Вернуться к списку статей

“Селтиктен” есесін қайтармағаны үшін “Шахтер” “Астананы” жүндей түтті

Футбол
2K
«Шахтер» – «Астана» – 2:0. Фото: shahter.kz
Қазақстан премьер-лигасында ХХІІ-турдың кейінге шегерілген бір ойыны өтіп, «Шахтер» өз алаңында «Астананы» тізе бүктірді. Есеп – 2:0.

Негізі, ХХІІ-турдың ойындары 24 шілде күні өткен болатын. Бірақ «Астана» Чемпиондар лигасының үшінші електік сатысында Шотландия чемпионы «Селтикпен» кездесетін болып, кеншілер командасына бұл кедесуді сәл кейінірек өткізу жөнінде өтініш білдірген. «Шахтер» қарсы болған жоқ-тын.

Осылай үш жақты келісім бойынша (үшінші тарап – еліміздің Кәсіпқой футбол лигасы) бұл кездесу 7 тамызға шегерілген еді. Осы ретте естеріңізге сала кетейік, «Шахтердің» де Чемпиондар лигасында «Селтикпен» жолы түйісіп, 2013 жылы Шотландия чемпионына есе жіберіп алған болатын.

Бір қызығы, 2013 жылы да, биыл да «Астана-Арена» стадионында екі гол соғылды. «Шахтер» «Селтикті» 2:0 есебімен ұтса, «Астана» 1:1 есебімен тең түсті. Сондай-ақ екі қарымта матчта да «Селтик Парк» стадионында үш голдан соғылды. Кеншілер командасы 0:3, ал астаналықтар 1:2 есебімен ұтылып, екеуі де Чемпиондар лигасынан тыс қалды...

Сөйтіп, «Селтикке» азулары батпай, түзде сүрінген «Шахтер» мен «Астана» бүгін Қарағандыда додаға түсті. Елорда клубы Қазақстан премьер-лигасында көш бастап келе жатса, кеншілер командасы аутсайдерлер арасында бірініш лигаға түсіп қалмау үшін жанталасып жүр.

Бірақ бұл ойында бәрі де керісінше болғандай. «Астана» көшбасшыға тән ойын үлгісін көрсете алмады. Ал «Шахтер» көсіле шапты. Бәлкім, елорда клубының ойыншылары Чемпиондар лигасындағы шектен тыс тартысты кездесулерде титықтап, шаршаған да болар.

Бірден айтайық, «Астананың» бас бапкері С.Стойлов матч басында негізгі құрамдағы кейбір футболшыларын алаңға шығармады. Онысы түсінікті, енді Еуропа лигасының топтық кезеңіне ілігу керек, белді ойыншыларын тынықтырып алғаны да жөн. Әрі қайсыбіреуінің кішігірім жарақаттары да болған сияқты.

Қалай десек те, Қарағанды төріндегі матчта Максимович, Кабананга, Аничич, Ибраими, Шитов, тіпті Энгель сынды ойыншылар жасыл алаңға шыққан жоқ. Бірақ Беларусь қорғаушысынан басқасы қосалқы құрам орындығында отырды.

«Астана» қарсыласының да ойнауына, шабуылдауына мүмкіндік беріп отыратын әдетіне салып, аспай-саспай жүрді. Емін-еркін ойнады. Әрі әдеттегідей өз мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алып, ойын аяғына дейін гол соғатындай бейқам жүрген...

Екінші таймның басында тәжірибелі Василевич баспен гол соғу білетініндігінен әлі жаңылмағандығын көрсетіп, «Астананың» қорғаушылары мен қақпашысын қапы қалдырып, сан соқтырып кетті. Олар ойламаған жерде серпіле секіріп, теңбіл допты қақпаға дәл түсірді.

Осыдан кейін «Астананың» бас бапкері алаңға Кабананга мен Максимовичті шығарды. Бірақ олар да алаң иелерінің ойыншыларының аптықтарын баса алмады. "Шахтер" айылын тартпады. 

Негізі, «Астана» бір гол соғып, есепті теңестірген еді. Бірақ оны төрешілер оффсайд болды деп, есепке алмады. Ал ойын аяғында Горячий допты қиғаш теуіп, Эричті екінші рет қапы қалдырды. Бұл гол осы ойынның нүктесі іспетті болды.

Осылай, «Селтиктен» «Шахтердің» есесін қайтара алмаған «Астана» кеншілер командасынан да ұтылды. Бәлкім, бұл кездейсоқтық емес те шығар. «Шахтер» мен тағдыр «Астананың» үйдегі және түздегі ойындарда жіберген қателіктерін кешіре алмаған секілді...

«Шахтер» – «Астана» – 2:0              

Голдар: Василевич, 62. Горячий, 87.

«Шахтер»: Шацкий, Скорых, Садовничий, Василевич, Пикалкин, Габышев (Горячий, 73), Сзоке, Зошак, Байжанов (Сиречин, 87), Уббинк (Тарасов, 67), Симоновски.

«Астана»: Эрич, Бейсебеков, Логвиненко, Малый (Максимович, 67), Шомко, Каньяс, Тағыберген, Мұжықов, Твумаси, Нұрғалиев, Деспотович (Кабананга, 65).

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика