Вернуться к списку статей

Қазақ футболының әйгілі ардагерлері халықаралық додада топ жарды

Футбол
1K
Қазақстан ардагерлері Қырғызстанда теңдессіз танылды. Фото: kff.kz
Жақында Қырғызстанда «Шекарасыз футбол» айдарымен халықаралық турнир өтіп, онда қазақ футболының әйгілі ардагерлері топ жарды.

Қырғызстандағы Ыстық-көл облысының Қара-ой ауылында ардагерлер арасында халықаралық турнир өткен болатын. Оған сегіз команда қатысыпты. Тең жартысы – біздің елден, қалған төртеуі – Қырғызстаннан.

Финалда Қазақстан ардагерлер құрамасы «Дантист» (Тараз) клубымен кездесіп, басым түсті. Жалпы, бұл ойынның негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталған екен. Сондықтан жеңімпаз пенальти арқылы анықталып, онда Сейілдә Байшақов бастаған еліміздің ардагерлер арасындағы құрамасы 3:1 есебімен үстем түскен.

Қазақстан ардагерлер құрамасының намысын қорғағандар: Жұмабек Сәрсенбаев, Сейілда Байшақов, Сергей Жуненко, Сергей Пасько, Қайрат Сәрсеков, Дмитрий Огай, Сергей Волгин, Қасымжан Мәдиев, Сергей Савин, Тілеухан Тұрмағамбетов, Болат Есмағамбетов, Ерғали Халықов.

Әрі үнемі шабуыл өтінде ойқастаған Ерғали Халықов қырғыз жеріндегі халықаралық турнирдің ең үздік ойыншысы атанған.

Бір қызығы, үшінші орынды да қазақстандық командалар сарапқа салған. Атап айтқанда, «Тимуровец» (Алматы) командасы «Достар» (Қордай) ардагерлерін 4:3 есебімен ұтқан.

Бұдан кейінгі орындарға қырғызстандық «Қара-Балта», «Иссык-Куль», Талас қаласының және Талас облысының командалары орналасқан.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика