Вернуться к списку статей

Қарсыласың жеңіп кетсе тазы боп шал – қырғыздарды қалай қатырдық

Футбол
3K
Қырғызстан – Қазақстан – 2:0. Фото: sport.kg
Жақында Қазақстан ұлттық құрамасы Бішкекте Қырғызстан құрамасымен кездесіп, 0:2 есебімен ұтылып қалған болатын. Бірақ бұл жеңілісіміз ФИФА рейтінгісіне әсер етпейді екен.

ФИФА-ның 11 тамыз күні жаңғыртылған рейтингісінде Қазақстан құрамасы 96-орынға, ал Қырғызстан футболшылары 105-сатыға табан тіреген болатын. Бішкектегі жеңілісімізден кейін «қырғыздар қайтадан алдымызды орап кететін болды-ау» деп алаңдаушылар көп болған...

Бірақ бәрі де бекер екен. Алаңдайтын түгі де жоқ. Бұл ойынның нәтижесі ФИФА рейтінгісі түзілген кезде есепке алынбайтын көрінеді. Алдын-ала бәрін де саралап, ойластырған біздің басшылар ма, әлде бапкерлер ме, белгісіз, әйтеуір «тазы» болып шалыппыз...

Сағыздай созбаламай, тоқ етерін айтар болсақ, SportАКИpress басылымы мұны Қырғызстан футбол федерациясының бас хатшысы Дастан Конкобаевтың сөздерімен былай тәптіштеп жазды:

Қазақстан тарапы бізден матч барысында жеті ойыншы алмастыруды өтінді. Біз келістік. Ал жолдастық кездесудегі бір құраманың алмастырған футболшыларының саны алтаудан көп болса, онда ФИФА рейтингісі түзілгенде, мұндай ойынның нәтижесі есепке алынбайды.

Осы ретте айта кетейік, 2004 жылдың басында ФИФА жолдастық кездесулердің өзінде ойыншылар алмастыруға шектеу қойып, оның санын алты футболшыға дейін қысқартқан болатын.  

Дәл осы шешімді негізге алсақ, Қырғызстан және Қазақстан құрамалары арасындағы жолдастық кездесу ресми ойын болып саналмайды. Себебі бұл матчта біздің құрама жеті ойыншысын ауыстырды. Ал қырғыздар алты футболшысын алмастырған...

Ойынның 76-минутында Роман Мұртазаевты жартылай қорғаушымыз Мақсат Байжановтың орнына шығарып, осы ойында жетінші рет ойыншы алмастырған екенбіз.

Кім біледі, егер жеңіп жатсақ, жетінші ойыншымызды алмастырмас та ма едік. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген осы болса керек. Әлде «футболды аяқпен ғана емес, баспен де ойнау керек» деген сөздің төркіні осы ма?!

Қырғызстан – Қазақстан – 2:0

Қырғызстан: Кашуба, Кичин, Тэго, Майер, Байматов, Шамшиев (Сидоренко, 63), Мурзаев (Алимов, 89), Исраилов (Абдурахманов, 87), Дуйшобеков (Сыдыков, 72), Бернхардт (Мусабеков, 84), Люкс (Кайрат Жыргалбекуулу, 76).

Қазақстан: Лория (Покатилов, 46), Ахметов, Малый, Дмитренко (Кислицын, 57), Сүйімбаев (Шомко, 65), Бейсебеков, Смақов (Тағыберген, 60), Байжанов (Мұртазаев, 76), Қуат, Исламхан (Нұрғалиев, 46), Хижниченко (Молдақараев, 46).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика