Ел чемпионатының екінші кезеңінің Ақтөбеде өткен матчында сегіз гол соғылды. Оның екеуі – пенальтиден. Бір қызығы, 11-метрлік айып соққысының екеуі де алаң иелерінің қақпасына берілді.
Бүгін – Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапановтың туған күні. Кездейсоқтық болар, әйтеуір Ақтөбедегі ойында екі қақпаға доп “қарша борады”. Екі команда алма-кезек алға шығып, жанкүйерлердің дегбірін алды. Екінші таймның аяғында тіпті бірлі-жарым көрермендер алаңға жүгіріп шығып кетті де...
Ал ойын туралы айтар болсақ, алғашқы алтылыққа әзер іліккен «Ақтөбе» “жанкештілік танытты” деуге болады. Ал «Ордабасы» командасының ойын өрнегі әлі үйлесе қоймағандай.
Жүлдеге қол жеткізуді мақсат тұтып жүрген команда өз қақпасынан төрт рет доп қармады. Қорғанысы сыр беріп, қорғаушылары алаң иелерінің шабуылшыларынан көз жазып қалып отырды.
Ал қақпашысы... Бірінші гол соғылғанда қорғаушылары қателесті дейік. Жарайды, төртінші голды да қорғаныс шебіндегі футболшылардың бейберекетсіздігіне сілтейік.
Ал екінші гол ше? Асланбек Кәкімов соншалықты қатты тепкен де жоқ... Үшінші гол туралы айтудың өзі қисынсыздау екен. Оң қанаттан, сүйір бұрыштан тепкен допты сол жағынан жіберіп алу... өрескел қателік сияқты. Қалай десек те, жүлдеге лайық команда бұлай ойнамауы керек секілді.
Айтпақшы, «Ордабасы» командасының бас бапкері Бақтияр Байсейітов осы матчтың алдында отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында «Смақовты алдық, менің ойымша Марцваладзе, Гогуа, Мұхтаров та жақсы ойнайтын болады. Енді маған, ең бастысы – кімдерді алаңға шығарудан қателеспеу» деген екен.
Бүгін Шымкент клубы үш ұпай еншілей алмады. Жеңісті уыстарынан шығарып та алды. Бір емес, төрт гол жіберіп алды. Гогуа мен Мұхтаровты алмастырды. Сонда қателескені ме?!
«Ақтөбе» – «Ордабасы» – 4:4
Голдар: Марцваладзе, 16 (0:1). Щеткин, 39 (1:1). Кәкімов, 45+1 (2:1). Гейнрих, 57-пенальтиден (2:2). Гейнрих, 77-пенальтиден (2:3). Крюков, 84 (3:3). Щеткин, 88 (4:3). Гейнрих, 90+5 (4:4).
«Ақтөбе»: Отарбаев, Сорокин, Ситдиков, Жұмағали, Крюков, Митошевич (Цвейба, 66), Шестаков, Бойчук (Әбдукәрімов, 46), Кәкімов (Жалмұқан, 46), Бочаров, Щеткин.
«Ордабасы»: Бойченко, Қожабаев, Мұхтаров (Абдулин, 53), Төлебек, Смаков, Симчевич, Диакате, Әшірбеков (Чатто, 46), Гогуа (Тұңғышбаев, 53), Гейнрих, Марцваладзе.