Вернуться к списку статей

Қожағапановтың "бәрі де ұлттық құрама үшін" дегені жай ғана көзбояушылық па?

Футбол
2K
Қожағапановтың
Қыркүйектің 4-і күні Қазақстан ұлттық құрамасы ФИФА рейтингінде 16 орында тұрған Польшамен кездеседі. Ал ертең сол матчқа дайындық ретінде Талғат Байсуфинов шәкірттері 105-орындағы Қырғызстанмен жолдастық кездесу өткізбек. Қисын қайда? Бас командамыз Қырғызстанмен Бішкекте табиғи алаңда ойнаймыз. Ал Польшаны «Астана-Аренаның» жасанды алаңында қабылдаймыз. Қисын қайда? Қазақстан футбол федерациясының ақылға сыймайтын шешімдері қашан тоқтар екен?

Польша қайда, Қырғызстан қайда?..

Иә, келісеміз кез-келген ресми ойынның қарсаңында дайындық ретінде жолдастық матч өткізген дұрыс-ақ. Бірақ Польша қайда, Қырғызстан қайда? Пандар ФИФА рейтингінде 16-орында. Биыл Францияда өткен Еуропа чемпионатында ширек финалға дейін жетіп, тек чемпион Португалиядан ғана жеңілген. Оның үстіне, пенальтиден ғана. Румыния, Дания, Монтенегро, Армениясы бар біздің топтың басты фавориттерінің бірі. Сондықтан, Польшамен болатын матчтың қарсаңында әлем футболында небәрі 105-орында тұрған Қырғызстанмен емес, кемінде Швецария, Болгария, Словения, Словакия сынды құрамалармен жолдастық кездесу өткізсек, әлдеқайда қисынды болар еді. Ал Қырғызстанның ойынын айтпағанның өзінде географиялық жағдайының өзі Польшамен мүлдем кереғар ғой.

Жазсақ жазғырғандай боламыз, бірақ 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасына жеребе өткен жылдың шілдесінде тартылып қойған. Сәл кейінірек Польшаны 4 қыркүйек күні өз жерімізде қабылдайтынымыз белгілі болды. Соның барлығын бле тұра осы жылдың қаңтар айында Қырғызстанмен жолдастық кездесу өткізу туралы келісімшартқа қол қойғанына еріксіз бас шайқайсың.


Бұл кезде басты ұран "Бәрі де ұлттық құрама үшін" еді 

Табиғи алаңнан жасанды алаңға...

Мейлі, мойынсұндық. Польшамен болатын маңызды матчтың қарсаңында Қырғызстанмен ойнауға келістік. Ертең, яғни тамыздың 30 күні Бішкектің Долон Өмурзаков атындағы «Спартак» стадионында Қырғызстан – Қазақстан жолдастық кездесуі өтеді. Стадионның алаңы табиғи шөп. Ал араға бес күн салып, 4 қыркүйек күні Польшамен елордамыздың «Астана-Аренасында» кездесеміз. Стадионның алаңы жасанды шөп. Яғни, футболшыларымыз апта болмай жатып табиғи алаңнан жасанды алаңға көшпек. Қисын қайда? Әлде Қазақстан футбол федерациясы бар жағдайды қарсылас үшін жасап жатыр ма? Мүмкін, «қинамай-ақ өлтірейін» деген шығар. Тіпті, болмағанда қырғыздарды "Астана-Аренаға" шақыруға шамамыз жетпеді ме?

Неге Польшаны Алматының Орталық стадионында қабылдамадық? Ол жақта, шыны керек, жанкүйерлер де жанкешті, әрі табиғаты жағынан Бішкекке ұқсас. Сондай-ақ, Алатаудың баурайында орналасқандықтан Алматыға келген командалардың барлығы да бұл жақта доп тебудің қаншалықты қиын екендігін айтып жатады. Дегенмен біз қонақжай халықпыз ғой, бар жағдайды меймандар үшін жасаймыз.


"Ұлттық құрама мүддесі" үшін деп Абраевты да қызметінен кетірген

Көзбояушылық емей немене?

Осы орайда ҚФФ Президентінің «бәрі де ұлттық құрама үшін» деген сөздері еске түседі. Ұлттық құрама үшін деп маусым айында Қытаймен жолдастық кездесу ұйымдастырды. Ұлттық құрама үшін деп Кәсіпқой футбол лигасының президенті Олжас Абраевті тақтан тайдырды. 

Бірақ мына жағдайдан кейін сол кездегінің барлығы көзбояушылық сияқты көрінеді екен. Әйтпесе, ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов Қазақстанға қарсылас ретінде Қырғызстанды емес, Еуропаның әлеуетті басқа командасын тауып берер еді. Мейлі қырғыздармен ойнағанның өзінде Польшаны «Астана-Аренада» емес, Алматыда қабылдауға шешім қабылдар еді. Ендеше Қожағапановтың «бәрі де ұлттық құрама үшін» дегені көзбояушылық емей немене? «Ұлттық құрама мүддесі үшін» деп ұрандап жүрген Қожағапановымыз қайда?          

Сонымен, Қазақстан - Польша кездесуі 4 қыркүйек күні "Астана-Арена" стадионында өтеді. Билеттер сатылымға шығып та қойды. 500 бен 25 мың теңге аралығында. Жақсы орындарға билеттерді 2500 теңгеге сатып ала аласыз. 

Ойынға келіңіз, Талғат Байсуфинов бастаған Қазақстан ұлттық құрамасына бірге қолдау көрсетейік!

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика