Негізі, Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Какау Бангкокқа 16 ойыншы әкеткен. Ал Таиланд астанасындағы халықаралық турнирде әрбір ойынға 14 ойыншы тіркеуге болады. Сондықтан кеше Илья Мун мен Антон Рындин матч хаттамасына енгізілген жоқ болатын. Ал бүгін Арнольд Кнауб пен Антон Рындин ойынды көрермендер арасында тамашалады.
Бұл ойында біздің футзалшылар басымдық танытып, Жапония құрамасын күйрете жеңді. Бірінші гол 49-секунда соғылды. Үзіліске дейін «Күншығыс елінің» футзалшылары өз қақпаларынан тағы да үш рет доп қармады.
Екінші таймда бапкерлер құрамы қосалқы құрам орындығында отырған жігіттерімізге мүмкіндік берді. Алаңға солар көбірек шығып ойнады. Ал қақпаны Григорий Шамро қорғады.
Әйтсе де, біздің футзалшылар қарқындарын бәсеңдетпей, тағы да бес гол соқты. Ойынның екінші жартысы басталған соң, шамамен екі минуттан кейін құйындай орап соқты. Төрт минутың ішінде төрт гол соғып, қарсыластарын сең соққандай күйге түсірді.
Содан соң біраз тізгіндерін тартып, басқа да ойын тактикаларын жетілдіруді ойластырды. Әйтсе де, ойынның аяғына қарай тағы бір гол соғып, қорғаныста сауатты ойнап, ірі жеңіске қол жеткізді.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы Таиландтағы халықаралық турнирге күзде Колумбияда өтетін ХІІІ әлем чемпионаты дайындығын пысықтау мақсатында қатысып жатыр.
Қазақстан – Жапония – 9:0
Голдар: Эвертон, 1. Сүлейменов, 8. Таку, 18. Лео, 18. Дуглас, 22. Эвертон, 23. Довгань, 26. Першин, 26. Пенгрин, 35.
Жапония: Иванага, Сака – Йонеда, Обата, Минамото, Уематсу, Шимизу (к), Ито, Удагава, Вакияма, Нибуя, Ямагири, Матсубара, Ямада.
Қазақстан: Игита, Шамро – Лео, Нұрғожин, Дуглас, Эвертон, Жаманқұлов, Сүлейменов (к), Довгань, Мун, Гребонос, Пенгрин, Першин, Таку
Төрешілер: Сасиватваниш, Тонгхам (екеуі де – Таиланд).