«Ордабасы» – «Қайрат» – 2:1
Голдар: Гейнрих, 47 (1:0). Қуат, 55 (1:1). Марцваладзе, 64 (2:1).
«Ордабасы»: Бекбаев, Адырбеков, Абдулин, Трайкович, Симчевич, Диакате, Чатто (Касалица, 73), Әшірбеков (Бейсенов, 73), Гейнрих (Гогуа, 82), Марцваладзе, Тұңғышбаев.
«Қайрат»: Плотников, Дайыров (Дарабаев, 58), Ампоста, Маркович, Сүйімбаев, Тимощук (Асеведо, 90), Қуат, Исаэль, Исламхан, Аршавин (Тавамба, 62), Гоу.
Бұл турдағы ең қызықты ойын Шымкентте өтті. «Ордабасы» өз алаңында «Қайратты» екінші рет тізе бүктірді. Ел біріншілігінің алғашқы кезеңіндегі бірінші айналымда 1:0 есебімен жеңіске жеткенді. Ал Алатау баурайында өткен матча 2:2 есебімен тең түскен.
Сөйтіп, биыл «Қайраттың» азуы «Ордабасы» командасына батпай тұр. Үш ойынның екеуінде ұтылып, бір рет тең түсті. Басқаша айтқанда, бір-ақ ұпай еншілеп, сегіз ұпайдан қағылды...
«Қайраттың» бас бапкері мен жанкүйерлерінің өзектерін өртегені, ХХV турдағы ойында екі гол да өз қателіктерінен кейін соғылды. Әсіресе қақпашысы қапы қалып, жігерлері құм болды.
«Ордабасы» қорғаушылары да өз қақпаларына соғылған жалқы голды жаза басып, жіберіп алды. Бірақ бұл ойында қақпашылары Алмат Бекбаев шеберлік танытып, сенімді ақтады. Алматы клубының бірнеше соққыларын тойтарды.
«Ақжайық» – «Тараз» – 2:0
Голдар: Дудченко, 55. Лечич, 80.
«Ақжайық»: Төлебаев, Омаров, Сапанов, Одибе, Әбдірахманов, Говедарица, Ортиз (Розыбакиев, 90+3), Сергиенко, Валиуллин, Дудченко (Шурыгин, 73), Лечич (Рубио, 89).
«Тараз»: Григоренко, Киров (Таубай, 57), Воротников, Мера, Данилюк, Григорьев (Пищур, 72), Яковлев (Алиев, 58), Сүлей, Эргашев, Тәжімбетов, Мане.
«Қайраттың» «Ордабасыға» қайраты жетпей жүрсе, «Тараздың» «Ақжайыққа» шамасы жетер емес. Биылғы ел чемпионытында үшінші рет кездесіп, үшеуінде ұтылды (0:1, 1:2 және 0:2). Басты бәсекелесіне есесі кетіп-ақ жүр. Екеуара матчтағы тоғыз ұпайды толықтай өз қоржынына салған «Ақжайық» осылай «Таразды» қуып жетуге айналды.
Айтпақшы, Вахид Масудов келгелі Орал командасы түлеп сала берді. Міне, үй демей, түз демей, үшінші рет қатарынан жеңіске жетіп отыр. Ал «Тараз» болса, соңғы үш ойынның екеуінде басты бәсекелестерінен ұтылып қалды. Әуелі Қарағандыда, енді міне – Жайық жағасында.
«Тобыл» – «Шахтер» – 2:0
Голдар: Хижниченко, 66. Хижниченко, 72.
«Тобыл»: Логиновский, Гурман, Кассай, Яворский, Главина, Мухутдинов, Жулпа, Деак (Досмағамбетов, 89), Джалилов (Жұмасқалиев, 46), Асильдаров (Шимкович, 46), Хижниченко.
«Шахтер»: Шацкий, Скорых, Горячий, Садовничий, Пикалкин (Тәттібаев, 59), Дубков, Ветров, Байжанов, Уббинк, Зошак, Симоновски.
Алғашқы алтылықа іліге алмай, ел біріншілігінің екінші кезеңін тым солбыр бастаған «Тобыл» бұл жолы жеңіске жетті. Бірақ бірінші таймда көңілге қонымды ойын үлгісін көрсете алмады.
Екінші таймда «Тобылдың» бас бапкері ойын өрнегін үйлестіре алатын жанкешті екі футболшысын шығарды. Шынымен де, Жұмасқалиев пен Шимкович шыққан соң, қостанайлықтар дода көрігін қыздырды.
Екі голды да ұлттық құрама сапына шақыртылған Хижниченко соғып, айдарынан жел есті. Әйтпесе, оның голды жиі соқпайтындығы жайлы айтушылар көбейіп кетіп еді...
«Атырау» – «Жетісу» – 3:3
Голдар: Аржанов, 12 (1:0). Трытко, 52 (2:0). Джерманович, 64 (2:1). Аржанов, 72 (3:1). Джалович, 86 (3:2). Бегларян, 89 (3:3).
«Атырау»: Нарзикулов, Чуреев, Мулдаров, Ламанж, Эсатов, Коробкин, Эссаме, Сапаров (Федин, 46), Куртеян (Жагоров, 88), Трытко (Маров 79), Аржанов.
«Жетісу»: Шабанов, Әділханов, Клайн, Вага, Әмірсейітов, Джалович, Сағындыков (Жаңғылышбай, 76), Азовский (Джерманович 46), Шайыхов, Боровский (Калинин 63), Бегларян.
«Атырау» да алғашқы алтылыққа іліге алмай қалып, ынта-құлшынысынан айырылып қалғандай. Екінші кезең басталғалы екі рет тең түсіп, бір ойында ұтылды. Ал бұл жолы уысындағы жеңістен айырылып қалды.
Әуелі екі доп айырмасымен ұтып жатып, одан кейін тағы да алға шығып, ойының соңғы минуттарында жаза басты. Ал жетісулықтар ойынның басында қарсыласына төтеп бере алмай, біраз қиналса да, матч соңында жанкештілік танытып, есепті теңестіріп кетті.
Ел чемпионатының төменгі бөлігінде әрбір ұпайдың бағазы зор және маңызды екендігін ескерсек, Талдықорған клубының түзден бір ұпай олжалауы – тәп-тәуір көрсеткіш.
«Ақтөбе» – «Ертіс» – 1:0
Гол: Бочаров, 62.
«Ақтөбе»: Отарбаев, Қайыров, Куаджа, Сорокин, Ситдиков, Шестаков, Цвейба, Давлатов (Жалмұқан 75), Кәкімов (Крюков, 76), Бочаров, Щеткин.
«Ертіс»: Лория, Есімов, Фрейдгеймас, Керла, Дәуітов, Йирсак (Аяғанов, 78), Алиев, Гетериев (Мұртазаев, 46), Фонсека, Фернандес (Фаль, 82), Ли.
«Ертістің» салы суға кетті. Екінші кезең басталғалы үш рет ұтылды. Жеңіске жетпек түгілі, бір гол да соға алар емес. Соңғы үш ойында өз қақпасына алты доп жіберіп алды. Өздері бірде-бір гол соға алмай, діңкелері құрып жүр.
Осы ойыннан кейін «Ертістің» бас бапкері Димитар Димитров бір деректі айтып салды. Бұл ойынға Шымкент қаласының төрешісі қазылық еткен болатын.
Болгария маманы осыған таң қалады. Себебі «Ордабасы» да – үшінші орыннан дәмелі команда. Яғни басты бәсекелестері. «Басқа қаладан төреші табылмады ма» деген тұрғыда өкпе-назын айтып таусылды, Димитар Димитров...
«Оқжетпес» – «Астана»
Бұл матч «Астана» клубының Еуропа лигасының плей-офф сатысында кезекті ойынын өткізуге байланысты кейінге шегерілді.