көп ұзамай, қонақтар тағы бір гол соға жаздады. Абырой болғанда, доп қақпа маңдайшасына тиіп, кері қайтты. Әйтсе де, поляктар тізгіндерін тартпай, дамылсыз шабуылдап жүріп, есепті ұлғайтып тынды.

Бірінші таймның аяғына қарай Ахметов Левандовскиді шалып құлатып, төреші ойланбастан пенальти берді. 11 метрлік айып соққысын «Баварияның» шабуылшысының өзі мүлтіксіз орындады. Қақпашы – бір бұрышта, доп – екінші бұрышта...

Осы голдан кейін ғана біздің футболшылардың намыстары оянғандай болды. Әлде тізелерінің “дірілі” басылып, толғаныстары тарқады ма, әйтеуір қарқындарын үдетті. Атойлап алға шапты. Аянбай ойнап, табан тіресе "шайқасты". 

Осындай сәттердің бірінде Бауыржан Исламхан допты қонақтардың қорғаушысының аяғынан іліп әкетіп, қақпаға қарай төтесінен тартты. Жол-жөнекей қонақтардың қорғаушыларының бір-екеуін алдап өтіп, тіпті қақпашысынан да айласын асырғандай еді... Өкінішке қарай, дедек қаққан теңбіл доп қақпа бағанасына жалап өтіп, алаң сыртына шығып кетті.

Бұдан да басқа гол соғатын бірді-екілі тамаша мүмкіндіктеріміз болды. Бірақ футболшыларымыз мүлт кетіп, есепті қысқартудың сәті түспей қойды. Ал поляктар тағы бір қауіпті шабуыл ұйымдастырып, бұл жолы шыр айналған ала доп қақпаның бағанасы мен белтемірі қиылысқан бұрыштан кері серпілді...

Екінші таймға біздің футблшылар «не бел кетеді, не белбеу кетеді» деп шыққандай әсер етті. Жанұшыра жүгіріп, тез қимылдап, шабуылды үсті-үстіне үдетті. Әсіресе, ұстараның жүзіндей лыпылдаған Серікжан Мұжықов пен қолды-аяққа тұрмайтын Бауыржан Исламхан Польша қорғаушыларының екі аяқтарын бір “бутсыға” тықты...

Осылай қонақтарды қыспаққа алып, есепті де қысқартудың сәті түсті. Дмитрий Шомконың әуелете тепкен добын Сергей Хижниченко ыңғайына салып алып, өзіне қарай тұра ұмтылған қақпашының сол қолының астынан өткізіп жіберді. Гол!

Стадион дүр сілкінді. Айқайға басып, қиқуды салып, жігіттерді жігерлендіріп жіберді. Футболшыларымыз да қанаттанып, тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Айылдарын жимай, қарқындарын бәсеңдетпей, қауіп “бұлтын” төндіре түсті. Тіпті ізін суытпай, таразы басын теңестіріп барып басылды.

Гол соққан – тағы да Хижниченко. Біздің футболшылар допты бір-біріне қақпақылдап, қонақтардың қорғаушыларын зыр жүгіртті. Ең соңында Мақсат Байжановтың оң қанаттан көлбеулете берген добын Сергей қақпа ішіне бағыттап үлгерді. Қақпашыдан бұрынырақ қимылдап, екінші рет қапы қалдырды.

Осылай есеп теңесті. Бұдан кейін поляктар қамшыны басты. Алайда біздің қорғаушылар енді қателеспеуге тырысып, тізе қоса қимылдай білді. Ең қызығы, поляктардың бірнеше соққыларының бірі қақпа бағанасына тиді. Иә, осы матчта – үшінші рет...

Қазақстан құрамасының ойыншылары да қарсы шабуылдар ұйымдастырып, қонақтардың емін-еркін көсілулеріне мұрша берген жоқ. Ең бастысы, гол жіберуп алмауға көбірек көңіл бөлді.

Сөйтіп, бұл ойын тең аяқталды. Қазақ топырағына табандары тигелі «біз тек жеңіс үшін келдік, қарсыласымызды сыйлаймыз, бірақ жеңбей қоймаймыз» деп "лепірген" Польша футболшылары мен бапкерлері сазайларын тартты.

Қазақстан – Польша – 2:0

Голдар: Капустка, 9 (0:1). Левандовски, 35-пенальтиден (0:2). Хижниченко, 51 (1:2). Хижниченко, 58 (2:2).
Ескерту: Малый, 18. Ахметов, 43. Байжанов, 56. Хижниченко, 70. Қуат, 71. Исламхан, 74 – Левандовски, 18. Зелиньски, 28. Пищек, 53. Глик, 73.
Қазақстан: Покатилов, Бейсебеков, Ахметов (Абдулин, 61), Малый, Кислицын, Шомко, Байжанов (Нұрғалиев, 69), Қуат, Мұжықов, Исламхан (Тағыберген, 79), Хижниченко.
Польша: Фабьяньски, Рыбус, Саламон, Глик, Пищек, Крыховяк, Зелиньски, Блащиковски, Капустка (Линетты, 83), Милик, Левандовски.
Бас төреші: Сердар Гэзюбююк (Нидерланды).

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 6 – 17

Тура соққы: 3 – 7

Қиыс кеткені: 1 – 5

Тойтарылғаны: 2 – 5

Қақпа бағанасы мен белтемірі: 1 – 3

Бұрыштама соққылар: 3 – 2

Пастары: 221 – 410

Дәл пастары: 183 – 368

Доп иелену: 39% – 61%

Офсайдтар: 6 – 2

Ескерту (сары қағаз): 6 – 4

Ереже бұзу: 27 – 5

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика