Вернуться к списку статей

Бірінші лига – “Қайсарды” биыл бірінші рет сүріндірген “Алтай” болды

Футбол
2K
Футболдан Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында екінші кезеңнің ойындары басталып, бүгін ХІХ турдың ойындары өтті. Көш басындағы «Қайсар» биылғы маусымда бірінші рет ұтылды.

Бірінші топта да еліміздің премьер-лигасындағыдай екінші кезеңде командалар екі топқа бөлінген. Бірінші топта үздік алтылық келесі жылы премьер-лигада ойнау құқығын сарапқа салады. Ал қалған төрт ұжым 7-10 орындарды сарапқа салады.

Бүгін осы екінші кезеңнің ойындары басталды. Семейде «Алтай» мен «Қайсар» кездесіп, көрермендерді қызыққа бөледі. Ойын шектен тыс шеленісті өтті. Ол түсінікті де.

Чемпионат басында тоғыз ұпайынан айырылған «Алтайға» бірінші немесе екінші орынға көтерілу үшін енді ұтылмау керек. Ал көш басындағы «Қайсар» өкшесін басқан бәсекелестерінен ұзай түскенді қалайды.

Тартысты өткен ойынның екінші таймы басталғанда «Алтай» есеп ашып, алға шықты. Содан соң жеңісті уыстарынан шығарып алмауға, тіпті уақыт созуға тырысты.

Бұл, әрине, «Қайсар» ойыншыларына ұнамады. Матч соңында төреші қонақтардың үш бірдей ойыншысын, 85 минутта Кейлерді, 90+3 минутта Керімжановты, 90+4 минутта Нарзілдаевты алаңнан қуды.

Осылай бүгінгі ойынды сегіз ойыншымен аяқтаған «Қайсар» маусым басынан бері бірінші рет ұтылды. Ал «Алтай» көшбасшыларға мейілінше жақындай түсті.

Бірінші лиганың көшбасшылары арасындағы бәсекелестікті Петропавлдағы ойын да қыздыра түсті. «Қайсардың» Семейде сүрінгенін «Қызыл-Жар» пайдалана алмады. Егер бүгін үш ұпай олжалағанда, «Алтайға» жеткізбей, Сыр өңірінің үздік командасымен арадағы ұпай айырмасын қысқартар еді.

Бірақ «Қызыл-Жар» да сүрінді. Әрі өз алаңында. «Каспий» командасына есе жіберіп алды. Ал Екібастұздағы ойын тең аяқталды. Бұл ойында тіпті есеп ашылған да жоқ.  

Ал 7-10 орындарды сарапқа салып жатқан командалар арасындағы екі ойында тек қонақтар жеңіске жетті. Әрі алаң иелері гол соға алмай ұтылды.         

1-6 орындар:

«Алтай» (ШҚО) – «Қайсар» (Қызылорда) – 1:0

Гол: Карпович, 47.

«Қызыл-Жар» (Петропавл) – «Каспий» (Ақтау) – 0:1

Гол: Қабылан, 40.

«Екібастұз» (Екібастұз) – «Мақтаарал» (Атакент, ОҚО) – 0:0

7-10 орындар:

«Бәйтерек» (Астана) – «Шахтер-Болат» (Теміртау) – 0:3

Голдар: Васильев, 20. Щербаков, 30. Щербаков, 54.

«Байқоңыр» (Қызылорда) – «Қыран» (Шымкент) – 0:2

Голдар: Мырза, 3. Азаматов, 49.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика