– Марин, БАТЭ-мен ойынға дайындықтарыңыз қалай?
– Бірінші матчта 2:0 есебімен ұтқаннан кейін ел чемпионатында «Ордабасыны» да дәл осындай нәтижемен жеңдік. Қазір бізде футболшылардың барлығы сапта. Капитанымыз Таңат Нөсербаев те арамызда жүр. Сондықтан, біз бұл ойынға тас-түйін дайынбыз. Дегенмен, 2:0 – өте қауіпті есеп. Қорғаныста сақ ойнағанымыз абзал.
– Сонда Борисовте жеңіліп те қалуымыз мүмкін бе?
– Біз алаңға тек жеңіс үшін шығамыз. Дегенмен, БАТЭ де оңай шағылар жаңғақ емес қой. Деңгейі «Селтиктен» еш кем емес. Ойындарынан-ақ көрініп тұр, Еурокубокта ойнап, әбден ысылған. Оның үстіне, оларға бүгін жанкүйерлері барынша қолдау көрсетеді.
– «Астана-Аренада» еш қиындықсыз ұттық. Олардың ойындары жайлы қандай әсерде қалдыңыз?
– Өздеріңіз де көрдіңіздер ғой, гол соға алмай біраз жүрдік. Тек екінші таймда ғана қатарынан екі сәтті шабуыл ұйымдастырдық. Оның үстіне, үзіліс кезінде бас бапкеріміз шабуылда ширағырақ ойнауымызды сұрады. Жалпы, белорустардың ойыны қалыптасқан, Еуропа футболына ыңғайластырылған екен. Допты көп ұстамайды, жылдам пас беріп, дереу шабуыл ұйымдастыруға тырысады. Бірақ, шыны керек, бізге қарсы ешнәрсе істей алмады.
– Сол ойында екеуден артық гол соғатын мүмкіндіктеріңіз болды. Таблодағы көрсеткішке көңілдеріңіз толды ма?
– Рас айтасыз, тағы екі-үш гол соғатын мүмкіндігіміз бар еді. БАТЭ біздің көсіле шабуымызға мүмкіндік беріп, жағдай жасады. Бірақ қажетімізге жарата алмадық. Дегенмен, сол кездесудің алдында біреу бізге «сендер 2:0 есебімен ұтасыңдар» деп сәуегейлік жасап берсе, қуана келісер едік. Ең бастысы, өзіміз екі гол соғып, қақпамызға доп өткізген жоқпыз. Енді Борисовта осы нәтижені күшейтуіміз керек.
– Ал қай ойыншыларын атап өтер едіңіз? БАТЭ сапында кімнің ойыны ұнады?
– Шабуылшылары мықты. Рас, бірінші ойында бізге қарсы ешнәрсе істей алмады. Дегенмен, ойындарының бейнеқайталауларын қарап, сараптадық қой. Шабуылшысы, әрі капитаны Виталий Родионовтан қауіптену керек екен. Қателеспесем, БАТЭ-нің үздік сұрмергені.
– Ал жартылай қорғаушысы, басты лидерлерінің бірі Александр Глеб жайлы не айтасың?
– Оның бірінші таймның ортасында жарақат алып, алаңнан шығып кеткені жақсы болды. Әйтпесе, алғашқы жиырма минутта әбден қанымызды ішті. Тәжірибелі ойыншы екені көрініп тұр. Шабуылды әдемі бастап, әдемі өрбітеді екен. БАТЭ-нің де ойыны соған байланып қалған. Глеб кетісімен белорустардың ойынынан әр кетті. Жарақаты ауыр болған сияқты. Бүгін де алаңға шыға алмауы мүмкін. Бұл біз үшін жақсы.
– Сіз сол ойында Сергей Малыймен бірге орталық қорғаныста жұп құрадыңыз. Әшейінде екеуңізді жиі көре бермейміз. Ыңғайсыз болған жоқ па?
– Сергей Малый сол матчта жап-жақсы ойнады. Ең бастысы, қақпамызға доп өткізген жоқпыз. Рас, соңғы кездері орталық қорғаныста көбінесе Юрий Логвиненко немесе Игорь Шитовпен жұп құрап жүрмін. Бірақ маған кіммен болса да, бәрібір. «Астанада» мықты қорғаушылар жиналған.
– Енді Борисовтегі ойыннан не күтуге болады?
– Біздің қазіргі мақсатымыз – Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығу. Өз мүмкіндігімізді күтеміз. Жылдам гол соғып алсақ, тіптен жақсы. БАТЭ – мықты команда, бірақ алынбас қамал емес.
Естеріңізге сала кетейік, БАТЭ - "Астана" кездесуі бүгін тамыздың 25-інен 26-сына ауған түні сағат 00:00-де басталады. Ойынды "Қазақстан" ұлттық арнасы тікелей эфирден көрсетеді.